Несие • 20 Қазан, 2023

Несиемания: Қарыз алдың – қайғы алдың

304 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Психологтер жаңа тәуелділік –несиелік тәуелділік туралы жиі айта бастады. Технология мен сән индус­триясы дамуы адамдардың талға­мын да өзгертті, сіз бен біз өмір сүріп отырған кезеңді қарыз ғасырына айналдыруға бет алды. Жалақы­сын күн көрісінен арттыра алмаған­дар шағын қаржы ұйымдары­ның «бөліп төлеу», «айлыққа дейін қарыз» сияқ­ты тетіктеріне жүгінеді. Осы­лай­ша, бір басында 3-4, тіпті 10 шақ­ты несиесі бар отандастарымыз пайда болды.

Несиемания: Қарыз алдың – қайғы алдың

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Батыстың импортымен ілесіп келген жарқыраған сәнді дүниеге қол жеткізу үшін айлығыңнан жырып, қаржы үнемдеудің тіпті қажеті жоқ. ЕДБ қалаған уақытта сізге керекті соманы санап беруге дайын. «Табысының басым бөлігін азық-түлікке ғана жеткізіп отырған халық не істейді? Несиелерін қалай жабады?» деген мәселе кеше де өзекті еді.

Бүгін де трендтен түскен жоқ. Үкімет те, Ұлттық банк те жағдай шектен шыға бастағанда ойлануға көшті.

Банктердің бизнеске емес, қара­па­йым халыққа, сіз бен бізге деген ықыласының алабөтен еке­ні осыған дейін талай рет жазылды. Қазақстан қаржыгерлері қа­уым­дастығының сарапшыла­ры несие ауыртпалығының көбе­юі­не жеңілдетілген несие де әсер ет­ке­нін айтады. Әсіресе мем­ле­кет­­тік бағдарламалар арқы­лы баспананы төмен пайызға алған азаматтар саны артып, тұтынушылық қарыз алушылар да көбейген. 90 күннен артық төлем жасалмаған жеке тұлғалардың мерзімі өткен берешегінің көлемі 2023 жылғы 1 наурыздан 1 мамырға дейін 504 млрд теңгеден 549 млрд теңгеге дейін, ал мерзімі өткен бере­шек­тің жалпы көлеміндегі үлесі 51 пайыздан 58 пайызға дейін өскені Ұлт­тық банк деректерінде айты­лады.

Бизнесмендердің арасында банк­­тер­ден қарыз алуға бәсеке жоқ. Биз­нес түрлі жеңілдіктер арқылы мемлекеттің қолдауын сезініп отыр. Де­мек қазір ЕДБ үшін бәсеке тұты­ну­шылық несие майданындағы бәсеке – бір уақытта бәріне ие болу үшін банк­тердің табанын тоздырып жүр­­ген біз бен сіздің арамыздағы бәсеке. Баласын үйлендіру – той несиесінен бастап жақыныңның басын басқалардан асырып көтеру үшін алынған несие бәсекесі тұ­ты­нушылық несиенің бәсекесін қыздыруға жол ашып тұр.

Психолог Надежда Носико­ва­ның айтуынша, 150 мың теңге жала­қы­сы бар адамның 1,5 млн теңгелік «айфонның» соңғы үлгі­сін несиеге алуы – несиемания дер­тінің басы. Несие төлеймін деп ай­лығының үштен бір бөлігі кер­тіліп қалған соң оның орнын толтырмақ болып мик­роқаржы ұйымдарының көмегіне жүгініп, несиенің шырмауына одан сайын шырмала береді.

