Оның ашылу салтанатында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтау сөз сөйлеп, өнер ордаларының Қызылжар топырағына қадам басқандарына ризашылығын білдіріп, фестивальде өнердің нағыз майталмандарының жеңіске қол жеткізуіне тілектестік білдірді. Сонымен қатар ол өздерінің үш театрының халықаралық сахналардағы жеңістерін елге таныстырып өтті. Араларынан Самал Есләмова сияқты Канн фестивалінің жеңімпазы шыққанын да әкім ауыз толтырып айтты. Сосын қазылар алқасының төрағасы, қазақ кино және театр өнерінің мэтрі, КСРО мен Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Еңбек Ері Асанәлі Әшімовті сахна төріне шақырды.
Жаңадан салынған қазақ театрының ғимаратында ине шаншар орын болмады. Хас өнерге шөліркеген солтүстікқазақстандықтар бүгінгі кешке тайлы-таяғымен тегіс келгендей. Жиналған халық сахнаға көтерілген әйгілі әртісті түрегеліп, қол соғып қарсы алды. Әкім өнер дүлдүлінің арқасына Қызылжар халқының атынан шапан жапты. «Фестиваль – өнер сүйер қауымға жасалып отырған сыйлық. Осындай фестивальдерде өнерпаздар да өзін өзгемен салыстырып, жақсысын бойына сіңіріп, өнерлерін ұштай түседі. Мен солтүстікқазақстандықтардың ыстық ықыласына риза болып тұрмын. Бұл өңірден әдебиет пен өнердің талай майталмандары шыққан. Халық әлі де өнерге құштар екені көрініп тұр», деді Асекең.
Қазанның 9-ы мен 15-сі аралығында өтетін фестивальде еліміздің театрларының 10 спектаклі көрсетілетін болады. Олар С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрында және Н.Погодин атындағы орыс драма театрының сахналарында қойылады. Олардың арасында М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінің желісінде Г.Мирғалиева қойған осы аттас спектакль, Э.Хэменгуэйдің Д.Жұмабай сахналаған «Шал мен теңіз» спектаклі бар.
Алғашқы күні А.Нүсіптің «Мағжан» атты драмасы қойылды. Бұл спектакльді сахналауға Италия өнерпаздары да қатысқан. Ол қазақ даласындағы аштық жылдарының зұлматын көрсеткен.
Қызылжар сахнасында қойылатын спектакльдерді Алматы, Астана, Түркістан, Ақтау, Талдықорған, Жезқазған, Қарағанды, Павлодар театрлары әзірлеген. Соңғы фестиваль Петропавлда 21 жыл бұрын болған еді. Былтыр ол Астана қаласында болып, оған 21 өнер ұжымы қатысты. Жалпы, Қазақстан театрларының фестивальдері 1992 жылдан бері өткізіліп келеді.