Сондай шаруашылықты Қызылжар өңірінде алғашқылардың бірі болып ұйымдастырған – Әлти Көкенұлы. Ол қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы «Қызыл ой» деген жердегі «Петровка» (қазақшасы «Бақыр ілген») селосының түбіндегі қыстауында 1873 жылы дүниеге келіп, 1925 жылы өмірден озған.
Ол – атағы үш жүзге тараған Барлыбай бидің ұрпағы. Барлыбай биден Көкен сері, одан Әлти қажы туады. Әлти қажыдан Сәдуақас, Сейітахмет туды. Арғы бабасы ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Барлыбай Шәукерұлы елдің солтүстік өңіріндегі ең ірі байлардың бірі ғана болып қоймай, адал еңбекпен мол байлыққа кенеліп, жоқ-жітікке қарайласқан, елдік мәселелерге де белсене араласқан өте беделді кісі болыпты.
Әлти Көкенұлы туралы атақты жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» кітабында былай деп жазады: «Әлти Көкенов керейдің ең байы да, ең беделдісі де, сонша байлықпен осы Әлти үйінің тасымайтынын айтсайшы, жарқырап киім де кимейді, саймандап ат та мінбейді, жабайы шаруаның қатарында жүре береді...» Айналасындағы ағайын-туыстың, көрші-көлемнің, қызметші-көмекшілерінің еңбегін жемей, маңдай тері, табанақысымен дәулетін еселеген, саудамен айналысқан. Қызылжар, Қорған, Омбы қалаларында, Преснов, Пресногорьков сияқты казак-орыс станицаларында дүкен ұстаған.
Әлтидің негізгі шаруашылығы Ресей базарын етпен қамтамасыз ету болған. Сиырларды саумай, бұзауымен бірге жайылымда ұстаған. Бұзаулы сиырлар жаз бойы Қызылжар өлкесінің көкорай шалғынында жүріп, күз келгенде анасын жаздай емген әлгі бұзаулардың салмағы енесінің салмағына жеткен. Қыстай жемде тұрған тайыншалар келесі күзде Ресейдің ет комбинатына өткізілген.
Әлтидің қызметкерлері күзді күндері көршілес Атбасар, Ақмола, тіпті Қарағанды өңірлерінен бұзау жинаған, оларды қыста жемге қойған.
Жоғарыда айтқанымыздай, Әлти саудамен де айналысты. Оның көмекшілері Ресей тауарларын алыстағы қазақ ауылдарына апарып, малға айырбастаған. Оның өсімқорлықпен айналысқаны жөнінде де деректер бар. Күз, қыс айларында ақшаға тарыққан шаруаларға несие беріп, өтемақысын әлі тумаған мал төлімен есеп айырысқан.
Қазақтың дәстүрлі шаруашылығында қысқа шөп дайындауға онша мән бермеген. Өйткені қыстай тебінде болатын жылқы мен олармен қатар жайылатын қой шөп дайындау үдерісін қажет етпеген. Жаңа төлдеген малға онша көп азық дайындалмаған. Ресей нарығы ХХ ғасырдың басында қара малдың етіне тым зәру болды. Сондықтан да шаруалар сиыр өсіруге көңіл қоя бастады. Ал қара мал қыста тебіндей алмайды да, қолға қарап қалады. Сондықтан мал азығын дайындау үлкен проблемаға айналды.
Әлтидің атқа жегілетін бірнеше шөп шабатын машинасы мен тырмасы болды. Соның арқасында ол тек өз малына жететін шөп жинамай, сату үшін де мал азығын дайындады. Наурыз айы туғанда кейбір шаруалардың мал азығы таусылады. Осы кезде жер-жерден Әлти ауылына шөп іздегендер ағылады. Кей жылдары Әлтидің жинаған шөбі келесі жылдарға қалып отырған. Қуаңшылық жылдары шөптің бағасы бірнеше рет өскен.
Жиналған ақшаның біраз бөлігін Қорған қаласындағы мемлекеттік банкте ұстаған. Бізде бар мәлімет бойынша Әлти Қорған банкінің төрт ірі салымшыларының бірі болған. Кеңес билігі орнар алдында ол банктегі ақшасын алтынға айналдырыпты. Ал енді Әлтидің сол дәулетінің тағдыры біздерге осы күнге дейін белгісіз.
Кеңес өкіметінің солақай саясаты Барлыбай әулетін қуғын-сүргінге ұшыратты. Әлтидің Сәдуақас, Сейітахмет деген балаларының дүние-мүлкі тәркіленіп, Ақтөбе облысына жер аударылады. Содан туған жерлеріне араға 67 жыл салып бір-ақ оралды.
1933 жылы мерзімді жазаларын өтегеннен кейін түрлі себеппен елге келе алмай, Ресей жерін паналаған. Ақтөбеден Түмен облысының Ялутор ауданына қоныс аударады. Барлыбаевтар Ресейде Түмен облысының Сорокин ауданында, осы облыстың Қазан ауданына қарайтын «Бірлік» деген ұжымшарда, Ишим қаласынан 35 шақырым жердегі орман шаруашылығына қарасты елді мекенде, Қорған облысының Мокроусов ауданындағы «Семизкольский» кеңшарының «Стеклянный» деген фермасында тұрады.
1946 жылдың жазында Қорған облысының Чаетозер ауданына қарасты Дроновка селосына көшеді. Мұнда да ұзақ тұрақтай алмайды. 1948 жылдың өзінде сол ауданның Бутыра, Лебяжье деп аталатын екі селосын ауыстырып, Түмен облысындағы Қазан ауданының Ельцовка селолық кеңесінің құрамындағы Қызылту ауылына келеді.
Әлти Көкенұлының ұрпақтары бүгінде Ресей мен Қазақстанда ғұмыр кешіп жатыр, «Орнында бар оңалар» деген осы. Кеңес заманында Барлыбаевтар әулетінен төрт бірдей кеңшар директоры шықты. Әлти бабаның атын әйгілі етіп, аруағын әспеттеп жүрген Нағашыбай Барлыбаев – заманымыздың дәулеті асқан кәсіпкерлерінің бірі.
Аманжол КҮЗЕМБАЙҰЛЫ,
Еркін ӘБІЛ,
тарих ғылымдарының докторлары