Психологтің сөзінше, не­сие­ге тәуел­ділер сәннің төрінде тұр­ған бұйым­ға ие болып, стихия­лық қа­­лауын қанағаттан­дырады. Оған қол жеткізген сәттегі көңіл күйі өмі­рін ашық түспен түр­лен­діреді, жан-жағыңызға төрт құ­бы­ла­сы түгел адам болып кө­рін­гісі келеді, несие мерзімі біт­кенше сол 1,5 млн теңге инфля­ция­ға жұ­тылып, сабан ақша болып қала­ты­нына сенгісі келеді. «Мен несие алушылардың барлығын несиеге тәуелділер деп баға беруден аулақпын. Бірақ олар­дың басым көпшілігі қаржылық сауаттылығы жоқ және кіріс пен шығысты қалай есептеу керектігін білмейді», дейді психолог.

Жылдың басында отандас­та­рымыздың банк алдындағы қары­зы 7 трлн теңгеден асып кетті. Эко­но­микалық белсенді топтың 80 пайызы ЕДБ алдында қарыз екенін жақында Ұлттық банк өкілдері ашып айтты. Тек біздің ел ғана емес, бүкіл әлем халқы қарызбен өмір сүріп жатыр.

Magram Market Research агент­тігінің мәліметі бойынша біздің ел тұрғындарының ЕДБ ал­дын­дағы несиесінің 32 пайызы үй сатып алу немесе құрылыс, көлік сатып алуға – 25 пайызы, тұрмыстық техника сатып алуға – 18 пайыз жұмсайтынын айтады. Ем алу үшін дегендердің үлесі –7 пайыз, білім алуға – тек қана 1 пайыз.

Сарапшы Ерлан Ибрагимнің айтуынша, мәселе несиелеудің қан­­ша­лықты өскенінде емес, оның ха­лықтың нақты кірістерінің өсу қар­­қынынан қаншалықты асып түсе­ті­нінде. Халықаралық тәжірибеде, Түр­кия, Мажарстан, Әзер­бай­жан­да несие алған адам мүлде жұ­мыс­қа жарамсыз болып қалса, мо­й­­нындағы несиесінің 40 па­йы­зын жұмыс беруші өтейді, 60 па­йызын сақ­тан­дыру компаниясы төлейді, несие алған адам бақилық болса, оның қарызы сақтандыру қорлары ар­қылы толық кешіріледі. Біз мұндай жүйеге жете алмай отыр­мыз.

«Егер несие беру нақты кіріс­тер­мен салыстырылатын қар­қын­мен өссе, алаңдауға себеп жоқ. Ал несиелеудің өсу қар­қыны табыстан асып түсетін болса несие тұзағына түсіп жат­қанын білдіреді. Біз төлеу мер­зімі өтіп кеткен проблемалы не­сие деңгейін несиеге кеші­рім беру арқылы төмен­дет­кені проб­леманың қызуын басқанмен түйінді тарқат­қан жоқ. Қазір тек қана ипотекалық емес, тұтыну­шы­лық несиені де кешіктіріп төлейтіндер көбейіп кетті. Осы уақыт­қа дейін олар ең тәртіпті несие алушылардың санатында болып келген еді. Енді банк секторы олардан да айырылып қалды», дейді Е.Ибрагим.

Оның пайымынша, ЕДБ үшін ха­лыққа берген несие – тәуекелі төмен несие. Себебі Ұлттық банк әр банктегі қайтарылмай қал­уы мүмкін кредиттер мен өзге де проб­лемалар туралы біл­ге­німен, жеме-жемге келгенде ешқан­дай шара қолданбайды. Себебі ҰБ да, ЕДБ-да жағдай қиындап кетсе, мемлекеттің демеу қаржысы арқылы мәселенің шешілетіндігіне сеніп алған.

«Тек өткен жылы ғана банк­тер­дің таза пайдасы бір жарым трил­лион теңгеге жетіп, биылғы жыл­дың бірінші жарты жыл­ды­­ғында триллион теңгеден асты. Мұндай артық кірістілік банк­­­тердің тиімді жұмысының нә­ти­жесі емес, негізі­нен Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін пайда­ланатын жоғары базалық мөлшерлеменің салдары екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев да айтты», дейді Е.Ибрагим.

