Фото: Ашық дереккөз
– Көп ата-ана балаларының ірі додалардағы айқасын тамашалауға келгенде дегбірі қашатыны белгілі. «Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақым қысатын» елміз. Егіз қызыңыздың сыңары Жәмиланың жазғы Азия ойындарындағы белдесуін тамашаладаңыз ба?
– Бұрын қарайтынмын, кейінгі кезде әсіресе биыл Сербияда өткен әлем чемпионатынан кейін көрмейтін болдым. Анасы мен ұлым тікелей эфирден қалт жібермей тамашалайды. Ал мен қыздарым кілемге шығатын күні Алладан жәрдем, күш-қуат сұрап, мешітке барып дұға тілеп сыртта жүремін. Белдесуін соңыра ютубтан көрем. Қыркүйек айында Сербияның астанасы Белградта өткен әлем чемпионатының жартылай финалында моңғол қызына есе жіберді. Оны Жәмила бұған дейін үш рет айқын ұтқан болатын. Кейін өзі де айтты, сол белдесуде ол финалға шыққан АҚШ балуанын ойлап абдырады. Өйткені былтырғы әлем чемпионатының финалында америкалық балуанға есе жіберіп, күміс медальді місе тұтты. Есемді қайтсем де қайтарамын деп жүріп жартылай финалда моңғол қызымен күресте асығып та кетті.
– Жәмила Сербияда өткен әлем чемпионатында қола медаль олжалады. Арада екі апта өтер-өтпес уақытта Азия чемпионатының финалына жетті. Иығындағы жарақатынан құлан-таза айықпаған секілді.
– Иә, оң иығының жарақаты бар. Оның үстіне бұрын 72 келі салмақта күресті, Қытайдағы Азия ойындарына 76 келіде қатысты. Бұл олимпиадалық салмақ саналғандықтан мықтының бәрі осында. Финалдық белдесуін кейін қайталап та көрдім, жаңа салмақ дәрежесіне ауысқаны айқын байқалып тұрды. Мүмкін күші жетпей қалған шығар, әйтпесе жығатын зор мүмкіндігі болды.
– Ертеректе әлеуметтік желіде Жәмиланың сиыр сауып отырған бейнежазбасы тарады. Егіз қыздарыңызды үй шаруасына салатын сияқтысыз. Азияның үш дүркін чемпионы, дүние чемпионатының үш мәрте жүлдегерін «жұмсау» қиындық тудырмай ма?
– Ең бірінші Мадина мен Жәмила – менің қыздарым. Мейлі ол Олимпиаданы үш мәрте ұтсын, әлем чемпионатында он рет жеңіске жетсін, мен үшін балам ғана. Шынын айтқанда балаларымның спорттағы жетістігінен гөрі келешекте отбасының ұйытқысы болып, салиқалы ұрпақ өсіріп, елге тұлға болар азаматтар тәрбиелесе, мен үшін сол мақтаныш. Қыз қонақ қашанда. Ертең бұлар жат шаңырақтың босағасын аттап келін атанады. Сол кезде үйдің шаруасын істей білмесе өзіне сын емес пе? Анасының тәрбиесі солай, екеуі де бала күнінен үйдің тіршілігін атқарып өсті. Тіпті асау үйреткен жастайынан. 25 жылдай болды, жылқы өсіреміз. Жәмила да Мәдина да жеткіншек шағында бастықпаған асауды өздері ұстап үйретіп жуасытып алатын. Әрбір ата-ана қызды да, ұлды да ең алдымен адам етіп тәрбиелеуге тиіс деп санаймын. Спортшыға ең әуелі мінез керек. Әлихан Бөкейханов атамыз айтпақшы, «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» қашанда. Өзім де 17 жыл футбол ойнадым, 22 жыл Алматы қаласының олимпиадалық резервін даярлау мектебін басқардым. Сондықтан спорттың қандай ауыр жол екенін жете білемін. Қыздарымның да осы ауыр жолды таңдап, спортты серік етуі мінезінен деп санаймын.
– Жәмила олимпиадалық салмаққа ауысты.
– Иә, әзірге салмағы жетіңкіремейді. Оның үстіне 76 келі Олимпиада бағдарламасына енген салмақ болғандықтан дүниенің төрт тарабындағы мен деген мықтының бәрі бар. Солармен тайталаса жүріп келесі жылы өтетін Париж олимпиадасына қатысып, елімізді қуантуға бар күшті саламыз.