Экология • 12 Қазан, 2023

Қалдықты қайта өңдеу – уақыт талабы

2647 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жиырма бірінші ғасырдың әлем алдында тұрған ең күрделі мәселесі – қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) жайы. Дүниежүзіндегі әр тұрғын шамамен жылына 300 кг жуық қоқыс шығарады екен. Бұған зауыттар мен фабрикалар секілді ірі өнеркәсіптерден бастап, қоғамдық тамақтану орындары мен коммерциялық нысандарды қоссаңыз, тау болып үйілген қоқыс полигондарын көз алдыңызға елестете беріңіз.

Қалдықты қайта өңдеу – уақыт талабы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Елімізде жыл сайын 5 мил­лион тоннадан аса тұрмыстық қал­дық­тар жиналып, оның ішінде қағаз, кар­тон өнімдері, металл, плас­тик, тамақ қал­дық­тары, ағаш өнімдері, шыны сынықтары сияқ­ты қалдықтардан өзге қоршаған ортаға зиянды әрі адам өміріне қауіпті батарея­лар, электр құралдары, тұрмыстық техника, бояғыштар, медициналық қалдықтар, пестицидтер, тыңайтқыштар, химиялық заттар мен құрамында сынабы бар басқа да заттар суға, топыраққа және ауаның ластануына аса жоғары әсерін тигізеді. Бұдан бөлек, түрлі буып-түю секілді заттың сыртқы орама қаптары да осы қоқыстардың қатарында. Сон­дықтан қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып тұрған жайы бар.

Бұл ретте 2025 жылға қарай қатты тұр­мы­с­­тық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 34%-ға дейін жеткізу мемлекет алдында тұр­ған нақты міндеттердің біріне айналып отыр. Аталған мәселені шешу үшін эко­логиялық қаупін азайтуға мүмкіндік бере­тін технологиялық және экономикалық сая­сатты талдап, әлемдік тәжірибедегі оның даму тенденцияларын ескеруді және өзі­міз­дің әрекетімізге қарай бейімдеуді қажет етеді. Егер Еуропаның Германия, Аустрия, Швеция және Нидерланд сияқты алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіндегі негізгі үш бағытқа сүйенсек, аталған өнімнің құн­ды компоненттерін қайталама шикізат ре­тін­де қолдануға және қайта өңдеуге ба­сымдық беруге болады. Өйткені адам ең­бе­гі­­мен жасалынған көптеген өнім бір рет қолданғаннан кейін, мәселен, қағаз қал­дықтары, консервіленген және алюмин құтылары, пластмасса мен шыны бөтел­ке­лер­ді қайталама энергетикалық ресурстар ретінде пайдаланып, кейін залалсыздандыруды керек етеді. Бұның бәрі белгіленген табиғатты қорғау нормалары мен ережелерге сәй­кес қалдықтарды полигонға жеткізеді. Нәтижесінде, біріншіден, қалдықтың 40-65%-ы қайталама материалдық ресурстар ретінде қолданылса, екіншіден, 25-35%-ы энергияны кәдеге жарату арқылы жағылып, оның 20% - дан азы көміледі екен. Осылайша, бұл мәселе қайталама материалдық пайдалану арқылы шешілді деуге болады. Яғни ҚТҚ-ның кем дегенде 50%-ы қайталама материал ретінде іске асырылды деген сөз.

 Мұндай көрсеткіш біздің елімізде нөлге тең. Бұл мәселені шешудің, өкінішке қарай, ғылыми негізделген стратегиясы жоқ. Еуро­па­­ның алдыңғы қатарлы елдерінде қатты тұр­мыс­тық қалдықтармен жұмыс істеу дең­гейі жоғары және олардың бір-бірімен араласып кетпеуін қатаң қадағалайды. Мәселен, батареялар, термометрлер, манометрлер, сынап шамдары мен бояғыш қалдықтарының өз жолы мен өңдеу әдістері бар. Ал бізде әлі күнге қалдықтар сұрыпталмайды, барлығы бір үйіндіге жиналады. Бұл ретте халық ара­сында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тір­шілік ету ортасының сапасына жауап­кер­ші­лікпен қарауды, қоқыстың бөлек жиналу ма­ңыздылығы мен қажеттілігін, халықтың эко­логиялық санасын, қоғамдық пікірін қа­лыптастыру мен сұрыптау ережелерін түсіндіру керек.

Дамыған елдердің тәжірибесінде, қоқыс­ты қайта өңдеу тек энергия көзі ғана болып қой­­май, сонымен қатар қосымша ресурстар өндіре алады. Осылайша, «Apple» компаниясы 2015 жылы «trade in» (ескі құрылғыларды жа­ңаларына айыр­бастау) есебінен бір тон­на­ға ­жуық ал­тын және тағы үш тоннаға жуық күміс өндірген.

