Ән • 11 Қазан, 2023

«Қорқыт-қобыз»

397 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қобыз үніне қазақтың бүкіл шемен-шері мен ішкі әлемі сыйып кеткендей көрінетіні рас. Имек мойын пішіндес құдіреті құпиямен астасқан көне аспапты қазақ халқы аңызға айналған Қорқыт әлемімен байланыстырып, сабақтастырып жататыны белгілі. Қобыздың шанағынан төгілген зарлы үн қазақтың бүкіл мұңын жеткізіп тұрғандай көрінетіні де шындық.

«Қорқыт-қобыз»

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Расында да Қорқыт пен қобыз аспабы қазақ халқы үшін егіз ұғым. Әуелде бақ­сылардың аспабы деп дәріптелген қобыздың ша­нағынан төгілген күй байыр­ғы көшпелі жұрттың бүкіл болмысымен сабақтасып жатқандай. Қалай болған күнде де ішегі мен ыс­қышына аттың қылы тағылған аспапты көш­пелі жұрттан бөліп қараудың қисыны да жоқ.

Композитор Рамазан Тайманов пен ақын Оңталап Нұрмаханов шығарма­шылық тандемі қазақ эстрадасына «Қор­қыт-қобыз» әнін әкелгені мәлім. Тал­ғампаз композитордың жүрегін жарып шық­қан әннің табиғатындағы жыршы мен жы­раулардың сарыны мен күңіренген құді­ретті қобыздың үні кімді де болса бей­жай қалдырмайды. Қайта өн бо­йыңда алапат бір сезімді оята түседі.

«Қорқыт бабамыздан қалған,

Қобыз – өкініш пен арман.

Тыңдасаң сыр айтады,

Өкініп мұң айтады.

 

Оғыз – ұрпақтары тірі,

Қобыз заманының үні.

Бозінген боздағаны,

Жүректі қозғағаны»,

деп басталатын әннің алғашқы шумақ­тарының өзінен-ақ көне дәуірдің көзіндей болған қасиетті аспапты мәтін авторы Қор­қыттың заманымен байланыстырып отыр­ғанын анық аңғара түсесің. Әнші Гүлнұр Оразымбетованың орындауын­да «Азия даусы» байқауында үздік шығар­малардың қатарынан көрінген ән расында да әуені мен әлемінің бөлектігімен адам жанын баурайтыны ақиқат.

Қазақ халқының ән қоржынына қо­сылған таңдаулы туындыны музыка әле­мінің мамандары да аса жоғары баға­лағаны белгілі. Шығарманың ерекше­лігіне ден қойған олар әннің табиғатын аша түскен мелизмдер де тыңдарман жүрегін бірден жаулайтынын айтыпты. Расында да туындыны көп шығармадан бөлектеп тұрған да осы айырмашылықтар секілді.

Композитор Рамазан Тайманов кел­тірген деректерге сенсек, ол жазған әуен әуелде бөлектеу болыпты. Айтуынша шығарма ән­шінің дауысымен толықтай үлесім таппаған секілді. Өйткені әнде жыршы мен жыраудың сарыны және Қорқыт күйінің болмысы тұтасып тұр. Әнді небір мықты әншілер шырқаса да, сол сарынды орындаушылардың ешбірі бойына сіңіре алмаған.

Ширек ғасырға жуық уақыт бұрын жа­зылған ғажап ән расында да тыңдар­манның ойын ойран ететіні анық. Әншінің көмейінен шыққан қобыздың зарлы үнінде қазақ даласы мен Алаш баласының бүкіл трагедиясы тұтасып тұрғандай сезіледі. Қобыз үні қай­та­ланған сайын көкіректегі бүкіл шер көмейге келіп тығылатындай әсерге бөленесің.

Уақытында елімізде Қорқыт баба жылы жарияланғаны мәлім. Қобыз­шылардың дені Қорқыт баба мұрасымен сусындағанын ескерсек, елімізде аңыз тұлға әлемін зерделеу үшін де Қорқыт жы­лының жариялануы заңдылық еді. Бұл ән дәл сол жылдары жазылғаны мәлім. Бір дүниенің екінші бір дүниеге себеп бо­ла­тынының дәлелі де осында жатса керек.

Әннің сөзін жазған ақын Оңталап Нұр­маханов тілшілерге берген сұхбатында шы­ғарманың жылға жуық тартпада жатып, Қорқыт жылы жарияланған соң ғана жа­рық көргенін айтыпты. Сәтті шыққан туынды уа­қыты келгенде әлемнің бірқатар мем­ле­ке­тінде шырқалып, қазақ өне­рінің қай деңгейде екенін дәлелдеген.

«Қорқыт-қобыз» шығармасы әнші, композитор, ақыннан тұратын шығарма­шылық үштіктің де жұлдызын жаққан ән екеніне ешкімнің таласы жоқ. Әуел­де «Азия даусы» мен «Жас қанат» секіл­ді өнер байқауында шырқалған ән үш автордың да мерейін тасытты. Үшеуі де жүлдегерлердің қатарынан көрінді. Тамаша туындының авторларына көр­сетілген лайықты құрмет өнердің бағасын биіктете түскені сөзсіз.

Қалай десек те «Қорқыт-қобыз» әні қазақ эстрадасына құбылыс болып келген шығарма екені даусыз. Оған ешкімнің та­ласы да жоқ шығар деп пайымдаймыз. Жи­ырма төрт жыл бұрын жазылған ән Гүлнұр Оразымбетованың төлқұжатына айналып қана қойған жоқ, талай жас әнші сол туындыны әлі күнге дейін түрлі деңгейдегі байқауларда шарықтау шегіне жеткізіп орындап жүр.

Бір анығы, «Қорқыт-қобыз» әні әлі талай орындаушының орындауында түрлі дауыста жаңғыра беретіні анық. Өйткені ғажап шығарма жас буын талғампаз әншілердің де көңіліне қонатынына ешбір күмән жоқ.

Көңілден көшпейтін, тарихтан өшпей­тін шығармалар қай кезде де ұлттың жанына жақындығымен ерекшеленеді. Қо­быз сарынымен тарихтың тереңіне тамыр тартқан «Қорқыт-қобыз» әніндегі ұлттық та­ным мен тарихи үйлесім де әдемі әннің кө­шін ға­сыр­ларға жалғап тұрғандай көрінеді.