Осы жылдың наурыз айында өз елімізде өткен ойында жерлестеріміз бүкіл әлемді таңғалдырып, азулы «Дат динамитін» 3:2 есебімен тізе бүктіріп, тамаша камбэк жасаған еді. Бұл ойында отандық футбол жанкүйерлері мен сарапшылар жерлестерімізден жеңіс күтпесе де, бір ғажайыптың боларына үміт артып, кем дегенде сырт алаңда тең нәтижеге қол жеткізетініне сенім білдірген еді. Өкінішке қарай, бәрі біз ойлағандай болмады. Өз жанкүйерлерінің алдында ойнаған даниялық футболшылар бұл жолы осалдық танытқан жоқ. Әрине, бұл жеңіліске Қазақстан құрамасының бапкерлер құрамын да, футболшыларын да еш айыптай алмаймыз. Олар жеңіс үшін барын салды, бірақ қарсыластың Дания екенін ұмытпауға тиіспіз. Әлем футболында енді-енді еңсе тіктеп келе жатқан Қазақстан құрамасынан даниялықтар екінші рет, оның үстіне өз алаңында жеңілетін болса, бұл күн Дат футболының тарих жылнамасына қара таңба болып басылып, жанкүйерлері бұл жеңілісті өмір бақи ұмытпайтын еді. Намысқа тырысқан Каспер Юльманн шәкірттері бар-жоғы екі доп айырмасымен ғана жеңіске жетті.
Копенгагендегі матчқа дейін футбол мамандарының көбі Дания Қазақстан құрамасын бұл жолы қалпақпен ұрып алады, Астанадағы жеңілістің кездейсоқ екенін дәлелдеуі үшін бұл бәсекеде ірі есеппен жеңеді, тіпті қазақ футболшыларына өз алаңындағы жеңісі үшін пұшайман жегізеді дегендей батыл пікір білдірген еді. Бірақ біздің футболшылар сол футбол сарапшыларының болжам-жоспарының күл-талқанын шығарды. Жерлестеріміз екінші таймда есеп айырмасын қысқартып, Шмейхель қорғаған қақпаға жиі шабуыл жасап кеткенде даниялық жанкүйерлердің демін ішке тартып, «апырай-ай, қазақтар бірінші голын соқты, енді тағы да камбэк жасап кетпей ме екен?» деген оймен матчты соңына қарай мазасыз күйде тамашалағаны жүздерінен анық байқалып тұрды.
Матчтан бір сағат бұрын алаңға шығатын футболшылардың тізімі жарияланғанда Адиев бар назарын Данияға емес, бұл матчтан бірер күннен кейін өтетін финдерге қарсы ойынға аударғанын дереу түсіне қойдық. Өйткені құрама капитаны Асхат Тағыберген, қапталдағы қорғаушы Ян Вороговский, Аслан Дарабаев секілді негізгі құрамның ойыншыларына демалыс беріп, Досмағанбетов, Қайыров секілді қосалқы құрам ойыншыларын бірінші минуттан бастап ойынға араластырды. Сондай-ақ Могамед Адиев бұл ойында ұлттық құрама тізгінін ұстағалы бері бірінші рет үш шабуылшымен ойнады. Тактикалық тұрғыда жиі қателесе бермейтін бас бапкердің бұл жолғы жүрісі де өз жемісін берген сияқты. Қарсыластардың алғашқы минуттардан бастап шабуылға ден қойып, қорғанысқа баса мән бермейтінін болжап, қарсы шабуылда да бір нәтиже шығаруды ойластырған еді.
Кездесудің алғашқы жарты сағатын жерлестеріміз жоспардағыдай өткізді деп айтуға болады. Бірінші гол соғылғанға дейін қорғаныстағы да, шабуылдағы да жігіттер өз міндетін абыроймен атқарып жатты. Тек ойынның 36-минутында алаң иелері стандарт жағдайдан гол соғып кеткеннен кейін жерлестеріміз ойынды уысынан шығарып алғандай болды. Кристиан Эриксеннің асырған пасына Йоахим Андерсен бірінші жетіп, алаңнан шығып бара жатқан допты әріптесі Йонас Виннге дәл жеткізді. «Вольфсбург» клубының жас шабуылшысы тепкен доп екі қорғаушымыздың ортасынан өтіп, қақпа торынан табылды. Ал бірінші таймға қосылған қосымша минутта Роберт Сков алаң иелерінің басымдығын арттырып, командасын үзіліске 2:0 есебімен шығарды.
Екінші таймда Могамед Адиев алаңға Абат Айымбетовтің орнына Асхат Тағыбергенді, қорғаушы Тимур Досмағамбетовтің орнына Ян Вороговскийді шығарды. Бұл, бір жағынан, финдерге қарсы ойын алдында Айымбетовке демалыс беру және Тағыберген мен Вороговский бабында болу үшін берілген мүмкіндік еді. Сондай алаңның орталығында доп ұстап, қаптал арқылы шабуылға жаңа леп беру болды. Кездесудің екінші бөлігі бас бапкердің жоспары бойынша өтті. Дегенмен екінші тайм басталған бетте Роберт Сков екінші мәрте көзге түсіп, есепті ұлғайта түсті. Арада он минут өткенде Ян Вороговский оң қапталдан Бағдат Қайыровтың асырған добынан кейін есеп айырмасын қысқарта алды. Бірақ әрі қарай біздің жігіттерде гол соғатын мүмкіндік болғанымен, матч соңына дейін ойын есебі өзгеріссіз қалды. Осылайша, Қазақстан құрамасы сырт алаңда Дания құрамасына 3:1 есебімен жол берді.
Сондай-ақ біздің топтағы өзге ойындарға тоқталар болсақ, Словения өз алаңында келесі қарсыласымыз – Финляндияны 3:0 есебімен тізе бүктірсе, Солтүстік Ирландия Сан-Мариноны да дәл сондай есеппен жеңді. Жетінші турдан соң Н тобында Словения мен Дания құрамалары кезекті жеңісінен кейін 16 ұпаймен көш бастап, Қазақстан мен Финляндиядан (12 ұпай) төрт ұпайға алға ұзап кетті. Солтүстік Ирландия алты ұпаймен бесінші сатыға жайғасса, алтыншы орындағы Сан-Маринода соқыр ұпай да жоқ.
17 қазанға жоспарланған сегізінші турда жерлестеріміз сырт алаңда Финляндиямен кездессе, Дания Сан-Мариноға, Солтүстік Ирландия Словенияға қонаққа барады.