Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының, жалпы, ел ғылымының алдына маңызды міндеттер қойып, экономиканы дамытуға бет бұру және нақты пайда әкелуді тапсырғаны белгілі. Осы орайда академия президенті Күнсұлу Закария форум барысында «Ғалымдарға ғылыми әлеуетті дамытуға қызығушылық танытатын бизнес-қауымдастықтар қаншалықты қажет болса, ғалымдардың да инновациялық, технологиялық шешімдері бизнесті қызықтыра білуге тиіс. Бұл бағытта екіжақты әрі жылдам жүзеге асатын іс-қимылдар қажет», деген пікір білдірді.
Елімізде талантты, әсіресе ғылымға құштар жастар көп. Бірақ қоғамда ғылымды насихаттау жағы кемшін. Академияның вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев атап өткендей, жастарды инновацияға, заманауи технологияларға бейімдеу уақыт күттірмейді.
– Бүгінде әлемнің бірқатар елінде шығып жатқан «Oyla» ғылыми-танымдық журналының біраз үзілістен кейін елімізде жарыққа шығуы қуантады. Осындай басылымдар арқылы ғылымды насихаттап отыру қажет. Кейінгі жылдарда дүние жүзінің көптеген елі ғылымда көш ілгері кетті. Кванттық технологиялар, кванттық компьютерлерді меңгеруде алға озды. Ал біз артта қалып келеміз. Көптеген ғалымның өнертабыстары, баяндамалары мен жариялаған мақалалары шаң басқан сөрелерде қалып қойып жатыр. Сондықтан ел экономикасы үшін тартымды жобаларды өндіріске енгізуде алтын көпірге айналатын алаңдар ғалымдарға ашық болуға тиіс, – деді А.Жұмаділдаев.
Форум барысында белгілі бизнес өкілдері де тәжірибелерімен бөлісіп, ғылымды дамытудың тетіктеріне тоқталды. Заң ғылымдарының докторы, инженер-физик, белгілі бизнесмен Мұхтар Жәкішев еліміздің жер қойнауын тиімді пайдалануға қатысты ойларымен бөлісіп, әлемде туындап отырған энергетикалық тапшылық, атом электр стансасын салуға қатысты сұрақтарға жауап берді. Оның айтуынша, кеңестік кезеңде салынған электр стансаларының нәтижесінде кейінгі жылдарға дейін елімізде электр энергиясы тапшылығы байқалмай келді.
– Сондай-ақ кезінде көмір стансасы көптеп салынды. Олардың бірінің солтүстікке, ал енді бірінің оңтүстікке орналасуы Орталық Азия, тіптен Ресейдің оңтүстігін элекр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бүгінде бұл стансаның көбінің жұмыс істеп тұрғанына 40-50 жылдан асты. Осы жылдарда стансалар жаңартылды, жөндеуден өтті. Ендігі кезекте энергетикалық дағдарыстан шығу жолын атом энергетикасына көшумен байланыстырып отырмыз. Бірақ әлемдегі қолданыстағы атом стансалары біздің энергия жүйеміз үшін тым үлкен. Сондықтан өзіміздің энергия жүйеміздің қалыбына түсетін технология іздеуіміз қажет. Ол технологияны ойлап тауып, салғаннан кейін барып сынақтан өткізу маңызды. Нәтижесіне көз жеткізгеннен кейін ғана станса салу туралы шешімге келуге болады. Немесе өз жүйемізді қазіргі үлкен атом стансалары деңгейіне жеткізуге тиіспіз, – деді Мұхтар Жәкішев.
Инновациялық шешімдер қашанда ғылыммен ықпалдастықта дамуы керек. Осы орайда «Alageum Electric» энергетикалық компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов жоғары оқу орындары, жеке білім беру орталықтарымен байланысын нығайта отырып, компания алдағы уақытта жаңа өнімдер шығару, серіктес қалаларды дамытуға қатысты жобаларымен бөлісті. Ал «Sergek» компаниясының негізін қалаушы Қайрат Ахметовтің айтуынша, күні бүгінге дейін компанияда жасалған сараптамалық шешімдер ғылымның қатысуынсыз жүзеге асып келген. Ендігі кезекте инфрақұрылымдарды дамытуға қатысты ақпараттарды терең талдау, зерттеулерге ғалымдарды тарту міндеті тұр. Smart City шеңберінде қоғамдық қауіпсіздік, көлік және экология сияқты бағыттарды кеңейту жоспарланып отыр. Компания өнімдері Big Data көмегімен көлік қозғалысын талдауға, жол қауіпсіздігін арттыруға және қоршаған ортаның ластану көздерін ғылыми шешімдердің нәтижесінде ғана терең талдауға мүмкіндік алатыны сөзсіз.
Форум аясында «Көркем телеком» директоры Әсет Ахметов, «Qazbiopharm» ұлттық холдингінің бас директоры Ерғали Әбдірайымов, «Ғылым қорының» басқарма төрағасы Әбділда Шәменов, Ішкі істер министрлігі академиясының бастығы, полиция генерал-майоры Айдар Сайтбеков, «Astana Vision» клиникалар желісінің құрылтайшысы Владимир Ким, «Қазақстан инжиниринг» R&D құрастыру компаниясының өкілі Қалқабек Айдос, басқа да бизнес өкілдері әр салада жоғары нәтижеге жету ғылымның қатысуымен мүмкін екенін айтып, осы бағыттағы жетістіктерге тоқталды.
Бизнес өкілдері ғалымдардың коммерцияландыруға дайын ғылыми-инновациялық жобаларымен танысу барысында Ядролық физика институты әзірлеген «Аqua dress» гидрогельді таңғыштар өндірісіне назар аударды. Гидрогельді таңғыштар бактерицидтік қасиетке ие. Оны дене жарақаты, күйік кезінде, жұмсақ тіндердің зақымдануы, тері қабынуында қолданып келеді. Өндірістің жылдық қуаты – 10 мың дана. Ендігі кезекте «Аqua dress» өндірісін ішкі нарықта ғана емес, шетелге шығару міндеті тұр.
Қазіргі кезде ауыл шаруашылығын алға бастыру еліміздің азық-түлік саясатын дамытуда маңызды рөлге ие. Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринарлық институты әзірлеген ауыл шаруашылығы жануарларының жұқпалы ауруларын емдеуге арналған вакциналары және антигендер, Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институтының алма сорттарын көбейтуге арналған жобалары саланың өндірістік әлеуетін дамытуға ықпал ететіні сөзсіз.
Осы орайда Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ветеринарлық медицина, молекулярлы биология, гендік инженерия, биотехнология саласында тиімді қолданыс тапқан жобалары, Ғарыштық зерттеулер және технологиялар ұлттық орталығының аэроғарыш, ауыр машина жасау, қорғаныс саласында пайдалануға болатын жоғары сапалы бұйымдарына назар аудару маңызды. Профессор Оралбай Дәрменовтің қан тамырларын тазартатын өнертабысы жүрек-қан тамырлары ауруының алдын алу мен өлім-жітімді азайтуға ықпал ететін шешімдердің бірі болса, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық ғылыми-зерттеу университеті ғалымдары ұсынған протативті кардиоанализатор, «Trenko» R&D компаниясының металлургия өнеркәсібіне арналған технологиялары да жер қойнауы қазбаларын өндіру, қайта өңдеу саласында тиімді болмақ.
Жиында әртүрлі тақырыпқа арналған шеберлік дәрістері өтіп, ғылым мен бизнес үшін сәтті жобаларға қатысты келісімдер жасалды.
АЛМАТЫ