Президент • 13 Қазан, 2023

Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық-транзиттік тасымалдың 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді

116 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның Бішкек қаласында өтіп жатқан ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне  сілтеме жасап. 

Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық-транзиттік тасымалдың 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді

Фото: aqorda_resmi

Кеңес отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев туындайтын сын-қатерлерді еңсеруге, табысты ынтымақтастықты нығайту үшін жаңа салаларды іздеуге бағытталған ТМД форматындағы белсенді ықпалдастықты жалғастыруға үндеді.

«Тығыз сауда-экономикалық байланыстарды дамыту негізгі міндет болып қала береді. Достастыққа мүше елдердің нарықтары біз үшін қашанда басымдыққа ие. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сауда айналымының төрттен бірінен астамы ТМД мемлекеттерімен жасалды. Бұл оң динамика биыл да сақталып отыр. Қазақстанның сауда айналымы 7 айда 4,4 пайызға өсіп, 20,6 миллиард долларды құрады. Біз сауда байланыстарын одан әрі нығайту үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалануымыз қажет», деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы  сауда кедергілерін жоюға, қолайлы тарифтік жағдай жасауға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге баса мән беру қажеттігін де ескертті. Достастық кеңістігіндегі көлік дәліздерін дамыту маңызды екенін де атап өтті.

«Біз өзіміздің бірегей географиялық артықшылығымызды пайдаланып, жаһандық нарықтарды ұштастыруымыз керек. Осылайша, аймағымызды ірі көлік-логистикалық хабқа айналдырамыз. Әлемде жаңа экономикалық география қалыптасып, сауда ағындары ұлғая түскен қазіргі жағдайда бұл бағыт стратегиялық маңызға ие болады. Бүгінде Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық-транзиттік тасымалдың 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Біз Транскаспий көлік бағытын, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін одан әрі дамытуға, сондай-ақ «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндіктерін толыққанды пайдалануға айрықша мән береміз. Қазақстан «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол жобаларын тезірек іске асыруды көздейді», деді  Президент.