Биыл Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына – 165, Халел Досмұхамедұлының туғанына – 140, сондай-ақ Мағжан Жұмабай мен Сұлтанмахмұт Торайғырұлының туғанына 130 жыл толды. Елімізде аталған тұлғалардың мерейтойлары да шама-шарқынша аталып өтілді. Осы іс-шараға орайластырылған сайыстың мақсаты – ел тәуелсіздігі жолында күрескен Алаш қайраткерлерінің ағартушылық бағыттағы еңбектерін насихаттап, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен ұлттық құндылықтарды құрметтеу, ана тілімізді ардақтау секілді асыл қасиеттерді сіңіруді көздеген.
Зияткерлік сайысқа кіндік қаланың 18 орта мектебінен біліммен бес қаруын сайлап келген оқушылар қатысты. Олар алдымен «Ұлтқа қызмет – әр қазақ баласына міндет» атты сахналық қойылым көрсетті. Одан кейін «Алаш арыстарына хат» деп аталатын екінші кезеңде монолог оқыды. Оқушылар Алаш ардақтыларына арнап жазған хаттарында азат елдің бүгінгі ұрпағы ретінде өз ұстанымдары мен ұсынысын жеткізуге тырысты.
Сайыс қорытындысында Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп-гимназиясының «Әлихан мұрагерлері» тобы бас жүлдені жеңіп алса, бірінші орынды Ы.Алтынсарин атындағы Binom school мектеп-лицейінің «Алаш ізбасарлары» тобы иеленді. Екінші орынға А.Байтұрсынұлы атындағы Binom school мектеп-лицейі мен І.Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясы оқушылары қол жеткізді. Үшінші орынды №38 мектеп-лицейі, №2 «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейі және №8 мектеп-лицейінің оқушылары өзара бөлісті. Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының оқушылары «Көрермен көзайымы» сыйлығына ие болды.
Іс-шара соңында қазылар алқасының төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі – Қайырбек Кемеңгер Республика күні қарсаңында өтіп отырған шығармашылық сайыстың рәміздік мәні ерекше екенін айтып, жеңімпаздарды Алғыс хатпен марапаттады.