Ғибадатхананың ерекшелігі сол – үстіңгі диаметрі 14-15 метр, төменгісі 60 метр көлеміндегі бұл дөңгелек ескерткіштің сақталған биіктігі бес-алты метр шамасында, екі сатылы. Әзіргі болжам бойынша, ғибадатхананың үстінде биіктігі 2 метрден астам күмбез болған. Жоғары сатысындағы қабатта жылда белгілі бір күндерде діни мейрамдар өткізіліп, құрбандықтар шалынған. Құрбандық малы тек қана алтын түстес немесе жирен, құла жылқылар болады екен. Аталған рәсімге сол төңіректің күллі адамы түгел қатысып, тамашалайды. Және құрбандық қанын үстері, беттеріне жағып, шеңбер құрып, билейді, ән салады, құдайларынан шапағат, рақымшылық күтеді.
Бұл күнде ғылыми тілде «ежелгі тас мүсіндер» аталып кеткен балбалдар немесе балбал тастар тарихы тым әріден басталады. Бірақ ол Атырау аймағында аз кездеседі. Ал әлемде, тұтастай алғанда, Моңғолиядағы Орхон өзенінен Каспий теңізінің жағалауына дейін ұшырасады. Тарихи деректерді парақтасақ, олар қыпшақтар дәуірінен кейін Солтүстік Кавказда, Ресейде, Украинада, Дунай өзені бойында да бар. Уақыт өткен сайын археологиялық нысандар ғана емес, өнер туындылары болып есептелетін бұл мұралық мүсіндердің түрлері де өзгерген. Мысалы, Батыс Қазақстанда қазіргі кең тараған қабір үстіндегі ескерткіштер – құлпытастар сол бір кезгі түрлі балбалдардың заңды жалғасы.
Бүгін балбал тастар Абай облысының Шыңғыстауында, Павлодардың Баянауылы мен Қызылтауында, Ақмола облысының Ерейментауында, Жамбыл облысының Шу, Меркі, Қарағандының Ақтоғай мен Қарқаралысында, Маңғыстаудың Үстіртінде, сондай-ақ Моңғолияда, Қытайда, Қырғызстан мен Ресейде кездеседі, олардың біразы ғылыми тізбеге алынып, зерделенді.
Аталған тас мүсіндер кезінде сол өңірдің белгілі адамдарының құрметіне арналып қойылған. Орта ғасыр саяхатшысы Гильом де Рубрук: «...қыпшақтар өмірден озған белгілі адамдардың құрметіне биік төбелердің бастарына адамды бейнелейтін тас мүсіндер орнатқан, қолына тостаған ұстаған мүсіннің беті шығысқа қаратылады» деп жазса, кешегі-бүгінгі түркі тұқымдастары түгелдей аспан мен күнге табынғаны белгілі. Соған сай олар ылғи да күншығысқа, күнгей бетке қарап орналастырылады.
Бір ескеретін жайт, сол тас мүсіндердің кейіп-келбеті бір-біріне еш ұқсамайды. Яғни тас қашаушы мүсіншілер әйтеуір бір адамға арналған архитектуралық мұра қалдыру ғана емес, оның әйел не ер екендігі, марқұмның қандай жағдайда өлгендігі, ішкі сырын ашуға мән берген. Бейнеленген адамдардың қайсыбірі шығыс әдебімен аяқтарын астына алып, малдас құрып отырса, кейбірі іштеріне су құйылған нұр тостағандарын ұстайды. Әйелдер болса, бұрымды, құлақтарында сырғалары бар. Ерлер жағы қанжар, қылыштармен жарақтанған. Бірақ тас мүсіндер алғашында тек белгілі жауынгер батыр адамдарға, уақыт өте әйелдерге де арналып қойылған. Ғалымдарымыз осындай балбал тастарды зерттеп, сұрыптай келе, оларды екі топқа бөлуде. Оның бірі – VI-VIII ғасырлардағы көне түріктік тас мүсіндер де, екіншісі – ІХ-XIV ғасырлардағы қыпшақ мүсіндері.
