Театр • 15 Қазан, 2023

Сахнадағы «Құйын»

396 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Шығармашылық дәстүрде қалыпқа түскен ескі дағдыны бұзып, қаңқасынан жаңа дүние жасап шығаруға әрекеттену – еркін ойлы бүлікшілерге тән мінез. Адамның арман-аңсарын жаныштап, шірітіп, шектеу мен тұйықтыққа апарып тірейтін қоғамның тұлға дамуын үнемі тежеп отыратынына келісе алмайтын бүлікшіл өзінің де, өзгенің де жеке шекарасын кеңейту арқылы сол қысымнан құтқарғысы келеді. Тар қапасты, ескі ереженің бәрін талқандап, тың тақырып тапқысы келгендегі мақсаты сол.

Сахнадағы «Құйын»

Осы мақсаты жолында ол ше­гінбейді де, ешкіммен ымыраға да келмейді, сана еркіндігі, шындық пен ақиқатты мойындату үшін бәрін жапырып, таптап өтуге бар. Сананы шаң қаққандай сілкіп қалып, жү­ректің ішіне жарық түсіріп, көз жанарын жарқ еткізсе, бүлікшіл мақсатының орындалғаны. М.Әуе­зов атындағы ұлттық драма театры­ның сахнасында «Құйын» жүріп өткеннен кейін не мақтауға не дат­тауға келмейтін әрі-сәрі күйге түскендегі алғашқы ой режиссер Әлібек Өмірбекті «бүлікшіл» деп бағалауға мәжбүр етті.

«Құйын» спектаклі осыдан он жыл бұрын, бес жыл бұрын қойылған өзге спектакльдерге ұқ­самайды. Қай қырынан алсаң да бө­лек. Біріншіден, пьесаның авторы Ер­кін Жуасбек болғанымен, афишада ол «ұжымдық жұмыс» деп жазылып тұр. Себебі режиссер драматург идеясын пайдаға жаратқанымен, сахнаға шыққанда автордың түн ұйқысын төрт бөліп жазған шы­ғармасынан жұрнақ та қалмаған. Отыздан аса актер, әр дәуірге лайық киім үлгісі мен сол кезеңге сай сахна декорациясын, бутафориясын бейнелеген суретші, музыкамен үйлестірген композитор қатысып, ауқымды спектакльді сахнаға шы­ғарған премьера алдындағы бас­пасөз мәслихатында мұны пьеса авторы Е.Жуасбектің өзі айтты. Екіншіден, режиссер мен оның командасы қазақ тарихының басты беттері мен тақырыптарын бүгінгі күннің күйіп тұрған мәселесімен байланыстырғанымен, қисынға құрылған нақты әрі айқын әдеби композиция жоқ. Тарихтың әр тарамын сүйреп әкеліп бір төбенің басына үйе салғандай әсер қалдырады. Бірақ ақтап аларлығы сол, сол қасіретті тарихтың бәрі қазақтың басынан өткен. Сондықтан да «Құйын» спектаклінің өткен тарих­қа шегініс жасай отырып бүгінгі уақытқа тура бағыттаған сауалы өткір.

Спектакль актер мен режис­сердің диалогінен басталады. Әйнек терезенің арғы жағынан ке­летін 1-кейіпкер Мағжан Асау­байды режиссер спектакльдің басталуын орысша хабарлауға мәжбүрлеп тұр. Кейіпкер орыс тілін белден басып әрең сөйлейді. Орыс­шасына көңілі толмаған ре­жиссер бетінен еден жуатын шү­берекпен аяусыз салып қалады және бірнеше рет. Осы әрекеті үшін Ә.Өмірбекұлын «көрерменді сыйламады» деп жазғыруға болар еді. Сахнаны сыйласа, көңілінен шығуға тырысса, он бес минут бойы Мағжан Асаубайға бір сөзді бірнеше рет қайталатып, қолайсыз әрекетпен көрерменнің алпыс екі тамырындағы қанды атойлатып басына шапшытпас еді. Шыдам шекке жетті дегенде шымбайына батқан ма­зақтан күйіп тұрған Мағжан орысша таза сөйлеуін талап еткен режиссерге арыстанша атылып, алқымынан шеңгелдеп ұстаған күйі қылғындырып өлтірді. Қазақ тілі мен орыс тілінің қоғамдағы ахуалы анық көрініс тапты мына айқастан. Қағажу, қысым көріп келе жатқан қазақ тілі кенет қанатын жазғандай көрермен де дүрдей болып кеудесін бір көтерді...

