Поэзия • 12 Қазан, 2023

Сағыныш

374 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қоңыр күз келген сайын көңілді мөлдір мұң басады. Жаз бойы көк шалғынға көмкерілген дала ажарынан әр тайғандай қуаң тарта түскен. Жап-жасыл жапырақтарынан айырылған ағаштар дімкәс жандай жүдеу. Күзгі аспанның қабағы да тамақ ішпеген адамдай жиі қатуланып, ара-тұра бүркіп алады. Осындай сүреңсіз көріністерді көріп, адамды көңілсіздік басады. Өмірде қызы ұзатылып, қызығы тарқаған ауыл секілді тым жұтаң өрінеді. Оның үстіне күн қысқарып, түн ұзара бастайды. Кейде сондай ұзақ түннің бір уағында шырт ұйқыңнан оянып кетіп, көз іле алмай бақырайып жатасың. Таң ағарып атып болмайды. Ұйқың қашып кеткеннен кейін неше түрлі ой иектеп алады.

Сағыныш

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сондай кезде есіме тып-тынық ағып жатқан Қабырға өзенінің жағасындағы туған ауылым, сонда өткен қызыққа толы балалық шағым, әлдеқашан «келместің кемесіне мініп кеткен» аталарым мен әжелерім түсіп, кеудемді өксік қысады. Кеше ғана өмірден өткен Рүстем досым көз алдыма келеді. Ақ сағымның арасынан әжемнің ақ жаулығы ағараңдайды. Осы сәтте жүрегімді сағыныш билеп, әлдебір қиял алыстарға жетелей жөнеледі. Енді мүлде ұйқы қашып, амалсыз, көзіңді талдыру үшін кітап оқуға тура келеді. Сол шақ­та поэзияны, оның ішінде ауыл туралы жазылған өлеңдерді оқығанды ұнатамын. Ауылды жырламаған қазақ ақыны жоқ. Бәрі де шынайы сезіммен мөлдіретіп жазды. Сонда да өзім жиі қайталап оқитын көрнекті екі ақынның жинағын қолыма алып, сағынышымды басқандай боламын.

Аз жазса да, саз жазатын айтулы ақын Жүр­сін Ерманның поэзиясында қышқыл мұңмен өрілген шынайылық пен сыршылдық басым. Оқырманды магниттей бірден тартып әкетеді. «Біздің ауыл шалғайда, жер түбінде» атты өлеңі бір оқығаннан жадымда жатталып қалды. Біздің ауыл да шалғайда, түкпірде жатыр. Көліктің жолы көп түспейді. Қалай соны тап басқан деп ойлайсың. Өлеңді оқып отырып, таусылып бітпейтін секілді көрінетін тірліктің жалғандығын, бірге жүрген адамдардың бетіңе күліп тұрып, сыртыңнан сөз ететін аярлығын, кейде өкпеге қимайтын достарының сатқындығын көріп, ойға батасың. Бұл туындыда сізді де нәзік сезімге бөлейтін сап-сары сағыныш, кермек мұң бар.

Нанбасаңыз, оқып көріңіз:

«Біздің ауыл шалғайда, жер түбінде,

Бөлек біздің ауылдың дерті мүлде.

Бір сапарға шығып ем он үшімде,

Енді мына тағдырдың еркі кімде?

Ауыл қалды шалғайда, жер түбінде.

 

Қайрылуға қайран жоқ,барам ұзап,

Жолдас болдым жандарға жанары жат.

Ішіп жүрген суымның бәрі кермек,

Жұтып жүрген ауамның бәрі аңызақ,

Қайрылуға қайран жоқ, барам ұзап.

 

Ұзап барам, қайтейін, барған сайын,

Қанша жылым бар енді, бар қанша айым?

Бәйтеректің басымын тамырынан

Алыстайтын жапырақ жарған сайын...»,

деп ақын туған ауылына деген сағынышын терең ой, бейнелі тілмен шынайы жеткізіпті.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазақ өлеңіне мол олжа салған Кеңшілік Мыр­забековтің кез келген шығармасы ұлт­тық нақышқа бай бояуларға толы. Оны біз сөз етіп отырған өлеңінен де байқайсыз. Бір деммен құйылып түскен осы туындыда этнография дейсіз бе, табиғат суреті дейсіз бе, сөз саздылығы дейсіз бе бәрі тө­­гіліп тұр. Өлеңді оқып отырғанда туған ауылыңыздың бейнесі көз алдыңызға келіп, қылаң жорғаға мініп, шалғынның ортасында сайын даланың саф ауасын еркін жұтсам деп қиялға берілесіз.

Ендеше өлең оқиық:

«Біздің ауыл ар жағы – көкпеңбек қыр,

Ізгі жауын себелеп көктем кеп тұр.

Қаулап қырға шашадан көк мелдеп тұр,

Қорық болмай әне бір шалғын табан

Өріске өткен көп малға өткел боп тұр.

Тұяқ тимей бұл жерге шығушы еді

Сал бидайық шайқалып көкпеңбек кіл.

Менің әкем мазасыз қорықшы еді,

Орып болмай сол жерді кеткен дегбір.

Қылаң жорға қылпылдап астындағы

Ой мен қырды ойқастап өткенде бір,

Қорықшының дауысына кәнігі мал

Шашау шықпай қырды асып кеткенде бір,

Салт ат мініп шалғынның ортасында

Тұрсаң, шіркін, ауасы неткен жеңіл?!

Біздің ауыл ар жағы – көкпеңбек қыр,

Ізгі жауын себелеп көктем кеп тұр.

Шаңдақ қырға шашадан көк мелдеп тұр,

Қорық болмай әне бір шалғын табан

Өріске өткен көп малға өткел боп тұр.

...Қорық көрген құнандар көп келмейді,

Құлын-тайға қайырусыз өкпем кеп тұр»,

деп жазған айтулы ақынның осы өле­ңін қазақ поэзиясының бір биігі деп айта ала­мыз.

Біз ауыл жайында жазған қазақтың екі үлкен ақынының екі туындысын алып, сол туралы қысқаша ғана ой толғадық. Ойланып оқыған оқырманға бұл екі өлең – бір-бірінен бөлек, шоқтығы биік дүние. Поэзия оқып жүрейік.