Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Центральная көшесі, №6 үйдің апаттық жағдайы туралы пәтер иелері жыл ортасынан бері дабыл қағып, төтенше жағдай қызметі мен жергілікті билік арнайы комиссия құруын сұраған. Бақсақ, бұл мәселе тек аталған баспанаға ғана қатысты емес екен. Дәл сондай жобалық технологиямен салынған №2 және №8 көпқабатты үйлер де (сол көшеде орналасқан) алдынғысының кебін кигелі тұр. Жергілікті әкімдік дереу комиссия құрып, арнайы құрылыс ұйымы сараптама жүргізді. Мамандар №6 үйдің бетон плиталары тігісінен ажырап, үйдің құрылысына үлкен нұқсан келген деген шешім шығарды. Ең әуелі бұл баспананың жан-жағына металл тіректер қойып, құрсаулап тастаймыз деп әрекеттенген. Алайда нысан жөндеу жүргізіп жатқан уақытта құлап кетуі мүмкін екен. Сондықтан үйді біржола бұзу туралы шешімге келді. Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Тілекжан Галямовтың айтуынша, үй айтарлықтай ескі емес, 1989 жылы салыныпты. Құрылыс нормалары дұрыс сақталмағандықтан осындай жағдайға жеткен.
«Центральная көшесі, 6-үйдің, шын мәнінде, төбесі мен іргесі құлағалы тұрғанын көріп отырмыз. Ал жанындағы өзге екі үйде соншалықты күрделі ахуал байқалмайды. Мұндағы 24 пәтерде 80 адам тұрып жатса, оның төртеуі – балалар. Тұрғындардың біраз бөлігі пәтерлерді ипотекаға алған. Әзірше біз азаматтарға жалдамалы пәтерлерді ұсынып отырмыз. Апаттық жағдайда тұрған баспананың орны әуелі мемлекет қажеттілігіне алынуға тиіс. Бұл процедура аяқталғанша тұрғындар уақытша жалданған үйлерде тұрады. Бұл жердегі шағын ауданды қайта салу бойынша бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр. Апат алдында тұрған қос үйдің де мәселесі жақын уақытта шешілуі керек», дейді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева.
Әкімдіктегілердің сөзіне сүйенсек, мемлекет меншігіне алынатын жер теліміне (апаттық үй орналасқан жер) болашақта мектеп, балабақша немесе медициналық мекеме салынуы мүмкін. Бұл үшін ең әуелі нақты жоспарлау әзірленуі керек. Оған шамамен 6-9 ай уақыт жұмсалады. Жер мемлекет меншігіне алынған сәттен бастап қазіргі күні жалдамалы пәтерлерге көшіріліп жатқан үй иелеріне тұрақты пәтерлер сатып әперіледі деп уәде етіліп отыр. Болмаса пәтердің нарықтық құны бойынша ақшалай өтемақы төленеді. Бұл адамдар орнынан сүріліп тасталған Алюминий қалашығындағы немесе апаттық үйлерде тұрған көпшілікпен бірге кезекте тұрмайтыны да белгілі болды. Төтенше жағдайға жататындықтан және жер мемлекет меншігіне алынатындықтан барлық көмек кезектен тыс көрсетіледі.
Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Кенжегүл Жолжақсынова уақытша жалға алынатын пәтерлердің арендалық ақысын қала бюджеті көтеретінін айтады. Жыл соңына дейін бұл мақсатқа 15 млн теңге бөлінген. Жалға төленетін ақша тұрғындарға берілмейді, пәтерлерді конкурс арқылы ұсынып отырған фирмалардың есепшотына тікелей аударылмақ. Әзірше апаттық үйден бес отбасы ғана жалдамалы пәтерлерге көшкен. Мамандар қоныс аудару мәселесін жеделдету керек екенін ескертіп отыр.
ПАВЛОДАР