Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Фестивальда инновация бағытында соңғы технологиялық жетістіктер, жасанды интеллект, GPT сияқты өнертабыстар, нейрожелілердің өзгеруі секілді тақырыптар талқыланды. Сондай-ақ жаңа индустриялар, роботтар жəне еңбек нарығының болашағы қалай өзгеретіні де айтылды. Ғылыммен байланысты, жақын арада ашылатын құпиялар туралы сұрақтар жəне адамның миы мен санасын зерттеу барысы да қамтылды. Сонымен қатар кванттық компьютерлер, жерден тыс өмір мен өркениеттерге қатысты мəселелер талқыланды. Біліммен байланысты осы саладағы заманауи тəжірибелер, цифрлық дəуірде қандай дағдылар мен білімнің маңызды бола бастағаны сөз болды. Фестивальдың екінші күнінде де аталған тақырыптар ауқымды көлемде талқыланды. Сондай-ақ Nobel Fest ғылыми фестивалі аясында мұғалімдердің ашық ұлттық саммиті өткізілді.
Ғылымның дамуы технологиялық, инновациялық жетістіктерге жетуді жеделдетті. Ғылым – барлық саланы дамытушы әрі қозғаушы күш. Қазіргі ғылым әлемдегі, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде үлкен әлеуетке ие. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, қазір әлем үлкен ғылыми революцияның алдында тұр. Сондықтан Nobel Fest фестивалінің өткізілуі – еліміздің ғылымға бетбұрыс жасауы.
«Дүниежүзінде ғылымға, білімге деген көзқарас тағы да өзгерді. Үлкен ғылыми-технологиялық революцияның алдында тұрмыз. Өткен жылдың қараша айында қызық жаңалықтар шықты. Білім, технология, инновация саласында OpenAi деген кішкентай компания – ChatGPT, яғни жасанды интеллектінің төртінші буынын жасап шығарды. Генеративті жасанды интеллект, алгоритм дүниеге келді. Нарықта бірден үлкен бәсеке басталып кетті. Осы салада он жылдай жиналып қалған жетістіктердің нәтижесінде революция басталды. Үлкен алпауыт Google тәрізді, Microsoft тәрізді, Amazon тәрізді технологиялық компаниялар бір сәтте кіп-кішкентай компания біздің жасап жатқан үлкен жұмысымызды қалай төңкеріп тастады деген сұрақпен бас қатырды. Екінші қызық жаңалық АҚШ-тың энергетика министрі ұлттық зертхананың негізінде тұңғыш рет термоядролық реакцияның энергетикалық профицитті бір тұрақты реакцияны жүзеге асырылғанын хабарлады. Қысқасы, қазір энергетикалық революцияның ауылы жақындап келеді. Оның үстіне үлкен ғылым саласындағы ғылым моделінің реформасы басталып жатыр. Фестивальдың да маңызы осында», деді С.Нұрбек.
Қазақстан блокчейн-технологиялар қауымдастығының төрағасы Исламбек Салжановтың айтуынша, бұл фестиваль – Орталық Азиядағы басты ғылыми білім беру және инновациялық оқиға.
«Біздің миссиямыз – ел жастарына әлемдегі үздік білімді қолжетімді ету және олардың ұлы ғалым немесе технологиялық лидер болуға барлық мүмкіндігі бар екенін көрсету. Өйткені болашақты жастар жасайды. Техно-ғылыми өзгерістер мен жетістіктерді іске асыратын да – жас буын. Қазақстан осы ауқымды технологиялық өзгерістердің авангарды бола алады. 90-жылдары біз Ресей мен Қытайдың ортасында қалып қойдық. Бүгінгі таңда еліміздің айрықша тарихи мүмкіндігі бар. Біз оны уыстан жіберіп алмауымыз керек. Осы жерде әлемнің технологиялық трансформациясына қол жеткізуге, әлемнің инновациялық көшбасшыларының қатарына қосылуға мүмкіндік бар», деді ол.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дария Қожамжарова еліміз адамзаттың барлық соңғы жетістіктерін, соның ішінде білім беру саласындағы жетістіктерін пайдалануға тиіс екенін айтты. Сондай-ақ қазір классикалық білім жаңа әлемнің талаптарына сай келмейтінін атап өтті. «Сарапшылардың болжамынша, 10 жылдан кейін әлемдегі өнімдер мен қызметтердің 70 пайызы жасанды интеллектіні қолданатын цифрлық платформалы модельге негізделеді. Уақыттың өзгеруіне және жаңа ғылыми технологиялардың дамуына байланысты біз инновациялардың қарыштап дамып келе жатқанын, ал университет түлектерінің алған білімі кейде олар жұмысқа орналасқанға дейін ескіріп қалатын жағдайға келіп отырмыз», деді ректор.
Nobel Fest фестиваліне арнайы шақыртылған шетел ғалымдары қазіргі күннің басты жетістігіне де, қаупіне де айналған жасанды интеллект жөнінде ғылыми баяндамалар жасады. Нобель сыйлығының лауреаты, климат және тұрақты даму бойынша сарапшы Рае Квон Чунның пікірінше, жасанды интеллект адамзатқа тек құрал болуға тиіс.
«Біздің бұрыннан келе жатқан біліміміз, былайша айтқанда, өзекті болмай қалды. Ескі білім негізінде біз болашақтың әлеуметтік, экономикалық және саяси мәселелерін шеше алмаймыз. Жасанды интеллектіні қолдануға жаңа білім қажет. Ол үшін шығармашылықты, ізденісті дамытуымыз керек. Жасанды интеллект дегеніміз не? Біз үшін жасанды интеллект дегеніміз өте керемет дүниеге айналды. Оны кез келген уақытта пайдалануға болады. Бірақ бізге интеллектіден артық нәрсе қажет. Ол – инсайт. Біз жасанды интеллектіні құрал ретінде қолдануымыз керек. Ол біздің басшымыз болып кетпегені жөн. Қайта біздің қолымыздағы құрал болуы керек. Ал оны құрал ретінде қолдану үшін өзіміздің қабілетіміз бен білімімізді жетілдіруіміз керек», деді Рае Квон Чун.
Ал бейресми түрде «Ғылыми Оскар» деп аталатын Breakthrough Prize (Серпін) әлемдік сыйлығының лауреаты, ДНҚ талдау саласындағы революционер Паскаль Майердің пайымынша, жасанды интеллектіден төнетін қауіпті ескермесе, адамға өмір сүру қиындай түспек.
«Қазірдің өзінде жасанды интеллектіні қолданудың жаңа кезеңі басталып кетті. Мысалы, жаңалықтарды, суреттерді өңдеп жатыр және жақын арада фильмдер түсіріледі. Рас, нақты жаңалықтар мен фейкті ажыратуда қиындықтар бар. Болашақта сенім – ең маңызды актив, ең маңызды элемент болады. Сіз көршілеріңізге, өзіңіз білетін адамдарға сене аласыз, бірақ жаңалықтарға, интернетте көргендеріңізге сене бермейсіз. Егер біз осы кедергілер мен қиындықтарды жеңе алмасақ, онда адамзатқа өмір сүру өте қиын болады», дейді ғалым.