Энергетика • 10 Қазан, 2023

«Көкөзек» – көптен күткен маңызды жоба

255 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Апта соңында Алматы облысында өңір экономикасын дамытатын аса маңызды энергетикалық нысан – «Көкөзек» қосалқы стансасының (ҚС-110/10-10кВ) құрылысы аяқта­лып, пайдалануға берілді.

«Көкөзек» – көптен күткен маңызды жоба

«Көкөзек» қосалқы стансасының құрылысы «Алатау Жарық Компа­ниясы» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ электр энергетикалық холдингінің құры­лымындағы компанияның қара­жаты есебінен жүзеге асырыл­ған. Жоба­ның құны – 2,73 млрд теңге.

 Бұл жоба Қарасай ауданында бос қуат тапшылығы бар индустриялық аймақты электр энергиясымен қамта­масыз етеді. Сонымен қатар жаңа қосалқы станса шағын және орта бизнес субъектілерін сенімді әрі тұрақ­ты түре электрмен жабдықтауға мүм­кіндік береді деген сенім мол. 

Алматымен іргелес жатқан Қара­сай ауданында 110/10 кВ «Көкөзек» қосалқы стансасын салу қажеттілігі бірқатар фактордан туындаған. Аталған өңірде қосымша қуаттарды берудің шектеулі мүмкіндігі мәселесі өңірдің өнеркәсіптік әлеуетінің дамуын тежеумен қатар, өңірдегі қосалқы стансалардың жоғары, максималды жүктемесі электр жабдықтарының жиі апатты істен шығуына және тұты­нушыларды, соның ішінде білім беру және денсаулық сақтау нысандарын электр қуатымен жабдықтаудағы үзі­­лістерге алып келді. Қосымша стан­­­саның іске қосылуы аталған проб­­­ле­малардың түйінін тарқататын болады.

Нысанның ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Марат Сұл­танғазиев, «Самұрық-Қазына» АҚ  Стратегия және активтерді бас­қа­ру жөніндегі басқарушы директоры Ернат Бердіғұлов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов және «Самұрық-Энерго» АҚ Өндіріс және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Руслан Тұрғамбаев, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Абай Асылов қа­тысып, Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес индустриалдық аймақ­ты электр энергиясымен жеткі­лікті мөлшерде қамтамасыз ету жобалары мұнымен шектелмей, жалғасын табатындығын тілге тиек етті.

«Қарасай ауданында орналасқан көптеген кәсіпорынның облысы­мыз­дың экономикалық дамуына қо­сатын үлесі мол. Қосымша қуат­тар­дың берілмеуі – ауданның өнер­кә­сіптік әлеуетінің дамуын тежеп келді. Мұнда жаңа жобаларды іске асыру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту, олардың өндірістік қуатын арттыру мүмкіндігі шектелген болатын. «Көкөзек» қо­салқы стансасын салу арқылы аталған мәселелерді шешіп отырмыз.

Әрқайсысы 63 мегавольтампер болатын 2 трансформаторы бар жаңа қосалқы стансаны пайдалануға беру трансформаторлық қуаттың же­тіс­пеушілігі проблемасын жойып қана қоймай, шағын және орта бизнес субъектілерін тұрақты электр қуа­ты­мен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бұл аймақта әлеу­меттік-мәдени маңызы бар объек­тілерді салу мүмкіндігін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуы­на ықпал ететін болады. Осы игі­лік­ті істі атқарған әрбір азаматқа және нысан құрылысын мерзімінде аяқтаған «Asia Group Energy» ЖШС-на алғысымды білдіремін», деді өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев.

Сондай-ақ облыс әкімі «Көкөзек» қосалқы стансасы Қарасай ауданы үшін ғана емес, көршілес Іле, Жамбыл ауданының шаруашылықтары үшін тиімді болып отырғандығын, ке­лешек­те оларды да электр қуатымен жет­­­кілікті мөлшерде қамтамасыз ететі­н­­­дігін атап айтты. Алматы ай­нал­­­ма жолының ашылуы өңірде инвес­­­тициялық жобалардың тартым­ды­лығына оң әсерін тигізіп келеді. Осы себепті, қосалқы стансаның маңыз­дылығы облыстың әлеуметтік-эконо­микалық әлеуеті үшін орасан зор екендігін жеткізді.

Алматы облысында бүгінгі күні электр энергиясына деген сұра­ныс еселеп артуда. Оған Қонаев қа­ла­­сы­­ның өсуі мен «Gate City» қа­лашы­­ғының бой көтеруі, сондай-ақ «Шелек», «Жетіген», «Қазбек бек», «Қайрат» сынды 4 ірі индустриалдық аймақтардың құрылуы себеп.

«Мысалға айтсақ, былтырғы жы­лы 200 гектар жерге орналасқан «Қай­рат» индустриалдық аймағын аштық. Оның ішінде бүгінгі күн­ге бірде-бір орын қалмады. Көз­дел­ген 11 зауыт салынып, алғаш­қы­лары аз күнде жұмысын бастайды. Осы маңайда мың гектарды алып жатқан «Қазбек бек» индустриалдық аймағына бүгін­гі күнге электр қуаттылығы жетіс­пейді. Оны қамтамасыз ету үшін инвесторлар тарту көзделді», деген Ма­рат Елеусізұлы инфрақұрылым жақсарар болса, өңірде өндіріс саласы қарқынды дамитындығын алға тартты. 

«Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовтың айтуынша, жаңа қосалқы стансаның құрылысы 2021 жылы басталып, жұмыс жүргізу кестесіне сәйкес жүзеге асырылған. Енді өңір үшін өте маңызды энергетикалық нысан 346 шағын және орта бизнес субъек­тілерін, сондай-ақ аудандағы тұрғын үй секторының 1 362 тұтынушыларын сенімді әрі тұрақты түрде электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді.

«Қосалқы станса қосымша тұты­нушыларды қосу ықтималдығын қамта­масыз етуге мүмкіндік береді, осылайша, өндіріс пен бизнесті дамыту үшін ғана емес, тұрғындар үшін қа­жетті әлеуметтік нысандарды салу үшін де қолайлы жағдай жасайды. Мысалы, бүгінде Көкөзек және Ел­тай ауылдарында 1 500 баладан тұра­тын екі жайлы мектепті қосуға техни­калық жағдай жасалды»,  деп атап өтті «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы.

Компания сарапшыларының сөзінше, Алматы энергожүйесін да­мыту белгіленген қарқынмен жүріп жатыр. Инвестициялық бағдарла­маға сәйкес қолданыстағы электр желі­лерін жағырту және жаңа электр желілерін салу, сондай-ақ ескір­ген жаб­дықтарды ауыстыра отырып, қолда бар трансформаторлық қосалқы стансаларды реконструкциялау жөніндегі жұмыстар жүзеге асырылады. Осы жобаларды іске асыру желілердің өткізу қабілетін арттыруға, электр энергиясын беру кезіндегі техникалық шығындарды азайтуға, жаңа тұтынушылардың қосы­луын қамтамасы етуге және желі­дегі кернеу сапасын арттыруға мүм­кіндік береді.

 

Алматы облысы