Тұлға • 19 Қазан, 2023

Сезім сыры

321 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көрнекті ғалым Зейнолла Қабдолов: «Тахауи Ахтанов кім?» деген сұраққа «Үлкен үшеу – «Қаһарлы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін», деп жауап беріпті. Екінші дү­ние­жүзілік соғыстан кейін әдебиетке келген жазу­шылардың ішінен алдымен ауызға Тахауи Ахтановтың есімі ілінеді. Ол әдебиет есігін өзінің кейбір қатарластары секілді қағып кірген жоқ, еркін ашып, әп дегеннен өз орнын иеленді.

Сезім сыры

1947 жылдың күзінде Алма­тыда жас қаламгерлердің респуб­ликалық кеңесі өтеді. Сонда әс­керден келе жатып, сол жиынға қа­тысып, мінбеде соғыс ту­ра­лы өлеңін оқыған жас Та­хауиға риза болған Сәбит Мұ­қанов: «Ау, мынау атылғалы тұр­ған мыл­­тық, жарылғалы тұр­ған бомба ғой», деп бірден КСРО Жа­зушылар одағының мүше­лігіне қабылдапты. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовте оның бола­шағынан үлкен үміт күт­ті. Қа­лам­гер әдебиет алып­тарының сенімін толығымен ақ­тап, айтулы суреткерге айналды.

Қанды қырғынды көзімен көрген майдангер жазушы соғыс тақырыбына алғашқылардың бірі болып, қалам тербеді. «Қаһарлы күндер» романында Мәскеу тү­бінде жанқиярлық көрсеткен жа­уынгерлердің ерлігін айшықты көр­кемдеді. Осы шығармадан оның ірі реалист суреткер екен­­дігін жазбай танисыз. Ал «Шы­­рағың сөнбесін» романында қа­зақ офицерінің соғыс бас­тал­ғанда жау тылында қалған әйелі – Нәзираның қым-қуыт тағ­дырын, басынан өткерген оқи­ғасын, өмірге көзқарасын кейіпкер болмысы арқылы шынайы жеткізген. Бұл адамның қырық қатпарлы жан дүниесіне терең бойлаған психологиялық туынды. Көрнекті қаламгер Шер­хан Мұртаза Т.Ахтанов ту­ралы «Айға шағылған найза» атты эссесінде «Шырағың сөнбе­сін» романы туралы айта ке­ліп: «Романда боздаған бомба­лар­­дың, зіркілдеген зеңбірек­тердің жексұрын арсыл-гүрсіл дауыстарының арасынан ұдайы бір үзіліссіз, иә скрипка, иә қыл-қобыз ғажайып бір нәзік үнмен сыңсиды да тұрады. Бұл – лирика, арманшыл Тахауи жанының лирикасы», деп баға берген.

Лирика дегеннен шығады, жазушының бұл ерекшелігі оның шағын туындыларынан да айқын көрінеді. Сондай әңгімесінің бірі – «Алғашқы ән». Мұнда жас композитор Серәлінің жастық шақтағы басынан өткен махаббат оқиғасы әңгіме арқауына ай­налған. Туған ауылына дема­лысқа келген Се­рәліге бір жас жігіт сәлем бере келіп, «осыны сізге беpiп жіберіп еді» дейді де қолына бүктеулі кішкене қағазды ұстата салады. Ол қағазды ашып көз жүгіртіп өтсе, «Бүгін қолыңыз тисе, біздің үйден дәм татсаңыз. Күн демалыс қой. Гауһар». Төменіректе: «Ұмытып қалған жоқ­сыз ба? Алыс­та жүргенде ұмытсаңыз да, осында келгенде есіңізге түскен шығар» деген ойнақы жазуды оқиды. «Fayhap. Гауһар... Иә, иә... Ол осында еді-ау». Бар оқиға осыдан басталады.

Серәлі туған жеріне шар­шап-шалдығып жетті. Оны шар­шатқан жол азабы емес, жұрт аузында бір әннен екінші әні ай­тылып, мақталып жүрген ком­позитордың соңғы екі-үш жылда шығармашылығы то­қы­рап қалғандай күйге түсті. Елді та­ңырқатар музыка жазып тас­та­маққа қанша бекінсе де, кө­кі­регіндегі күй көзі бітеліп қал­­­ғандай еш нәрсе шықпады. Қан­ша шабыттанып көрсе де, ескі машықты сарынға орала бер­ді. Содан бір күні соңғы жаз­ған­дарын жыртып тастады да елге жүріп кетеді.

