Спорт • 21 Қазан, 2023

Азия Пара ойындары: Атлетикалық ауылда Қазақстан Туы көтерілді

259 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Қытайдың Ханчжоу қаласындағы атлетикалық ауылда IV Азия Пара ойындарына қатысатын елдердің мемлекеттік Туын  салтанатты түрде көтеру рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Туризм және спорт министрлігінің  баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Азия Пара ойындары: Атлетикалық ауылда Қазақстан Туы көтерілді

Фото: Turizm_zhane_sport_ministrligi

ортасына

Бүгіннен бастап Қазақстан құрамасы ресми түрде IV Азия Пара ойындарының сайыстарына қатысуға мүмкіндік алды. Шараға Қазақстан құрамасының спортшылары мен спорт саласының мамандары қатысты.

«Қазақстан құрамасы Азия ойындарына аман-есен жетті. Біздің спортшылар классификациядан сәтті өтіп, өздерінің спорт класын растады. Спортшылардың класы паралимпиадалық спортта шешуші рөл атқарады, бұл барлық қатысушылар үшін әділ жарыстарды қамтамасыз етеді. Енді біздің алдымызда құнды медальдар үшін қарқынды күрес тұр. Қарсыластарымыз осал емес. Осы пара ойындарына еліміздің тарапынан спорттың 14 түрі бойынша 131 спортшы қатысады, бұл Қазақстанның Азия пара ойындары тарихындағы қатысушылар саны бойынша жаңа рекорд. Алдыңғы ойындарға Қазақстаннан 9 спорт түрінен 91 спортшы қатысып, 33 жүлдеге қол жеткізген болатын. Биыл одан да көп медаль әкелеміз деп үміттенеміз»  , деді Ұлттық Паралимпиада комитетінің бас хатшысы Ерлан Сүлейменов.

Қазақстан Туын көтеру рәсіміне  пара пауэрлифтингтен Токио-2020 Паралимпиада ойындарының жеңімпазы, әлем және Азия чемпионы Давид Дегтярев қатысты.  Спортшы  жазғы Азия пара ойындарында да отандастарымыз барын салып, көк байрағымызды желбіретуде аянып қалмайтынын жеткізді.

Ханчжоудағы жазғы Азия Пара ойындары 22-28 қазан аралығында өтеді. Азия құрлығының 22 мемлекетінен келген 4000-ға тарта спортшы жүлде үшін сайысқа түседі.