Қоғам • 19 Қазан, 2023

Продюсер деген кім?

445 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Продюсер деген кім? Қазақстанда продюсерлік қызмет дамыған ба? Продюсер немен айналысады? Постпродакшн деген не? Қазақстан кинотеатрларына дайын фильмді қалай көрсетуге болады? Ұлттық кинода не бар және не жетпейді?

Продюсер деген кім?

Қазақстандағы продюсерлік институттың қалыптасуы жа­йында ой толғап, кино өнеріндегі маңызды мамандықтың қыр-сырын ашып, тұшымды идеяларды саралайтын «Миллионға татитын тостақ кофе» атты жаңа кітап өз оқырманын осы сұрақтар­дың жауабын білуге жетелейді. Кітап авторлары – Қазақстан­ның продюсерлік киносының бас­тауында тұрған белгілі тұл­ға­лардың бірі, «Сталинге сый­лық», «Жаужүрек мың бала» фильм­дерінің продюсері, менед­жерлік қабілетімен беделге ие болған танымал кино маманы Әлия Увальжанова мен белгілі кинотанушы-ұстаз, өнертану док­торы Гүлнар Әбікеева. Т.Жүр­ге­нов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясында жаңа кітап­тың жібек бауы шешіліп, өнер саласындағы ерекше мамандық туралы танымдық мәліметтерге толы оқулық құрал кітапхана мен кино және телевизия саласының мамандарына сыйға тартылды.

вап

Тәуелсіз киностудиялар бой көтеріп, продюсерлік кино­ның бастауы болған сонау 1989 жылдан бастап бүгінгі күнгі арт-хаус, тарихи кино және сериалдар мен коммерциялық фильм­дерге дейін жүріп өткен қа­зақ киносының ширек ғасырдан астам шырғалаңға толы, бірақ ізденіс пен тәжірибе негізінде өз соқпағына түскен ұзақ сапарына шолу жасалады. Продюсер авторлық құқықты қорғаудың және жоба қатысушыларымен, серіктестерімен келісімшарт жа­саудың жеке тәжірибесімен бө­ліседі. Сондай-ақ кеңсе жұ­мы­сын ұйымдастыру, түсірілім тех­нологиялары, түсірілім ала­ңындағы қызметкерлердің жұ­мыс міндеттері туралы да баянда­лады. Продюсерлік киноның да­муына маңызды үлес қосқан Әлия Увальжанова, Гүлнәр Сәр­сенова, Ернар Маликов, Максим Сма­ғұлов, Ораз Рымжанов, Саин Ғабдуллин, Лимара Жексем­баева, Сергей Әзімов, Жадыра Сахиева, Ахат Ибраев сынды он продюсерді айрықша атап өтіп, әрбір тарауды осы продю­сер­лердің профайлымен түйіндеп отырады.

«Бюджет және серіктестер іздестіру» деген тарауда автор бо­лашақ фильмге инвесторлар тарту жолдарын баяндайды. Өйткені бюджет жасау – үнемі басын тәуекелге тігетін продю­сер үшін атқаратын ең маңыз­ды жұмыстарының бірі. Қажетті адамдарға қалай шығып, қаржы­ны қалай табуға болатыны, се­рік­тесті қызықтырудың басты қағи­д­алары продюсерлік кәсіп­ті игеруге талпынған студентке ғана емес, қарапайым адамға да қызық. «Продюсерлік – ашық жүйе. Оған үнемі қандай жағдай болса да, жұмысты жалғастырып, барлық есікті қағып шығу керек. Өз идеясына деген сенімі мықты болуы қажет. Ең алдымен, сол идеяның, жобаның же­тістігіне сенген дұрыс. Ойын нақ­ты айтып, таратып жеткізуге машықтануы әрі идеясын қыс­қаша бірнеше сөйлемнің көме­гі­мен беруге дағдыланғаны жақсы. Тақырыптан ауытқымаған жөн. Ауытқыған күнде де оған қайта оралып отыру керек», дейді автор. Продюсердің сөзіне сенсек, инвесторды иландыру аса қиын шаруа емес. Бастысы, сөзінде тұру және уәдені орындау – ол жақсы фильм шығару жолында ұзақ жылдар бірге серіктес болудың алғышарты, сонымен қоса кепілдігі.

Кітап 2021 жылы орыс ті­лін­де жарық көрген. Жоғары оқу орындарында ана тілінде жазылған арнайы оқу құралының жетіспейтіні ескеріле отырып, арада екі жыл өткенде өнер­тану профессоры Ғайнижамал Әбілдинаның аудармасы ар­қылы «Миллионға татитын тос­тақ кофе» атауымен жуырда қа­зақ тілінде басылып шықты. Оқу­лық атауын коммерциялық сипатқа орайластырудың өз се­бебі бар. Кинопродюсерлер мен инвестор-демеушілердің бірнеше миллион қаржыны сөз ететін бейресми іскерлік кездесуі бір шыны шай немесе тостақ кофе аясында шешімін табатыны белгілі. Идеяны сата білу – тиянақты сараптама, тәжіри­бе, білім мен сәл де болса ықылас ояту оптимизміне сүйенген білік­тілік пен талант. Продюсер мил­лионға шығатын жобаны қар­жы­ландыруға сенім оята ала ма? Міне, бұл продюсердің көп мін­де­ті мен қызметінің бір қыры ғана.

«Кино өндірісінің бір саласы – продюсерлік жұмыс. Кинода­ғы ең ауыр жұмыс продюсердің еншісінде. Идея пайда болғаннан бастап ұйымдастырудың бар­лық сатысы: сценарий жазатын ав­тор іздеу, қаржы тарту, дайын жо­ба­ға фильм түсіретін режиссер табу, шығармашылық топты жасақ­тау, фильмді прокатқа дайын­дау, шетелдік конкурстарға қаты­су мүмкіндігін қарастыру, қыс­қа­сы, продюсер фильм жарыққа шыққанша тыным таппайтын кино өнеріндегі ең маңызды тұл­ға. Бас продюсер, атқарушы продюсер, ішкі жұмыстармен айналысатын продюсер болып бұл қызметтің өзі бірнеше топқа бөлінеді. Осы продюсерлік қыз­мет туралы жазылған бірден-бір тұшымды дүние деп мен Әлия Увальжанова мен Гүлнар Әбі­кееваның «Профессия: про­дюсер» еңбегін атар едім. Бұл ең­бектің құндылығы да кино ­өнеріндегі маңызды маман­дық­тың қыр-сырын жан-жақты саралап ашып бергенінде. Он бір тараудан тұратын еңбектің әр тарауы маңызды», дейді ғылы­ми-педагогикалық еңбекті қазақ тіліне тәржімалаған профессор Ғайнижамал Әбілдина.

«Миллионға татитын тостақ кофе» – отандық кино мен телевизия саласында продюсерлік бо­йынша жарық көрген алғашқы еңбек. Жаңа жинақ болашақта продюсер мамандығын меңгер­гісі келетін студент жастарға әрі кино өнеріне қызығатын барша оқырман қауымға арналған.

 

АЛМАТЫ