Серәлі манағы жігіт әкеп берген хатты қолына алып: «Гауһар менен үш жас кіші еді-ау. Қазір ғой отызда, деп ойлады ол.– Күйеуі, бала-шағасы бар болар. Кім­ге тиді екен? Әрине, осы аудан­­ның бір қызметкері. Қар­тайды ма екен?», – деп үнсіз ойға шомды.

 Аудан орталығындағы орта мектептің 10-сыныбында оқитын Серәлі өз құрдастарының алдында жүрді. Он алты-он жеті жасқа келген бозбаланың жүрегінде ға­шықтық сезімі бүр жарып, қызға қырындай бастайды. Бірде өзімен бірге оқитын Гүлжанға еріп келген ақ құба талдырмаш қызға көзі түсіп, айран-асыр күйге түседі. Содан бастап оның Гауһарды көруге ынтығы артады. Сабақ арасындағы үзіліс­те ыңғайын тауып сегізінші кластың маңын сағалайтын болды. Сегізінші сыныптың кейбір балаларымен дос болып алды. Бір күні батылы барып, поштаға хат салатын едім деп Гауһарды үйіне дейін шығарып салды. Серәлі оған ғашықтық сезімін сөзбен жеткізуге қиналып, ұзақ күн толғанып жүріп, домбырамен алғашқы рет ән шығарды. Бірақ бұл әннің көркемдігі шамалы болғанымен, ондағы жүрек дірілінің шынайылығы тыңдаған жанды тербетіп әкететін. Ол осы әнді арнаған адамына айтып бере алмай, біраз толғанып жүрді. Ақыры алысқа оқуға кетер алдында екеуі кездесіп, Серәлі оған шығарған әнін орындап береді. Гауһар да әнді ұнатып, ара-тұра ыңылдап қосылып кетеді. Қыз­дың даусымен айтқанда ән тіпті әсем көрінді.

Сөйтіп жүргенде, соғыс бас­талды. Гауһар майданда жүрген Серәліге төрт жыл қатарынан үзбей хат жазып тұрды. Ол әскер­ден аман-есен оралғаннан кейін екеуі кездесіп, Гауһар « Үй болып қалсақ қиын болар. Талабыңнан қайтпа. Сенің талантыңа, үлкен композитор болатыныңа сенемін. Әзір оқуға түсіп ал, өзгесін сосын кө­рерміз», деп, арман сапарына аттанып бара жатқан оған сәттілік тіледі.

Серәлінің соғыста жүріп шы­­ғарған төрт-бес әні жақсы қа­былданып, консерваторияға оқуға түседі. Жаңа әндер жазып, атағы шыға бастады. Оқумен бірге тапсырыс та көбейді. Жұ­мыс кө­бейген сайын Гауһарға хат жа­зуды да сиретті.

Серәлі сондай сирек хатының бірінде Гауһарға: «Хатты жиі жаз дейсің, менің өз жұмыстарыма да қо­лым тимейді», деді. Гауһардан: «Ендеше хат жазып уақытыңды алмай-ақ қой», деген хат келді. Осылай екеуінің арасындағы байланыс бос жіптей үзіліп қалды.

Серәлі Гауһарды тез ұмытып, оның ойын атақ, даңқ билеп әкетті. Гауһарды ешкім есіне сал­­ған жоқ. Ал Гауһар ше? Ол үйіне келсе радио, мектепке барса оқушылары жас композитор Серәлі Мұратовтың әндерін шыр­қап, мұны талай түн азапқа салды. Оңашада сол әндерді көз жасы моншақтап отырып тыңдайтын. Гауһар өмірде өз жолын тауып, бала сүйіп, ана атанды. Арада біраз жыл өткеннен кейін екеуі кездесіп, Серәлі Гауһардан ке­шірім сұрады. Бірақ бұл кезде екеуінің де өмірге көзқарасы бө­лек, басқа адамдар еді. Гауһар жанындай жақсы көрген Серәліні кешірді. Алайда оның сезімінің тазалығын, махаб­­батының адал­дығын ол қан­­шалықты түсінді? Біз қан­шалықты түсіндік? Әңгіме оқырманды сезім сырын шерткен осы сауалымен ойға қалдырды.