Кітапхана • 18 Қазан, 2023

«Фараб» – үздік кітапхана

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы бірқатар маңызды бастаманы жүзеге асыруымен де ерекшеленіп келеді. Мысалы, өңірде «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасын жүзеге асырып отыр. Жоба аясында бірқатар ауданда жылжымалы кітап пункті ашылды.

«Фараб» – үздік кітапхана

«Ашық әкімдікке» өз мәселесі мен өтінішін айтуға келетіндер көп. Енді «ашық әкімдік» тек қызметтік емес, мәдени-рухани бағыттағы жұмыстарды жүргізуге де лайықталған орын болады. Бастаманы жүзеге асырған – «Фараб» кітапханасының ұжымы. «Ашық әкім­дікке» өтініш айтып келушілер мен сол аумақтағы тұрғындар тұрақты түр­де қалаған кітабын оқуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ қандай кітап қажет екенін жазып, қалдыра алады. Кітап бұрыштары аудан, қала әкімдіктерінде де ашылған. Жылжымалы кітап пункті екі бөлімнен тұрады. Бірінші бағыт «Ашық қор» деп аталады. Ал соның жанындағы «Негізгі қор» бөлмесінде оқырманның кітап оқуы үшін жағдай жасалған. «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекованың айтуына қарағанда, облыстағы «Ашық әкімдік» кеңсесінің ішінен ашылған кітап сөресінде қазіргі таңда мыңға жуық кітап қоры жасақталған. Оның ішінде түрлі бағытта, атап айтқанда, мотивациялық, көркем әдебиет, психологиялық, тарих, дінтану тақырыбындағы кітаптар және мерзімді басылымдар бар. Сонымен қатар оқырман сұранысына қарай қажетті кітаптарды облыстық кітапханадан қысқа мерзімде жеткізу мүмкіндігі қарастырылған.

Осындай игі бастамаларды іске асыру арқылы оқырман қатарын көбейте түскен Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы жуырда Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырған «Kitap Time» жалпы республикалық кітап фестивалі аясында іс-шараларды жоғары деңгейде өткізгені үшін үздік деп танылды. Ақтау қаласында Қазақстандық кітапханалық одақтың көшпелі жұ­мыс отырысы және Қ.Сыдиықұлы атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының 50 жылдығына арналған «Кітапхана ісін дамытудағы заманауи әлемдік үдерістер» тақырыбында республикалық конференция өткен болатын. Конференция барысында Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбековаға үздік кітапхана сертификатын табыс етті. Айта кетейік, кітапхана директоры былтыр «Жыл кітапханашысы-2022» атанған болатын.

 

Түркістан облысы