Қазақстан • 11 Қазан, 2023

Ұлттық ұлан авиациясы Ауғанстанға көмек көрсетеді

298 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ауғанстанда болған жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін күштік ведомстволардың өкілдері, оның ішінде ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметшілері жіберіледі, деп хабарлайды Egemen.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Ұлттық ұлан авиациясы Ауғанстанға көмек көрсетеді

Фото: gov.kz

Естеріңізге салайық, 7 қазанда Ауғанстанның Герат провинциясында болған зілзала салдарынан қазаға ұшырағандар  саны 2400-ден асып, 2 мыңдай ғимарат пен құрылыс нысандары қираған.

Шымкент әуежайынан зардап шеккендерге табысталатын гуманитарлық көмекті әуе арқылы тасымалдау үшін Y8F200W бортының экипажы Герат қаласына бет алды. 8 адамнан тұратын экипажды тәжірибелі ұшқыш – борт командирі Құрманғали Топанов басқарады.

«Астанадан, Шымкенттен медициналық бұйымдар мен дәрілік аппараттар жөнелтілді. Алматыдан шатырлар тиелді. Бізде бұндай тәжірибе бар. Биыл ақпан айында Ұлттық ұлан авиациясы Сирия мен Түркияға гуманитарлық жүктерді жеткізуге жұмылдырылған. Жалпы, біз сол кезде 6 рейс жасадық. Гератқа дейінгі қазіргі ұшу шамамен 3 сағатты алады, ал қашықтық 1300 км-ді құрайды. Қойылған міндет орындалады. Гуманитарлық жүк Ауғанстанға жеткізіледі», деді әуе кемесінің командирі Құрманғали Топанов.