 Елдегі ҚТҚ өңдеу үлесіне көз жүгіртсек, рес­публикалық маңызы бар 3 қалаға (Астана, Алматы, Шымкент қалалары) және 4 өнер­кә­сіп­тік өңірге (Қарағанды, Павлодар, Атырау мен Маңғыстау облыстары) қоқыс өңдеудің деңгейі 38%-дан жоғары, қалған өңірлерде 15%-дан аспай отыр.

«Бү­гінгі таңда елімізде қатты тұр­мыс­тық қалдықтардың 3 005 полигоны бар, оның ішінде экологиялық және сани­тар­лық нор­маларға сәйкес келетіні тек – 635 поли­гон. Бұл жерлерде 125 млн тонна қатты-тұр­мыстық және қауіпті қалдықтар жи­­нақ­талған. Оларды қайта өңдеу де, жою да мүмкін емес, өйткені аймақтарда қо­қы­с­ты қайта өңдеу инфрақұрылымы әлі де дұрыс жолға қойылмаған. Жыл са­йын өткізілетін ғарыштық мониторингтің нәти­же­сінде мыңдаған заңсыз полигон анықталады. Тау болып үйіліп жатқан қоқыстың экологияға зияндылығын азайту мақсатында әлем елдерінің ҚТҚ өңдеу бойынша түрлі әдісін ендіру тығырықтан шыға­ратын бірден-бір жол. Әлемдік тәжіри­беде қоқыстарды өңдеудің дамыған әрі кеңінен таралған әдісі – өртеу. Бұл – қоқыстарды жағу және жалпы электр желісіне сатылатын электр энергиясын өндіру механизмі. Қалдықтарды өртемес бұрын олар алдын ала сұрыпталады, бұл әдістің артық­шы­лығы қоқыс үйінділерін он есеге азай­туға болады», дейді сарапшы Ерлан Каримов.

Бүгінде әлем бойынша 2 мыңға жуық қоқыс жағу зауыты бар, олардың көпшілігі ЕО, АҚШ және Жапония елдерінде орна­лас­қан.

Сарапшы қоқыс жағу зауыттарында қол­­данылатын заманауи технологиялар бар­лық қауіпті шығарындыларды ұстап қалу­ға мүмкіндік беріп, қоқысты жағу ар­қылы электр және жылу энергиясы өнді­ріле­тін­ін, бұл жергілікті халықты жеңіл­де­тілген та­­рифпен қамтамасыз етуге, ал қал­ған­да­рын жол құрылысына пайдалануға бола­тынын жеткізді.

Мәселен, Жапонияда аралды кеңейту және әуежайлар сияқты ірі нысандарды, тіпті Осака қаласындағы EXPO-2025 нысандарын салу үшін қождан (шлак) брикеттер шығарылады. Швеция өз зауыттарының жұ­мы­сын қамтамасыз ету үшін көрші елдерден қоқыс импорттауға мәжбүр. Аустрия­да жер­гілікті тұрғындар қоқыс жағу зауыт­та­ры­­ның жанынан тұрғын үй сатып алуға ты­ры­сады, өйткені үй жеңілдетілген негізде жылу мен электрмен қамтамасыз етіледі. Германияда Ганновер қоқыс электр стансасы (EEW Energy from Waste) 280 мың тонна қал­дықтарды жағып, 53 мың үй шаруа­шы­лы­ғын электрмен қамтамасыз ету үшін 170 000 МВт*сағ электр энергиясын өндіреді.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды азайту, сондай-ақ тапшы электр энергиясын өндіру мақсатында еліміздің бірқатар өңірінде заманауи қоқыс жағу зауыттарының құрылысы қолға алынып, қазірдің өзінде 6 қоқыс жағу зауытын салу жоспарланған. Бұл қоқыс өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуға және ҚТҚ өңдеу арқылы табыс табуға ниеттенген жеке компаниялардың санын арттырады деген үміт бар.

Қатты тұрмыстық қалдықтар нарығын да­мы­туды ынталандыру мақсатында Бәсеке­лес­­тікті қорғау және дамыту агент­тігі, Эко­ло­гия және табиғи ресурстар ми­нистр­лігімен бірлесіп іс-шаралар жоспарын бе­кіт­кен еді. Реформа шеңберінде тариф­тік реттеу қағидалары қайта қаралап, нарыққа қаты­­сушыларды іріктеу өлшемшарттарын бекіту, шарттар жасасу мерзімдерін рег­ла­менттеу және жергілікті атқарушы орган­дардың ве­дом­стволық бағынысты ұйым­да­рының ҚТҚ на­ры­ғына қатысуын қысқарту жос­парланып отыр. Бұл өз кезегінде бизнес­тің бәсекелестік орта­да жұмыс істеуіне мүм­кін­дік туғызады.