Тас мүсіндердің топтастырылуы жағынан Моңғолия елін ерекшелеуге, тіпті оларды аспан астындағы ашық мұражай елі деуге болады. Онда кез келген көне қорымдар мен баяғы заманғы қиранды қалалар орындары, ғибадатханалардың бәрінен де балбалдық мүсіндерді кездестіресіз. Бұл көне түріктік тас мүсіндер дала қағандары билігінің кезеңі, әскери-саяси құрылым, ықылым заманғы қатал салттарды көрсетеді. Немесе бұл ескерткіштер қайтыс болған қағандар және олармен иықтаса алатын ірі тұлғалар, билік басы, батырлар, ханзадалар мен сұлтандарға арналып қойылған. Олардың айырмашылығын мүсіндердің қашалу ерекшелігінен айқын байқауға болады. Мысалы, қағандар мен солардың төңірегіндегі адамдарға арналған тас мүсіндердің өзгешелігі – онда бейнеленген адамдар малдас құрып отырады. Ондай ескерткіштер көбіне-көп Моңғолия мен Шығыс Қазақстан жерінде жиі ұшырасады.
Алтайдың Қытай бөлігіндегі мүсіндер биік, тұлғалы болып келеді. Соған сай оларды жергілікті халық «тас палуандар» деп атайды. Өкінішке қарай, тас мүсіндер кейінгі кездегі ауыл-селолардағы, далалық аймақта өндірістің дамып, құрылыстардың өсуі, ауылшаруашылық жұмыстардың өркендеуіне байланысты азайып барады. Кейбіреулері дала төсінен күреліп тасталса, біреулер олардың жылы орындарын суытып, мұражайларға өткізеді (сатады), байшыкештер өз үйі, мекемелері аулаларына орнатып қоюдан да тайсалмайды. Сөйтіп, ғасырлар бойы мұрты бұзылмай, көшпелілер тарихынан сыр шерткен асыл мұраларымыз біртін-біртін жойылып бара жатқандығын ескеруіміз керек.
Елімізде бұл мәселенің көтерілгеніне де 60-70 жылдан асты. 1946-1956 жылдары академик Әлкей Марғұлан Орталық Қазақстанның тас мүсіндерін жан-жақты зерттеп, олардың қатары жыл өткен сайын азайып, тоналып, сынып, бүліну үстінде екендігі туралы дабыл көтерді. Осы балбалдар тарихын зерттеп, экспедициялар ұйымдастырып, нәтижесінде, арнайы фотоальбом дайындаған Ерлан Карин: «Біз Ұлытаудың маңайынан бірде-бір бүтін балбал таба алмадық. Тараздағыдан басқа, өңірлік мұражайларда, өкінішке қарай, көнетүріктік тас мүсіндерге арналған арнайы экспозициялар немесе залдар жоқ. Рас, кейбір аудандық, облыстық мұражайларда балбалдар бар, бірақ олар әдетте тура көше үстіне, кіреберіске немесе аула ішіне қойылған, ал кейбір жерлерде қалай болса, солай тасталынған» дей келе, қазба жұмыстарын жүргізген кейбір археологтердің балбалдарды қазып алып, өз институттарына апаратындығын, болмаса жеке коллекцияларында сақтайтындығын айтады. Ал Шыңғыстауда біреулер мың жылдық ғажайып ескерткішті батып қалған көлік доңғалағының астына салып, күлпаршасын шығарған. Баянауыл маңайында бір қария жырада жасырулы жатқан балбалды тек суретке түсіруге ғана рұқсат беріп, одан соң әлгі мұрасын қайтадан жасырған. Өйткені оны біреулер көріп қойса, ұрлап кетеді деп қорқады. Белгілі бір археолог Ерейментаудағы әлгіндей ежелгі тасты қазып алып, Астанадағы мұражайлардың біріне едәуір қаражатқа сатып жіберген.
Ал мұндай мысалдарды туған еліміз өмірінен ондап келтіруге болар еді. Бірақ байыбына барсақ, ол балбалдар ата-бабаларымыздың кешелі-бүгінгі ұрпаққа қалдырған асыл мұралары, ғажайып жетіс-
тіктері екені белгілі. Сол тас мүсіндер жылдар бойы қандастарымызға үнсіз сыр ақтарып, «Біз сіздер үшін осы алып Ұлы даланы сақтай білдік, енді сіздер де оны кейінгі ұрпаққа дін аман, байтақ, бай күйінде жеткізіңіздер», деп міндет артып тұрғандай. Расында да олар Ұлы даланың мәңгілік тас күзетшілері емес пе? Сақшыларымызға сақтықпен қарайық!
