Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мемлекет басшысының орман шаруашылығын дамыту бағытындағы тапсырмаларын орындаудың барысы, жай-жапсары жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.
Баршаға белгілі, еліміз шағын орманды мемлекеттер қатарына жатады, орман қорының жалпы ауданы – 30,9 млн га. Орманның ең көп алқаптары Қызылорда және Жамбыл облыстарында орналасқан, онда негізінен сексеуіл өседі. Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында майқарағай, самырсын, балқарағай және шырша сияқты құнды ағаш түрлерінің қоры мол.
Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында 5 жыл ішінде еліміздің орман қорында 2 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш түптерін отырғызуды міндеттеген болатын. Қазіргі кезде орман қорында көшет отырғызу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Облыс әкімдіктері мен Министрліктің ведомстволық бағыныстағы ұйымдары 2021-2025 жылдарға арналған ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспарларын бекітті. 2021-2022 жылдардағы ағаш егу жөніндегі жоспарлар толық көлемде орындалды. Шамамен 421 млн көшет отырғызылды. Ағымдағы жылы 409 млн астам көшет отырғызу жоспарланған.
Бүгінгі таңда еліміздің 2 741 гектар алқабында 218 орман питомнигі жұмыс істейді. Алдағы уақытта осы питомниктерді 294 гектарға кеңейтіп, 190 гектар жерге жаңа орман питомниктерін құру жоспарлануда. Осы питомниктердің толық іске қосылуы белгіленген жұмыс көлемін ойдағыдай орындауға мүмкіндік береді.
Орманды молықтырумен қатар экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында Арал теңізінің құрғаған түбінде орман мелиорациялық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осы жылдың қаңтар айында қолданыстағы заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістерге сәйкес экологиялық бұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілік күшейтілді. Биылғы жылы орман қорғау жөніндегі шаралар шеңберінде мемлекеттік орман қоры аумағында 16 мыңнан астам рейд жүргізілді. 6 мың текше метр көлемінде орманды заңсыз кесудің 214 фактісі анықталды. Бұл фактілер бойынша 61 бұзушыға 207,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. 17 көлік құралы мен 40 ағаш кесу құралы тәркіленді.
Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, қызметшілердің жалақысын көтеру, әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері де күн тәртібінен түскен емес.
«Табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелері техникамен жеткілікті қамтамасыз етілмеген. Мәселен, маусым басында алапат өрт орын алған Семей орман шаруашылықтарындағы 65 өрт сөндіру машинасының 30 машинасы 1971-2003 жылдар аралығында шығарылған. 1974 жылы шыққан ГАЗ-66, 1973 жылы шыққан Урал-375 және 1980 жылы шыққан ЗИЛ-131 «экспонаттық» машиналары әлі пайдаланылып жүр. Биыл қалыптасқан жағдайды дұрыстау мақсатында техниканы жаңартуға 13,4 млрд теңге бөлінді. Жылдың соңына дейін табиғат қорғау мекемелеріне 29 өрт сөндіру автомашинасы, 59 орман өртін сөндірудің шағын кешені, 151 трактор, 58 патрульдік көлік жеткізілетін болады. Біріккен Ұлттар Ұйымы даму бағдарламасының техникалық көмек көрсету аясында 330 радиостанса мен 150 автомобиль антеннасы алынды. Биыл 1 шілдеден бастап мемлекеттік орман қорғау мекемелері қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 100%-ға көтерілді. Ал штаттағы әкімшілік қызметкерлер және де штаттан тыс қызметкерлерге министрлік пен кәсіподақ арасындағы салалық келісімнің шеңберінде 70% үстемеақы қарастырылған», деді Е.Нысанбаев.
Сондай-ақ орман және дала өрттерін ерте анықтау және алдын алу жөніндегі жұмыстар күшейтілуде. Айталық, азаматтық қорғау саласындағы 2023-2027 жылдарға арналған бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспарында орман өрттерін ерте анықтау жүйелерін орнату және 102 өрт-бақылау мұнарасын орнату көзделген. Орман қорын авиациялық және жердегі патрульдеу, оның ішінде ҰҰА қолдану арқылы жандандырылатын болады.
Жалпы, 2023-2027 жылдары Үкімет қабылдаған Азаматтық қорғаудың кешенді жоспарына сәйкес табиғат қорғау және орман шаруашылығы мекемелерін жарақтандыруға 68 млрд теңге бөлу көзделген.
«Орман – жердің көркі, елдің байлығы», «Орманы бар елдің қорғаны бар», дейді халқымыз. Елімізде орман-тоғайлардың аз, ағаш қорларының тапшы екенін ескерсек, бұл іске барша бұқара боп мүдделілік танытқан жөн. Сол тұрғыда табиғи ресурстарды, оның ішінде орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау, олардың саны мен өсімін молайту және ұтымды пайдаланылуын бақылау мен қадағалау жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.