Спектакльдің премьерасына театртанушылар, сахна өнерінің сыншылары тегіс келіп қатысып отырғанын көзіміз шалған. Үш сағаттан аса сахнадағы құйын мен да­уылдың өтінде отырып, көр­генімізді қорыту қиынға соғып, театр­танушы, өнертану кандидаты Зухра Исламбаевадан «Спектакльді қалай қабылдадыңыз?» деп сыр тарттық. Актерлер төбесімен жүріп ойнаған секілді тосындау көрінген дүниеге кәсіби театр сыншысының көзқарасы бөлек болса керек.

–Жалпы, бұған дейін пьесаның құрылымы драманың теориясына негізделуге тиіс дейтін заңды қағиданың болғаны рас, алайда бүгінгі жаңа режиссура, аталған қойылымның жүйесі ондай қатаң міндеттемеге тәуелді емес. Бұл жерде актер мен кеңістік өзара біте қайнаса отырып, қоғамдағы ащы шындықтарды әжуә-мысқылмен, метафоралық, символдық, гро­тескілік, карикатуралық сарын­да жеткізеді. Мәселен, ең ал­ғашқы көріністегі 1-кейіпкердің (М.Асау­бай) орыс тілін білмей, ойын анық жеткізе алмай қиналуы дәл қазіргі өзіміз өмір сүріп отырған қоғамдағы ұлттық тіл мәселесінің, оның өзге тілдердің көлеңкесінде қалған бейшара күйін көрсетеді. Және оның спектакльдің басынан-соңына дейін аяғын сылтып басуы адамның емес, қоғамның ақ­сап жатқанын білдіреді. Сол сияқ­ты белгілі сахна шебері Бекжан Тұ­рыс кейіптеген Анна Иоанновна пат­шайымның ісінген бейнесінен, оның ешкімді менсінбей көзінің астымен қарайтын көзқарасынан қай кезде де қазақ ұлтына төнген сыртқы қысымды байқаймыз.

Расында, шығармада өткен ғасыр­лардағы қазақ даласында болып өткен қоғамдық-саяси түр­лі қы­сымдардың бет қаратпас құйын­дай соққан дауылының сызы бар. Режиссер көп жылдар (тіпті ғасырлар) бойғы Ресейге тәуел­ділікті ісінген, иығынан дем алып, ысылдап сөйлейтін, сараң жүрісті Анна Иоанновна патшайымның бейнесінде көрсетеді. Сол сияқты Ә.Өмірбекұлы ХХ ғасырдың ба­сында «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дейтін қол­дан жасалған ұранмен қазақ жеріне аштық орнатып, қарапайым халықтың соңғы малына дейін зор­лықпен тартып алғанын да назардан тыс қалдырмаған. Мұны ол сахнада ойқастап, еркін шауып жүрген жылқының голощекиндік саясаттың құрбаны болуымен, яғни жылқының қасапханаға алынуымен аңғартады. Сондай-ақ бұл көрініс жазықсыз құрбан болған Алаш қайраткерлерінің ауыр тағдырын баяндайды. Жалпы, аталған спектакльде бүтін бір халықтың басын­дағы қысылтаяң уақыттардың сызы, психологиялық-моральдық күйреу сарыны бар.

Алайда дәл қазіргі уақытта өзі­нің өзгеше формадағы қойылым­дарымен танылған Ә.Өмір­бек­ұлының бұл спектаклінде алдың­ғы қойылған шығармаларында пайдаланған кейбір сахналық эле­мент-детальдардың барын жасырмаймыз. Мәселен, ілініп тұрған, жарығы білінер-білінбес шам, қи­мыл-қозғалысы күлкі тудыратын, яғни жүріп-тұруы қиын же­­бір шенеуніктер мен билік өкіл­де­рінің бейнесі бұған дейінгі қойы­лымдарында да қолданған болатын. Негізінен театр, оның ішінде режиссура өнерінде «Режиссердің өзін-өзі қайталауы қиял байлығын көрсетпейді» (Ә.Тәжібаев) деген қағида бар. Сол тұрғыдан ал­ған­да Ә.Өмірбекұлының белгілі бір сах­налық детальдарға ғана қа­тып қалмағаны дұрыс. Осы жерде қойылымның екінші бөлі­мінің тем­по-ритмінің мүлдем тү­сіп кет­кендігін атап өткіміз келе­ді,–дейді театртанушы Зухра Ислам­баева.

