Аймақтар • 15 Қазан, 2023

Өндірістің қуаты мен қарқыны

92 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Петропавлдағы «Қызыл­жар» арнайы эконо­ми­ка­лық аймағына инвес­ти­ция салып, Германия­ның жо­ғары сапалы ауыл ша­руа­шылығы техникаларын шығаруды қолға алған кәсіпорындардың бірі «Reimann» ЖШС. Оның Петропавлда тіркел­геніне бір жарым жылдай уақыт болды. Директоры – Владимир Ковшов.

Өндірістің қуаты мен қарқыны

Agroqogam.kz сайтының ай­туы­на қарағанда кәсіпорын тір­кеме техникаларды жинауды қол­ға алатын болған. Осы бас­паның жазуына қарағанда Сол­түстік Қазақстан облыстық кә­сіп­керлік және индус­триалды-ин­новациялық даму бас­қарма­сы­ның бастығы Нұржан Са­ды­қов бұл кәсіпорынның жұ­мы­сынан үлкен үміт ететіндіктерін айт­қан. «Claas» техникаларына сәй­кес өнімдер шығаратын бұл кә­сіп­орынның болашағынан біз үл­кен үміт күтеміз», деген еді ол көк­темде берген сұхбатында.

Бүгінгі таңда «Reimann» ЖШС өнім шығаруға қажетті құры­лыс орнының негізгі құрылыстық-монтаждық жұмыстарын аяқта­ды. Осынау жұмыстарға құйыл­ған инвестиция көлемі 1,5 млрд теңгеге жетіп отыр. Жуырда осы кәсіпорынның жұмыс барысымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты. Кәсіпорын басшылығы жылдың аяғына қарай өздерінің өнімдерін шығаратынын жеткізді. «Біз жылына 150 дана тіркеме техникаларын шығаратын боламыз. Кәсіпорын толық қуаты­на енгенде 150 адамға жұмыс орындары ашылатын болады. Бүгінгі таңға дейін Германия­лық әріптестерімізбен ын­тымақтас­тық келісімдері жа­салған», деді кә­сіпорын басшысы Владимир Ковшов.

Бұл кәсіпорын Германияның «Claas» және «Horsch» компа­нияларымен ынтымақтастық ор­­нат­қан. Германия агрошаруа­­шы­­лық саласы бизнесінің жарық жұл­дызы – «Claas» компаниясы­ның «Қызылжар» АЭА келуімен осын­дай қосалқы кәсіпорын­­дар да келіп жатыр. Облыс әкі­мі олар­дың жұмысына қанағат­тан­ғандық білдіріп, елімізді ауыл шаруашылығы өнімдерімен то­лық қамтамасыз етуге олардың ісі қуатты көмек болатынына риза­шылығын айтты.

Бұған дейін Ғ.Нұрмұхамбе­тов «Қазтехмаш» машина жасау ­зауы­тында да болған еді. Бүгінгі таңда онда 85 адам жұмыс істейді, орташа еңбекақы 300 мың теңгенің көлемінде. Шығаратын өнімдері еліміздің барлық аумағына тарайды. Кәсіпорын финляндия­лық бренд саналатын «Sampo» комбайндарын жинайды. ЖШС-ның бас директоры әкімге: «Біз орта және ірі торапты құрастырулар­мен айналысамыз. Комбайнның 670 түрлі бөлшектерін қабылдап, оларды дайын өнім етіп жинай­мыз. Сонымен бірге дайын ком­байндардың белгілі уақытқа дейін тоқтаусыз жүруіне кепілдік бере­тін қызмет те ұйымдастырдық», деді. Кәсіпорын жыл сайын 300 комбайнға дейін құрастыруды межелеп отыр. Бүгінгі таңда 300 млн теңгенің бөлшектерін алуға тапсырыс беріп қойыпты.

Қазір Петропавлдағы дайын өнім шығаратын кәсіпорындар­дың арасында «Alageum Electric» ­компаниясы үздіктердің қатарына енген. Еліміздің бірнеше қала­сын­да филиалдарын ашып, транс­форматор шығаратын бұл кә­сіп­орын ­туралы «Егеменге» бұ­­рын да жазған болатынбыз. Ол да «Қызылжар» АЭА-­да шаңырақ көтерген кәсіп­орын­дардың бірі. Қазір кәсіп­орында 200-ге жуық адам нәпақасын айыруда. Орта­ша еңбекақы 330 мың теңгеден келеді екен. Бұлар туралы облыс әкіміне кәсіпорынның директоры Ерсұлтан Шәмшиев айтып бер­ді. Кәсіпорынның тағы бір ерек­шелігі – ол өз жұмысшылары­­на арнап салып жатқан 100 пәтер­­лік үйдің құрылысын да аяқтап қал­ды. Қазанның соңғы күндері­нің бірінде жүз шақты шаңы­рақ жаңа пәтерлердің кілтін ала­тын болады. «Әрине, үйлер тегін бе­рілмейді. Біз пәтер беруші, «От­басы банк» және пәтер сатып алушы үш жақты келісімшарт жасаймыз. Бізде бес жыл жұмыс істеген жұмысшы пәтердің жарты ақшасын өзінің депозитінде жинаған болса қал­ғанын «Отба­сы банк» оны ипотека арқылы несие­лендіріп, пәтерді өзінің меншігіне алатын болады», деді Ерсұлтан Шәмшиев.

Сонымен бірге облыс әкімі тұр­мыстық химия өнімдерін шыға­ратын «Радуга» ЖШС мен АЭА тағы бір қатысушысы «KazKran» ЖШС жұмысымен танысты. «Ра­­­­дуганың» өндіріс рыногында жүр­­­геніне бірнеше жылдың жүзі бол­ды. Қазір онда ай сайын 100 тон­наға жуық сұйық және қатты са­бын шығарылады. Күніне 20 тон­надай макулатураны өңдеп, 20 түрлі таза қағаз өнімдерін жасай­ды. Мұнда қазір 80-дей адам жұмыс істеп, айына 250 тоннадай дайын өнімдер шығарады. Фабрика өнімдерінің қатарында механикалық жәшіктер, шкафтар, металдық жиһаздар және т.б. бар.

Облыс әкімі көтергіш жарақ­тар мен көпірлік крандар шыға­ра­­тын зауыттың да жұмысы­мен та­нысты. Бұл кәсіпорын да «Қы­зыл­­жар» АЭА қатысушысы. 2 млрд теңге инвестиция құйылған кә­сіп­­орынның өнімдері 2025 жыл­дан бастап шығады, қазір онда жұ­мыс орындары дайындалу үс­тінде. Қызылжардың өндірістің қуа­ты осындай қарқынмен дамып келеді.

 

ПЕТРОПАВЛ