Сарапшының сөзінше, «ЕДБ мемлекет ішіндегі мемлекет» деген пікірдің жаны бар. Мысалы, Ұлттық банк «ақшаның бағасы инфляция­дан төмен болуы мүмкін емес, яғни бірде-бір банк оның пайыздық кірістерін инфляция «жейтінін» біле отырып несие бермейді. Тиісті алғышарттарсыз, яғни инфляцияның төмендеуі мен шоғырлануынсыз несие мөл­шер­лемесін төмендету мүмкін емес», деген пікір де жиі айтылады. Қазір инфляцияның қызуын сезбей отырған мемлекет жер бе­тінде кемде-кем. Дамыған ел­дер­­дегі қаржы жүйесі пайыздық несие арқылы халқын тонауға жол бермейді. Қазіргі уақытта түрік банк­тері шетелдіктерге доллармен немесе еуромен жылына 5,5-9 па­йыз­бен, ал лирамен шамамен 14 пайызбен ипотека береді, бұл кейбір ТМД елдерінің нарығымен салыстырғанда біршама тиімді. Ал ішкі нарықтағы несие пайызы – 6-13 пайыздың арасы. Инфляция деңгейі жыл аяғына дейін 59 пайызға дейін жетеді деген болжам бар. Біздің өлшеммен салыстырғанда ол елдегі несие пайызы 61-23 пайыз болуы керек еді. Бірақ мемлекет оған жол бермейді. Инфляция мен несие па­йызы арасындағы айыр­ма­шы­лық­қа экономикалық өсімі дем беріп отыр.

«Экономикада шетелдіктердің үлесі басым. Ұлттық инвесторлар қалыптаса алмай жатыр. Шетелдік инвесторлар біздің ЕДБ-ға тәуелді емес. Олардың өз елдерінде жеңіл шарттармен несие беретін қаржы көздері жетеді», дейді Е.Ибрагим.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жүйені түбе­гейлі жаңғыртуға кірісеті­ні­міз­ді, біз­ге мүлдем жаңа эконо­ми­ка­лық саясат қажет екенін жиі айтады. Са­рап­шының айтуынша эко­но­­ми­калық саясатты да, саяси жүйені жаңғыртуды да банктерді оли­гар­­хиялық топтардың қысы­мынан тазартудан бастау керек. Өткен жылды – 1,5 трлн, биылғы жартыжылдықты 0,5 трлн теңге таза та­быс­пен аяқтаған майшелпек нүкте­лер­ден айырылып қалу, олар үшін «мал ашуы – жан ашуымен» бірдей.

2019 жылы Ұлттық банк банк­тердің маржасының төмендейтінін ресми түрде хабарлағанда, сарапшылар енді несие пайызы да тө­мендейді деп үміттеніп қалған бо­латын. Бірақ ҰБ маржасынан банк­тердің табыстылығы кеміп қал­май­тынын тәуелсіз сарапшылар жиі айтады. Осыдан 10 жыл бұрын, 2013 жылдары банктің маржасы 3,8 болатын. Қазір ол шамамен – 4,2 пайыз дең­гейінде.

Ұлттық банктің деректеріне сү­йен­сек, үш жыл ішінде бөлшек не­сие­лер бойынша пайыздық мөл­шер­леме 19,8 пайыздан 20,4 пайызға дейін дейін өсті. Дағ­да­рысқа дейінгі 2007 жылы мұндай қарыздардың құны 18,4 пайыздан аспайтын. 2015 жылдардан бері банктердің таза табысы тек триллиондармен есептелетінін көріп жүрміз. Демек банктердің жыл са­йынғы табысының триллион­дармен еселенетініне ішкі нарық­тағы ұлттық бизнес пен ЕДБ-ның несие­сіне байланып жүрген эко­но­ми­калық белсенді топ­тың 80 пайы­зы­ның төлеп отыр­ған несиелік үсте­месі де жетіп жатыр.

