Фото: Аяна Тоғанбек
Дүниенің бір түкпірінен екіншісіне дейін хат жолдау, хабарлама, сәлемдеме жеткізу - почта мекемесі атқаратын міндеттердің бірі. Осы міндеттерді мінсіз орындаған, талай жылдар бойы қажырлы еңбек етіп келген, қазіргі күнде зейнетке шыққан поштаның құрметті қызметкерлері де аталған жиынға қатысты.
Іс-шара басында Астана филиалының бизнес жөніндегі директор орынбасары Әсел Сыздықова биылғы жылдың 2-қазанынан бастап 2024 жылға арналған жазылым ашылғанын хабарлады. Сондай-ақ барша қауімді Қазпоштаның 30 жылдығымен құттықтап өтті.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін науқанда әр басылым өзінің алғашқы жазылушыларына сыйлықтар таратты. Ал «Қазпошта» АҚ ұжымы алғашты 20 жазылушыға арнайы сертификаттар табыс етті.
Бүгінгі ресми жиынға бірнеше басылымдар өз өнімдерін алып келіп отыр. Оның ішінде «Қазақ газеттері» ЖШС, Астана ақшамы, Айқын-Литер ЖШС, Түркістан газеті, «Елордалық білім» газеті мен «Астаналық әдістеме» журналы, Мәдени мұра және National Geographic журналдары бар.
«Жазылым Қазпоштаның дәстүрлі қызметіне айналған. 1980 жылдары электронды ақпарат құралдары болмаған кезде, бірден бір ақпарат көзі - газет болатын. Әр отбасы газет-журналдарға жазылатын. Сол жылдары жазылым тиражы 456 мың дананы құрады. Кейін мемлекетіміз жаңадан құрылып жатқан жылдары жазылым бәсеңсіп, түпкі жазылым саны нөлге дейін түсіп кеткен кездер де болған. Кейін, бас қаланы Астанаға көшіру жылдарында жазылым бірте-бірте қалпына келіп, тың ақпараттар, уақтылы, қызықты ұсынылған материалдар алу қажеттілігі қайтадан жаңарды.
Пошташылардың еңбекқорлығының арқасында пошта бөлімшесі әрқашан өз міндеттерін атқарып келеді. Осы орайда, баршаңызға зор денсаулық, зейнеткерллерге зейнет уақытында қызықты өмір тілеймін. Жазылушылар күні құтты болсын!», дейді пошта саласына еңбегін сіңірген зейнеткер Евгения Феликсовна.
Зейнеткер өткен ғасырдың 80-жылдары газет күніне екі мезгіл жеткізілетінін еске салды.
«Таңертеңгі сегізде және түстен кейін жеткізілетін. Бүгінде электронды БАҚ дамыған заманда көптеген газеттер цифрлық форматқа көшуі жазылым бөлімі үшін ауыр болды», деді Е.Феликсовна.
Сондай-ақ жазылушылардың арасында ең алғашқы болған зейнеткер оқырманды ортаға шақырып, сертификат табыс етті.
«Баршаңызды баспасөзге жазылу науқанының басталуымен құттықтаймын. Бүгін Қазпошта ұжымы баспасөз шығарушыларды және оқырмандарды шақырып, іс-шара өткізіп жатыр. Жыл басында Қазақстандағы танымал мықты газеттердің басын біріктіріп «Қазақ газеттері» ЖШС құрылған еді. Оның басында бір ғасырдан көп тарихы бар Egemen Qazaqstan газеті мен Казахстанская правда газеті тұр. Газеттеріміздің оқырмандары көбейе берсін. Дәл қазіргі ақпараттың ақтарылып жатқан заманында газет шығару, баспасөзбен айналысу және оны оқырманға оқыту оңай шаруа емес. Дегенмен, осының барлығын ысырып қойып, газетке жазылып жатқан барлық оқырмандарымызға алғыс айтамыз», деді «Egemen Qazaqstan» газетінің шеф-редакторы Амангелді Қияс.
«Мен Egemen Qazaqstan газетіне 2000-жалдан бастап жазылғанмын. Қызылорда облысының тумасымын. Жалпы, газетті барлық жанұямызбен бірге оқып жүреміз. Бүгін баспа мен оқырмандарға арналған үлкен науқан болып жатыр екен, алғысымды білдіремін. Газеттердің оқырмандары көбейе берсін. Баспасөз дами берсін!», дейді елдің бас газетінің тұрақты оқырманы.
Газет - құнды дүниелердің бірі. Интернет жариялай бермейтін көп сапалы дүниелерді газет арқылы біліп отырамыз. Газетке жазылған ақпарат болсын, мақала болсын өзінің шынайылығымен, нақтылығымен ерекшеленеді. Газетіміздің жазары көп болсын.