Жастар • 12 Қазан, 2023

Жастарға жігер берген

217 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл елімізде «Zhas Project» жобасына 280 грант бөлінді. Кәсіп бастауға ниетті жастардың өтінімдері 9-22 қазан аралығында қабылданады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан хабарлады.

Жастарға жігер берген

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы­на Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту және экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуіне ерекше назар аударды. Бұл бағытта Мәде­ниет және ақпарат министрлігі бір­қатар жобаны іске қосып үл­­герді. Соның бірі – «Zhas Project» ­жобасы.

«Zhas Project» – әлеуметтік жобалар мен бизнес идеяларды қаржыландыру арқылы халықтың осал топтарын, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жас отандастарымызды қолдауға бағытталған бірегей бастама. Мақсат – 18 бен 35 жас аралығындағы жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтардың баста­маларына қолдау көрсету, олар­дың өз бетінше дамуына және болашақта кәсібін тұрақты өркен­де­туіне жәрдемдесу. Осылайша, NEET санатын­дағы жастардың санын мейлінше азайту.

– Идеясы тың деп танылған жоба иегеріне кемінде 6 ай жұмыс істеуге 1 млн теңгеге дейін грант табыс етіледі. Сондай-ақ жоба бел­гілі бір кәсіппен айналысуға ғана мүмкіндік беріп қоймай, жұ­мыс тауып беру арқылы да әлеу­мет­тік мәселелердің шеші­луі­не сеп­тігін тигізеді. Яғни жас­тар­ды өз қоғамының әлеуметтік-эконо­ми­калық өміріне тартуға және нә­­ти­желі жұмыспен қамтуға кө­мек­­теседі. 2018 жылдан бас­тап бас­тау алған «Zhas Project» жоба­сы­ 6 өңірде қанатқақты түрде жүзе­ге асырылып, 250 грант беріл­ген. Ал биыл еліміздің бар­лық­ өңі­р­дегі жастар тартылады деп жос­парланған. Соған сай бері­ле­­тін грант саны да артты. Осы рет­­те сапалы және тиімді іске асы­­ру үшін әр өңірде ашылған арнайы жобалық кеңселер жұмыс істей­­ді және Call орталықтар құрыл­ды. Сол кеңселерден азаматтар қосымша ақпарат ала алады, – деді Роллан Құспан.

Талай жасты жарылқаған жо­­ба былтыр Алматы, Жетісу, Қа­ра­­­ғанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облысында сәт­ті жү­зеге асқан. Мәселен, Маң­ғыс­тау­ аймағында былтыр 63 шағын грант берілген. Нәтиже­сін­де, мұ­най­лы аймақта кәсібін дөң­ге­летіп отыр­ған жастар қатары арт­қан. Енді ілкімді істің игілігін рес­пуб­ли­ка­ның 20 өңіріндегі азаматтар да көреді.

– Көбінесе жастар қызмет көр­­сету бағытын таңдайды. Қа­л­­а­­­лы жердегілер сұлулық салон­­­дары мен шаштараз ашу жағы­на басымдылық берсе, ауыл-аймақ­та­ғы тұрғындар ет-сүт өнімдерін шы­ғару бойынша бел­сен­ділік таны­тады. Негізі жастарға жүк­теле­тін міндет – кәсіптік идея қалып­тастырып, оны бизнес жоба ретін­де ұсыну. Грантқа қол жет­кіз­ген соң тұтынушы тартуы қажет болады. Іріктеу екі кезеңде өткі­­зі­леді. Жеңімпаздармен арнайы келісімшарт жасаймыз. Оларға арнайы тәлімгер тағайын­да­лады. Олар тәлімгермен бір­ле­се өз жобаларын іске асыра­ды. Грант аясында алған құрал-жаб­дықтарының барлығы өзде­рін­де қалады. Егер қаржыны ма­қ­сатсыз жұмсау тіркелсе Аза­мат­тық бастамаларды қолдау орта­лы­ғының келісімшарттары мен қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қаражатты қайтару немесе басқа азаматқа беру жұмыстарын жүргі­зе­міз, – деді «Түпқараған жас­та­ры» қоғамдық бірлестігінің тө­рағасы, Алматы қаласы және Маң­ғыстау облысында «Zhas project» жобасын іске асыру бо­йын­ша грант алушы Наурызбек Мағ­датов.

Баспасөз мәслихатында жа­қында өтінім қабылдау бас­талған «Тәуелсіздік ұрпақ­тары» гранты туралы да сөз болды. Алаңға арнайы дарынды жастарды қолдауға бағытталған бастаманың иегері Динара Наумова шақырылды. Мәжіліс депутаты бірнеше жыл бұрын ойда жүрген идеясының қалай жүзеге асқанын кеңінен айтып берді.

– Менің тәжірибем, жобам­ кей­де өзіме бірегей болып көрі­не­ді. Дәл қазір Қабанбай батыр елді мекенінде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобаның авторымын. Бұл – ерекше бала­лар­ды оңалту орталығы. Мен «Тәуел­сіз­дік ұрпақтары» грантын бекер алған жоқпын. Грантқа қол жет­кі­зу де күрделі жұмыс. Алты жыл бойы өз идеям туралы айтып, адам­дармен танысып, жобаның маңыз­дылығы туралы жеткізіп жүр­дім. Әр күн сайын оны жүзеге асы­руға бір қадам болса да жа­қын­дай түсуге тырыстым. Бұл мен үшін өте маңызды еді. Қазір айна­лысып жүрген жұмысымды шы­нымен өмірлік мәні бар кәсіп деп атай аламын. Мұндай диагноз­ды өз басымнан өткергеннен кейін ерекше балаларға пайдалы болу менің өмір бойы айналысуға да­йын­ қызметім екенін түсіндім. Өз жобама деген сенімім мықты бол­ды. Ақордада Президенттің қо­лынан мақтау қағазын алған сәт­те, кеудемді мақтаныш сезімі кер­­негені рас. Өйткені шынымен де маңызды іс тындырғанымды және оны Мемлекет басшысы баға­­лағанын түсіндім. Мемлекет бас­шы­­сының жастарға сенетінін және осындай бастамалар жас буынға серпін беретініне көзім жетті, – деді ол.