Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жұмыс істейтін азаматтар үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысудың өз артықшылықтары бар. Бұл туралы бізге «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бас директорының орынбасары Алиса Қайырбекова жан-жақты мәлімет берді.
Оның айтуынша, жұмысшылар әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды ала отырып, бұған қоса МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер алады. Жүйе әлеуметтік тәуекелдердің алты түрін қамтиды. Бұл – еңбекке қабілеттіліктен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүктілік пен босану, жаңа туған баланы асырап алу, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайлары. Осы орайда жұмыс істейтін азаматтар жұмысқа орналасу кезінде еңбек шартын жасауды қаперінде ұстау қажет. Бұл жағдайда жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен қорға қызметкердің кірісінің 3,5% көлемінде әлеуметтік аударымдар төлеуге жауапты болады.
– Еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем медициналық-әлеуметтік сараптама жалпы еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін 30%-дан 100%-ға дейін белгілеген кезеңге тағайындалады. Бұл төлемнің ең ұзақ мерзімі – көмек алушының зейнет жасына жетуіне дейін. Ал асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем – асыраушының асырауындағылары 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысаны бойынша оқығанда 23 жасқа дейін тағайындалады. Жыл сайын Үкімет қаулысы негізінде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылармен бірге МӘСҚ-тың ұзақмерзімді төлемдері де артады. Биыл төлемдер 1 қаңтарда және 1 шілдеде екі рет көтерілді, жылдық мәндегі мөлшері 23%-ға артты. Осы жылдың 8 айында асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді 61 мыңнан аса отбасы алды, ал еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді 95 мың адам алды. Осы мақсаттарға қордан шамамен 42 млрд
теңге жұмсалды. Егер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы жұмысынан айырылса, онда мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелгеннен кейін ұсынылатын белсенді шараларға қосымша, жұмыстан босату себебіне қарамастан, қордан жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем жүзеге асырылады. Бұл бағытта осы жылдың 8 айында шамамен 140,5 мың адамға 29 млрд теңге төленді, – деді А.Қайырбекова.
Сонымен қатар спикер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде ана мен баланы қолдау ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын қордан төленетін әлеуметтік төлемдердің шамамен 85%-ы ана болуды қолдау мақсатында жүзеге асырылады. Мәселен, жұмыс істейтін әйел республикалық бюджеттен төленетін бала тууға арналған мемлекеттік жәрдемақыдан басқа қордан жүктілікке және босануға байланысты демалыс басталғанға дейінгі кейінгі жылдағы орташа айлық кірісінің 4 еселенген мөлшеріне тең жүктілікке және босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлем алады. Ал бала туғаннан кейін оның күтіміне байланысты төлем ананың кейінгі 2 жылдағы орташа айлық кірісінің 40%-ын құрайды. Тиісінше мұндай әлеуметтік төлем көлемі жұмыс істемейтін анаға республикалық бюджеттен төленетін бала күтімі бойынша ұқсас мемлекеттік жәрдемақыдан жоғары.
Ана болуды қолдаудағы маңызды өзгерістердің бірі 2023 жылғы қаңтардан бастап бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемнің ұзақтығының 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғаюы болды. Биыл 204 мың әйел жүктілікке және босануға байланысты төлемді алыпты. 207,8 мың қатысушыға бала күтімі бойынша төлем тағайындалды. Осы мақсаттарға биыл 8 айда 401 млрд теңгеден аса қаражат бағытталған.
Сондай-ақ азаматтар үшін үйден шықпай-ақ қызмет алуға жағдай жасалып жатыр. Қазіргі уақытта электрондық көздер арқылы жүгінген азаматтарға тағайындалған әлеуметтік төлемдердің үлесі 56,5%-дан асады. Мысалы, ең көп сұранысқа ие болған – жұмысынан айырылу және бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді электронды түрде тағайындау қызметтері. Бұл қызметті алу үшін egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы; «Еңбек» электрондық еңбек биржасы арқылы; мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелу кезінде (қызмет көрсетудің композиттік форматы); Халық банкінің мобильді қосымшасынан; дәстүрлі түрде Мемлекеттік корпорация арқылы жүгінуге болады.
– Әлеуметтік төлемдерді әлеуетті алушыларды қамту жөніндегі мақсатқа қол жеткізуде 2022 жылдың қыркүйегінен бастап «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесін проактивті қызметтер көрсетуге енгізу маңызды болды. Жүйе өз құқығын іске асырмаған әлеуетті алушыларды автоматты түрде айқындайды және оларға онлайн форматта төлем алу үшін жүгінуге мүмкіндік бере отырып, бірнеше смс хабарлама жібереді. Электрондық қызметтердің өсуі жағдайында біз әлеуметтік төлемдерді тағайындау бойынша бизнес-үдерістерді оңтайландырамыз. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген Әлеуметтік кодексті іске асыру үшін әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың жаңа ережелері қабылданды. Онда электрондық көздер арқылы келіп түскен іс макеттерін автоматты түрде қалыптастыру жөніндегі норма көзделген. Осылайша, Мемлекеттік корпорацияны осындай қызметтер бойынша бизнес-үдерістен шығару әлеуметтік төлемдерді тағайындау мерзімін 8 жұмыс күнінен 4 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Қордан төленетін барлық әлеуметтік төлемнің көлемі жеке есептелетінін және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы қызметкер үшін қорға төленген әлеуметтік аударымдардың уақытылы және толық төленуіне тікелей байланысты екенін атап өтемін. Сондықтан біз әрқашан жүйеге қатысушыларға әлеуметтік аударымдарды төлеудің толықтығы мен уақыттылығын кез келген ыңғайлы тәсілмен: egov.kz электрондық үкімет порталында не «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне (Халыққа қызмет көрсету орталықтары) немесе Қордың филиалына жүгіну арқылы тексеруді ұсынамыз, – деді А.Қайырбекова.