Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жақында өткен республикалық педагогтер съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп тапшылығы, қауіпсіздік, оқушылар арасындағы әлімжеттік, буллинг секілді бірқатар өзекті мәселе көтеріп, бұл бағытта атқарылуға тиіс жұмыс жүйесін бекітіп берді. Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі де Президент назарынан тыс қалмады.
«Соңғы уақытта маған зорлық-зомбылық көрген балалардың ата-аналарынан өтініштер келіп түсуде. Ашығын айтқанда, мұндай хаттарды оқу оңай емес. Жасөспірімдердің қылмыстық психологиясы мен кейбір мұғалімдердің немқұрайдылығының құрбаны болған балалардың жай-күйі жүректі ауыртады», деген Президент тиісті органдарға қылмыс жасағандарды заң жүзінде жазалау үшін осындай жағдайлардың бәрін айрықша бақылауға алуды әрі кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған адамдардың жазасын қатаңдатуды тапсырды. Бұған дейін де Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту мәселесін көтеріп: «Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөліп, қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады», деген еді.
Ал жақында Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшылары балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі нұсқаулықты жариялады. Нұсқаулық республикадағы мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйым өкілдеріне, осы мәселеге алаңдаушылық танытатын барша қоғам өкілі мен зерттеушіге көмекші құрал ретінде әзірленген. Мақсаты – әр отандасымызға, оның ішінде ата-аналарға, туыстары мен жақындарына балаларға жасалатын зорлықтың алдын алу, оған қарсы әрекет ету, қылмыс болған жағдайдағы іс-қимыл алгоритмі жөнінде тәжірибелік ұсыныс беру.
Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының сарапшысы Арна Дүйсенованың айтуынша, нұсқаулықта бала құқығы мен қауіпсіздігі мәселесімен айналысатын белді халықаралық ұйымдар мен институттардың соңғы зерттеулері, әдістемелік еңбектерінің нәтижелері жинақталған. Сондай-ақ Отбасы және гендерлік саясат орталығы дайындаған Ұлттық баяндама мен зерттеулердің нәтижелері, құқық қорғау органдарының деректері қолданылған. Кітапшада статистикалық мәліметтерден бөлек, қылмыскердің бейнесі, ата-аналарға арналған кеңестер мен көршілерге, туыстар мен куәгерлерге ұсыныстар берілген.
«Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты орташа есеппен алғанда 31-40 жас аралығындағы жыныстық белсенді ер адам жасайды. Бұл қылмысқа көп жағдайда негізгі орта білімді, тұрақты жыныстық серіктесі жоқ азаматтар барады. Сондай-ақ олар жұмыссыз, моральдық құндылықтары төмен болады. Кей зерттеулер агрессор немесе қылмыскер зардап шеккен баланың (60%-дан жоғары) отбасы мүшесі немесе танысы екенін анықтады. Сондықтан зорлық-зомбылық ұзақ уақыт бойы, 3 айдан 7 жылға дейін жасалуы мүмкін. Ал криминологиялық зерттеулерге сәйкес мұндай қылмыстардың 20 пайызын кәмелетке толмағандар жасайды. Ескере кететін бір жайт, егер қандай да бір бала өзінің балалық шағында физикалық зорлық-зомбылыққа ұшыраса, оның ересек жаста агрессорға айналу ықтималдылығы жоғары болады», дейді Арна Дүйсенова.
Кітапта АҚШ педиаторлар академиясының балаларды жыныстық зорлықтан қорғауға бағытталған жеті кеңесі де берілген.