Жоғарыда әңгімелеген ғибадатхана – айналасы Үстірттің терістік сілемі түстікке созылған Доңызтаудың жалданып, өркештенген дөңдерімен көмкерілген тегіс жазықтықтың нақ ортасына орналасқан. Ескерткіш төңірегін айнала адам мүсініндегі тік, балбал тастар қоршаған. Арасы 5-6 қадамнан аспайтын сол ескерткіштердің тізілген бір алуаны, ғибадатхананың оңтүстік шығыс бетінде доғаланып бір шақырымға созылады. Мүмкін осы жартылай шеңберленген тік тасқа құрбандық мерекесіне келген мүриттер көліктерін байлап, өздері солардың жанында сап түзеп, дінбасы абыздардың ғахлиялық уағыздарын тыдаған шығар. Содан соң бәрі сарматтардың ежелгі заңы бойынша орталық есігі түстікке қараған (олар өліктер басын да оңтүстікке қаратып қояды) ғибадатханаға кеп, бас сұғады, құдайшылық рәсімдеріне қатысады.
Тегінде балбал тастар еліміздің батыс өңірінде өте сирек кездеседі. Ал Қызылүйік ескерткіштерінің ерекшелігі мұндағы балбалдар негізінен екі түрлі, яғни бірі – ерлер мүсінін бейнелесе, екіншісі – әйелдер кейпін береді және олардың өзі көбіне жауынгерлік сипатта болып келеді. Осы арада таңғаларлық тағы бір өзгешелік, ерлері аяқтарына саптама етік киіп, екі қанжар тағынса, әйелдер денесінде екі жағына қоса, кіндік тұсында көлденең тағы бірін, яғни үш қанжар тағынады. Неге? Бұл әлі сыры ашылмаған құпия. Бірақ бұнда атақты Геродот айтқан бір шындық бар. Ол – «Сақтардың әйелдері еркегінен өткен жауынгер» болғандығы.
Қызылүйіктің екінші бір құпиясы, осы ғибадатхана төңірегінен сол кезде (осыдан екі мың жыл бұрын) сарматтардың елтаңбалық белгісіне айналған белбеу тоғасы, болмаса қауым, тайпа жалауы, туына салынған белгінің табылуы. Күмістен құйылған бұл белгіде айдаһардың бет бейнесі мен түркілер тәңірі – Көкбөрінің тұтас тұрқы сомдалған. Сөз жоқ, бұл тарихтан белгілі болған сарматтар мен римдіктер арасындағы қайта-қайта соғыс, екі елдің бір-біріне ауысқан жауынгерлік дәстүр (өйткені римдіктер жалауында да осындай белгілер жиі кездеседі) ерекшеліктерін көрсетеді.
Ал бұл белгі ғибадатхана маңынан (негізінен доға текті тік тастар жанынан) қалай табылды дегенге экспедиция жетекшісі Зейнолла Самашев: «Жоғарыдағыдай құрбандық шалу кезінде мейрамға келген үмбеттер садақа, нияз ретінде бойларындағы қымбат дүниелері – жебе, сырға, түйме, білезік, белбеулерін (тоғасын) тастап, лақтыратын болған. Оны ешкімнің алып, пайдалану құқы жоқ. Ал ондай заттар Қызылүйік айналасында молынан кездеседі», – дейді.
Сайып келгенде, Қызылүйік осы өңірдегі көптеген ғибадатханалардың ең үлкені. Шындығында біз айтып отырған құдайшылдар (мінәжат) үйінің батыс және түстік беттерінде 6-10-12 шақырымдық аумақта Қызыл қуыс, Тас астау (оның өзінде үш жерде), Қайнар, Молшылық мекендерінде басқа да ғибадатханалар мен мешіт, медреселер орны бар. Бірақ олардың бәрі де шағын дүниелер. Әйтсе де келешекте Қызылүйік және оның төңірегіндегі басқа да ескерткіштер кеңінен зерттеп, тиянақты толғау, мол пайымдауларды қажет етеді. Әрине, оның бәрін уақыт көрсетер деп ойлаймыз.
Өтепберген Әлімгерейұлы,
өлкетанушы
Атырау облысы