«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Астана медицина университеті, академик Е.Дәленов атындағы Профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институты бірлесіп өткізген форумға дәстүрлі медицина саласының мамандары мен зерттеуші ғалымдар, жоғары санаттағы дәрігерлер, медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім алушылары қатысты. Дәстүрлі медицина мамандарының біліктілігін жетілдіру, дәрілердің ресми тіркелуі және дәстүрлі емнің тиімділігі мен қажеттілігі баяндалды. Сондай-ақ ғылым мен технология жетістігіне сүйеніп, заманауи және дәстүрлі медицина әдіс-тәсілдерін ғылыми негізде біріктірудің мүмкіндігі тұжырымдалды.
– Бұл форум қазаққа керек. Қазақ халқы қанша өмір сүрсе, дәстүрлі медицина да сонша өмір сүріп келеді. Осы күнге дейін өз жарасын өзі емдеп, сынығын салып келгені белгілі. Қазақ медицинасын зерттейтін орталық ашылуы керек деп ойлаймын. Көрші мемлекеттер баяғыда дәстүрлі медицинаны ғылыммен ұштастырған, – деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Қарлығаш Хожамұрат.
Дәстүрлі медицина – халықтың қанына біткен ілім. Дегенмен халық емінің атын жамылып, денсаулыққа зиян жолмен қыруар пайда тауып отырғандар да бар. Сол себепті осы замандағы ғылыми әдістемелерді қолданып, дәстүрлі медицинаны зерттеу маңызды.
– Заманауи медицинаның ілімдері мен әдістемелері арқылы дәстүрлі медицина негізін ғылыми түрде қалыптастыруға болады. Мысалы, оқу жүйесі бойынша жоғары оқу орнын аяқтаған білім алушылар екінші қосымша білімді дәстүрлі медицинадан алуға болатынын көбі білмейді. Бізде білім жүйесі қалыптасқан. Қазақ медицинасын дәстүрлі медицинаның ұлттық құрамы ретінде ғылыми түрде негіздейік, – деген ұсыныс айтты Е.Дәленов атындағы Профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының аға оқытушысы Бағай Назарбайұлы.
Халық емінің жанашырлары дәстүрлі медицинаның даму бағдарламасын жүйелейтін меморандум қабылдап, жүйелі түрде дамыту туралы бастама көтерді.