Әйелдер бизнесін қолдау бағытында KMF компаниясы мен «KMF-Демеу» корпоративтік қорының бағдарламалары жетерлік және олар қаржыландырумен ғана шектелмейді. 2018 жылы KMF «Әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту қағидаттарына» қол қою арқылы БҰҰ Әйелдер халықаралық құрылымының бастамасын қолдады. Сол жылы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағдарламасы әзірленді.
KMF басқарма төрағасы Шалқар Жүсіповтің айтуынша, 90-жылдардың екінші жартысында әйелдер бизнесін қаржыландырушылар аз еді. Осы жылдар ішінде «KMF-Демеу» қоры кәсіпкер әйелдерге арналған түрлі конференцияларды ұйымдастырды. Еуропалық қайта құру және даму банкі осындай тоғызыншы іс-шараның серіктесі болды. Нәтижесінде, мұның бәрі биыл үшінші рет өткізілген «KMF Isker Hanymy» ұлттық жобасына айналды. Ол микробизнеске қатысушылар үшін тағайындалған, мақсаты – өз саласында үздік болып саналатын кәсіпкер әйелдерді ынталандыру, сондай-ақ жалпы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға назар аудару және жаңа клиенттер арасында KMF-ке сенімді арттыру.
«Біз «KMF-Демеу» қорымен бірлесіп, бұл байқауды алдағы уақытта да өткізе беруді жоспарлап отырмыз. Себебі үміткерлер арасында үлкен белсенділік барын байқадық. Биылғы өтініштер саны өткен жылғымен салыстырғанда көп болды. Сонымен қатар осы жылы «Шағын және орта бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін» жаңа аталымын қосып отырмыз. Демек, бұл клиенттеріміздің тек микрокәсіпкерлік аясында ғана өсіп, дамып келе жатпағанын көрсетеді. Жобамыздың жыл сайын жаңалығы бар, жылда қосымша жүлделер тағайындап, халықаралық сарапшыларды қазылар алқасына шақырамыз», дейді Шалқар Жүсіпов.
Осылайша, өткен аптаның соңында KMF Isker Hanymy – 2023 байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты болды. Биыл байқауға қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан аса өтініш келіп түскен. Байқаудың жеңімпазы және бас жүлде – 1 млн теңге сертификатының иегері – талдықорғандық Анар Исаева. Ол 17 жылдан бері әлеуметтік бизнеспен айналысып, «Ақжанель» медициналық-оңалту орталығын басқарып жүр. Бұл орталық уақыт өте келе инсульттан кейінгі емдеуге ғана емес, сонымен қатар церебральды сал ауруы бар және мүмкіндігі шектеулі адамдарға да көмектесуге маманданған. 6 жылдан бері KMF клиенті болып келе жатқан Анар Исаева бұл қаржыландырудың көмегімен орталықты жаңғыртып, жаңа жұмыс орындарын ашып, бірқатар маңызды әлеуметтік жобаны жүзеге асыра алды.
KMF Isker Hanymy – 2023 байқауының негізгі аталымдары бойынша Талғар қаласында сұлулық және денсаулық орталығын ашқан Анжелика Семеноваға «Бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін», Мерке ауылында мал ұстап, қымыз өндірген Ұлбосын Қонақбайға «Агробизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін», қызылордалық Баян Тоқсанбаеваға «ШОБ-ты дамытуға қосқан үлесі үшін», талдықорғандық Сильвана Бекишеваға «Әлеуметтік бизнес» үшін, Талғарда коррекциялық орталық ашқан, сөйлеу қабілетінде кемістік бар балалармен жұмыс істейтін Лола Сағитоваға «Әділ қазылардан арнайы сыйлық» ретінде 500 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді. Сонымен қатар қосымша аталымдар бойынша 15 іскер әйелге 100 мың теңгеден бұйырды.
ҚНРДА-ның микроқаржылық қызметті жүзеге асыру құқығын беретін 26.02.2021 жылғы №02.21.0003.M лицензиясы