Ғасырлар бойы қазақтың басын көтертпей қойған бодандық, ашкөздік, сатқындық трагедиялық-драмалық сипатта тарихи жылнамамен шынайы өрбиді. Ресей патшалығы мен кеңес өкіметінің озбырлығы әр сахналық көріністе атойлап тұр. Ал ондай сахналар мұнда жетеді: Николай патшаның заманы, Кенесары хан, Екатерина ІІ, Ералы мен Нұралы, Голощекин, жылқы бейнесіндегі азаттық аң­саған Алаш арыстары... Әсіресе бес биенің сабасындай жайқалған «қатын патша» Анна Иоановнаның семіздіктен демігіп жүре алмай, есі-дерті көбелек қуып, тойлағаннан шаршамайтын мұңсыз бейнесінің арғы жағындағы қазақ дейтін кіш­кентай халықты аяусыз тонап ал­ған тойымсыздығы іркілдеген ірі денесінде таңбаланып тұр. Бұ­ратана халық өзі-ақ аяғына бас ұрып тұр. Ойсыз. Қамсыз. Қызыл көйлекті киіп алып, қызық қуып жүрген патшайымның бейнесі Бек­жан Тұрыс жасаған образдар гал­лереясына сарказмге толы, тұспалы терең, қайталанбас дара бейне болып қосылатыны даусыз. Таңқаларлығы, Ә.Өмірбекұлы Анна патшайымды қазақтың қолымен өлтірді. Тарихта болмаған, болуы да мүмкін емес жайтты көрсете отырып, қазақтың ғасырлар бойғы арманын өлтірмей, жылтыраған үміт сәулесін сыйлағысы келген сыңайлы.

Алып Фаберже жұмыртқалары мен портрет бейнедегі Романовтар әулеті сахналанған сәт те көрермен көңілін тербемей қоймады. Ал сахнаға Голощекин шыққанда, әумесерлік, есерсоқтық бірге еріп шықты. Алдынан шыққан адамды атып, артын қызыл жалынға орап, жайқалған жазира даланы өртеп кетеді. Осқырынып тұрған орыс өк­темдігіне қара қазақтың сабыры мен төзімінен басқа қарсы қояр түгі жоқ...

Символикалық тұспал-белгісі көп спектакльде ызыңдаған маса көрінгенде жұмбақ түйін шешіліп, түсінікті қалып танылды. Бүгінгі қазақ танымында маса – «ояту» міндетін арқалаған қуатты құрал. Қа­натын безектей қағып, қалың ұйқ­ыға кеткен мешел сананы оятамын деп ұшып келген бетте екі құзғын қағып салды...

Кешегі өткен тарихтың үй құла­тардай екпінінен сахнада, рас, құйын жүріп, дауыл тұрды. Көпшілік сахнасы мол, құрама оқиғалары қысқа болғанымен, мәні терең ауқымды қойылымда бай декорация сурет тілінде өзі сөйлеп тұрды. Режиссер мақсатын шығармашылық қиялымен ширатып, мағына үстей алған суретші Мұрат Сапаровтың еңбегі зор. Қазақ тарихының басты сахнасында ойнап, қасіретті ізін тас­тап кеткен Николай, Сталин, Го­ло­щекин сынды кейіпкерлерді кейіптеген Әсел Сайлауова, Дастан Шымырбек, Зарина Кәрменова сияқты талантты актерлер қатпары қалың қабілетін жаңа қырынан танытты. Әрине, күштің салмақтырақ жағы Мағжан Асаубайдың иығына түскенін бөлек атап өткеніміз орын­ды.

«Біз, ең алдымен, «кішкентай адам» комплексінен арылуымыз керек. Өзімізді «ұлы халықпыз» дейміз. Ұлы халық өзі туралы «ұлы­мын» деп айта ала ма? Мен үшін шығармадағы маңызды дүние – қазақтың қылмыс жасағаны. Бірін-бірі сатқаны. Театр әртістерімен бірге сол жағдайды ұлттық деңгейге үлкейттік», деді «Құйын» дра­масының қоюшы-режиссері Әлібек Өмірбекұлы. Ал біз тарихтың ма­ңызды оқиғаларын таспадан өткізгендей тамашалап отырып, өткен тарих туралы айтылған бү­гінгі жаңа ұрпақтың сөзі бұл деп қабылдадық. Еркін сөз. Батыл қадам.

 

АЛМАТЫ