«Қаржылық саясатымыздың басы-қасында тұрған тұлғалардың кім екенін білмеймін. Бірақ ЕДБ мен несие алушы арасындағы келісім­шарттардың 100 пайызы бірін­ші тараптың мүддесі тұрғы­сы­нан дайындалған. Екінші тарап мүд­десінің қорғалуына мүмкіндік беретін тетіктердің бәрі бітеліп қал­ған. Егер екінші тарап, ЕДБ шартымен келіспей, сотқа жүгінсе де жеңіліп қалатынын біледі», дейді Е.Ибрагим.

Сарапшы айтып өткендей, халық­тың несиелік жүктемесін азайту – ҰБ үшін ең өтімді тақы­рып­­тардың бірі. Ұлттық банк­тің төрағасы Тимур Сүлейменов тұтыну­шылық несиенің шекті мөл­шер­­лемесін ақырын­дап тө­мен­­дету қажеттігін, 56 па­йыз­дың өте жоғары мөл­шер­леме екенін айтыпты. Тұтыну­шы­лық несие – біздің өміріміздің бір бөлігіне айналып кеткенін еске салған Төраға бізден өзге дамы­­ған елдерде оның пайыздық мөл­шер­лемесінің 56 пайызға дейін шарық­тап кетпейтінін ескермепті. Мәселені ҰБ төрағасының сөзі­мен нақтыласақ, жинақтау әдетін дамыта білуіміз керек. «Қазіргі қо­ғам тұтынуға құмар, егер жаңа бір нәрсе шықса, оны сатып алуға асығады. Мәсе­лен, 1,5 миллион теңгеге iPhone немесе басқа нәрсе алып жатады. Меніңше, бұл – мүлдем дұрыс емес».

ҰБ қабырғасында негізгі мөл­шер­­лемені төмендетуді көздей­тін жұмыстар жүріп жатыр. Макро­пру­денциалдық буферлер арттыру жылдық 25%-дан асатын барлық несиелерге және ең жоғары қарыз жүктемесі 50%-дан жоғары қарыз алушыларға арналған несиелерге әсер ететіні белгілі. Осылайша, қаржы институттары үшін жоғары пайыздық мөлшерлемемен тәуе­келі жоғары несиелер беру тиімсіз болады. Сарапшылар банктер мен микроқаржы ұйымдары ара­сын­дағы жоғары бәсекелестікті несиелеу мөлшерлемелерінің бақы­лаусыз өсуіне жол бермейтін шығар деп үміттенеді.

Өткен жылы банктер несие­лік өті­німдерді қарау мерзі­мін қыс­қартып, қажетті құжаттар паке­т­ін же­ңілдетіп, әлеуетті қарыз алу­шы­лардың жұмыс тәжіри­бе­сіне қойы­ла­тын талаптар да икемді болды. Іс жүзінде нарық қатысу­шы­лары 2014 жылғы дағ­дарыс ке­зінде енгізілген шектеулерді жойды.

ҰБ төрағасы Т.Сүлейменов айтып өткендей, тұтынушылық несие беруді реттеу керектігі, әлеу­мет­тік жағдайды қиындатпау үшін, халықты қарызға жөн-жо­сықсыз байлап тастау деген нәрсе болмауы керектігін бәріміз білеміз. Кей­бір тәуелсіз сарапшылар ЕДБ-ны олигархиялық қысымнан ажырату үшін жұмыс­тарың жүргізіліп жатқанын айтады. Қазір Үкіметтің назары бір кезде экономика түзеуші банктер деп үкіленген банктердің ар­тында құрылтайшыларға бағыт­талып тұрған көрінеді.

«Екі тарап та қаржылық сая­сат­­қа өзгерістер керектігін біліп отыр. Халықтың несиеге деген сұра­­­­ны­сын ешкім шектей ал­майды. Ал­да­ғы бірер жылда ЕДБ-ның тұ­ты­ну­шы­лық несие пайызының қандай болатынын Үкімет пен Ұлт­тық банктің халықаралық қар­жы инсти­туттарымен жүргізген келісім­де­рі­не байланысты болмақ», дейді Е.Ибрагим.

 

АЛМАТЫ