«Бірінші, ата-ана баламен ашық, өзара сенімді және бір-біріне құрметпен қарайтын қарым-қатынас орнатқаны абзал. Ата-ана ретінде балаға қажетті ақпаратты дұрыс, абайлап жеткізіп, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Екінші, балаға дене мүшелері туралы кішкентайынан түсіндіру қажет. Жыныстық органдар – қалыпты дене мүшесі, денсаулықтың бір бөлігі және оны балаға ұғындырған дұрыс. Үшінші, балаңызға «жоқ» деп айтуды, үлкендерді тыңдап, олардың айтқанын бұлжытпай орындауды үйретіңіз. Алайда бұл екінші жағынан баланы ересек адамның құрбанына айналдыруы да ықтимал. Сондықтан нақты жағдай балаға қолайсыздық тудырса, ол «жоқ» деп батыл айта білуі керек. Төртінші, ата-ана баланы құпияны, әсіресе басқа адаммен екі ортадағы сырды айтуға шақырғаны жөн. Өзара құпия сақтау – жыныстық зорлық-зомбылықпен айналысатындардың негізгі тактикасы. Бесінші, балаңызға бейтаныс адаммен қарым-қатынас жасаудың қарапайым ережелерін үйретіңіз. Бейтаныс адаммен бірге көлікке отыруға, одан сыйлық алып, шақыртуын бірден қабылдауға болмайтынын түсіндірген жөн. Алтыншы, бала ашық сөйлесе алатын 5 адамды анықтап қойған жөн. Таңдалған бес адамның ішіндегі үшеуі отбасы мүшесі болмағаны маңызды. Ол жеке бір тұлға ғана емес, оқытушы, құқық қорғау қызметкері немесе дәрігер секілді мамандар болуы да мүмкін. Жетінші, баланың психологиясына, күнделікті әдеттеріне жіті назар аудару қажет. Бала өзіне зорлық жасалғанын хабарлаған уақытта мәселені кейінге шегермей, ата-ана құқық қорғау органдарына жүгінуі қажет. Болған оқиға бірден белгілі болса, онда жауапкершілікке тарту үшін дәлелдерді (баланың киімі, қылмыскер ұстаған заттар, т.б) өзіңіз жинап, оларды сақтауға тырысу маңызды», деді орталықтың сарапшы-менеджері Ғалия Байболатова.
Жалпы, қоғамда өткір болып тұрған бұл мәселені БАҚ бетінде жариялаудың да өзіндік мәдениеті бар. Өйткені зерттеушілер мен сарапшылар пікірінше, әлеуметтік мәселелер қоғамның бұл түйткілді қалай қабылдауына және шешуіне әсер етеді. Тіпті зиянын да тигізуі ықтимал. Осы орайда Қазақстан қоғамдық даму институтына қарасты «MediaLab» орталығы балалар мәселесін қауіпсіз жариялау жөнінде медиақауымдастыққа арналған халықаралық стандарттар мен қағидаттар негізінде бөлек нұсқаулық әзірлеген.
«Балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық туралы хабарлауда журналистерге құқық бұзушылықтың куәгері немесе құрбаны болған 16 жасқа толмаған балаларды, тіпті заңмен рұқсат етілсе де, анықтамау маңызды. Әрқашан атын өзгертіп, жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе оны жасаушы ретінде анықталған баланың бейнесін жасырын ұстаңыз. Ешқашан қылмыскердің уәждері жайлы ойламаңыз. Жәбірленушінің айыпталуына әкелуі мүмкін жәбірленушінің кез келген болжамды әрекеттері мен мінез-құлқын айтудан аулақ болыңыз. Бала стигматизациясына жол бермеңіз. Баланы қайта құрбан етуге бағыттайтын сипаттамалар мен санаттардан аулақ болыңыз. Фотосуреттер мен визуалды кескіндерді пайдаланудан аулақ болыңыз. Егер мазмұнға тікелей қатысы жоқ адамдар мен объектілердің фотосуреттері мен бейнелерін қолдансаңыз, онда бұл туралы ескерту керек. Жыныстық зорлық-зомбылық және балаларды қорғау бойынша мамандармен кеңесіңіз. Балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық туралы журналистік зерттеулер балалар және журналистер үшін де тиісті қауіпсіздік пен кәсіби қолдау арқылы жүргізілуі керек. Егер балаға қауіп төнбейтініне сенімді болмасаңыз, жеке баланы емес, жалпы жағдай туралы хабардар етіңіз. Құрбан болғандар, жәбірленушілер мен оларды қолдағысы келетіндерге қатысты ақпарат пен ресурстарды қолданыңыз. Мысалы, сенім телефон нөмірлері», деді «MediaLab» орталығы жобалық кеңсесінің басшысы Сымбат Иманбаева.
Айта кетейік, журналистер мұндай тақырыптарды жариялағанда да залалсыз сөздер мен сөз тіркестерін қолдануға ерекше назар аударуы қажет. Мәселен, жәбірленушінің сөзіне күмән келтіретін «жәбірленуші» терминінің орнына «зорлық-зомбылық құрбаны» деп жазылуы керек.