Зерде • 22 Қазан, 2023

Мұстафа Шоқайдың ғибратты жолы

463 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Әсілі Алаштың теңдесі жоқ ұлттық идеяларын рухани негіз етіп, егемен­ елі­міз­дің саяси әлеуметтік талаптарын оң түсіне отырып қана шын мағынасында саналы азаматтарды қалыптастыра аламыз.

Мұстафа Шоқайдың ғибратты жолы

Орталық Азиядағы жаңа қоғамдық құры­лыс, барлығы 64 күн өмір сүрген Түр­кістан мұқтариятын кеңес өкіметі құла­тып, Қоқанды қанды қырғынға айнал­дырғаннан соң Мұстафа Шоқай эми­гра­цияға кетуге мәжбүр болды. Әуелі Кав­каз­ға, Грузияға жетіп, оны қызыл армия басып алғаннан кейін Батуми арқылы Түр­кия­ға барды. Одан әрі Францияға жетіп, сонда 20 жылдан астам уақыт тұрды.

Ресейдің маңдай алды универ­си­тет­тері­нің бірінде терең білім алып, са­яси жұмыстың алғашқы мектебінен өткен Мұстафа Шоқайға Парижден жылы орын тауып, өзіне жететіндей тірлік етуге әбден болатын еді. Бірақ ол табиғатында он­дай жан емес-ті. «Мұғажырлық (эми­гра­ция­лық – Ә.Б.) өмірдің машақаты көп-ақ», деп өзі айтқандай, жат жердегі тірліктің тауқы­метін тарта отырып, Түркістан халқы­ның азаттығы үшін күресін бір сәт толас­татпай, қайта күшейте түсті. Енді қалам­ның күшіне жүгінді.

Көп ұзамай бұрыннан өзі жақсы білетін, кешегі Ресей уақытша үкіметі­нің бас­шы­лары А.Ф.Керенский мен П.Н.Милю­­ковтың «Последние новости» және «Дни» басылымдарына қатысып, бел­­сен­ді жұмысқа кірісті. Содан 1919 жылы Грузияда басталған қажырлы жұмыс Парижде жалғасын тауып, бас-аяғы бес жылда тек орыс тілінде 100-ден астам мақа­ласы жарық көрді. Кеңес одағының түркі халықтарына қатысты, оның ішінде Түркістан аймағында жүргізіп жатқан өктем орыстандыру саясатын қатал сынға алды. Бұл Мәскеуге жетіп жатқаны анық. И.Сталин 1925 жылдың 29 мамырында РКП(б) Қырғыз (Қазақ) өлкелiк комитетiнiң бюро мүшелерiне арнайы хат жазды. Онда «Ақгвардияшылдар баспасөзінде белгісіз емес», Мұстафа Шоқай туралы: «Бiз өкiметтi, жастарды саяси және идеологиялық тәрбиелеудi партияда жоқ буржуазиялық интеллигенттерге табыс­тау үшiн алғанымыз жоқ. Бұл шайқас толығымен және коммунистердiң пайдасына шешiлуi қажет. Олай болмаған жағдайда Қырғызстанда (Қазақстанда – автор) шоқайшылардың жеңiске жетуi әбден мүмкiн. Ал бұл Қырғызстандағы (Қазақстандағы – Ә.Б.) коммунизмнiң идеологиялық және саяси күйреуiмен теңбе-тең», деп жазды.

Мұндай бағадан кейін кеңес өкіметіне Мұстафа Шоқайдан артық жау болған жоқ. «Қазақ ССР тарихы» сонау Қоқан автономиясын «реакциялық бүлікшіл үкімет» деп атады. Ал оның басшысы болған Мұстафаға «сатқын», «опасыз», «контрреволюционер», «нағыз пантюркист» және «панисламист» дегендей аттар тағылып, түрлі мазмұнда мақалалар жазыла бастады. Осының аяғы 1968 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан С.Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты деректі повесінің шығуына әкелді. Ол 1972 жылы орыс тілінде де жарық көріп, 200 мың данамен бүкіл одаққа тарады. Тіпті 1976 жылы қырғыз тілінде де шықты. Бұл кітапта Мұстафа Шоқай гитлершілермен ауыз жаласқан, азиялық тұтқындарды кеңес өкіметіне қарсы соғысуға үгіттеп, олардан «Түркістан легионын» жасақтауға қатысқан, Отанын сатқан опасыз, дұшпан ретінде суреттелді.

Еліміз тәуелсіздік алған соң Мұстафа Шоқай туралы бұрынғы ой пікір өзгерді. Жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың 1990 жылы 17 мамырда «Ана тілі» газетінде басылған «Беймəлім тағдыр. Мұстафа Шоқаев туралы бірер сөз» атты мақала кеңестік жабық тақырыптың пердесін алғаш ашты. Ал белгілі қоғам қайраткері, атақты жазушы Əнуар Əлімжановтың «Қазақ əдебиеті» газетінің 1991 жылы 24 жəне 31 мамырдағы сандарында жарияланған «Мұстафа Шоқай... Ол кім?» деген терең толғаныстан туған көлемді мақаласы бүкіл қоғам назарын ұлы тұлғаға аударды. Содан сол жылы «Социалистік Қазақстан» газеті мен «Қазақстан коммунисі» журналында Мұстафа Шоқайдың «Советтер билеген Түркістан» және «1917 жыл естеліктерінен үзінді» атты еңбектері туған елінде тұңғыш рет жарық көрді.

Мұның барлығы кеңестік идеология ықпалынан босай алмаған, «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітаптың авторын қарсы шабуылға шығарды. Ол «Қазақ әдебиеті» газетінің 1992 жылғы 24 шілдесіндегі санында «Құрғақ долбар дәлел емес», «Кустанайские новости» газетінің 1993 жылғы 25 наурызында «Факты против домыслов» атты мақалалар жариялап, бұрынғы ойларын қайталады. Жаңадан ешнәрсе қоса алмады. Жоғарыдағы «Қазақ әдебиеті» газеті бірден С.Шәкібаевтың мақаласына жа­уап ретінде Әнуар Әлімжановтың «Ұлы адамның аруағымен алыспайық» деген мақаласын қатар басты. Мақала: «Мұстафа Шоқай ешкімнің ақтауын қажет етпейді. Ол өзін-өзі, өзінің еңбегімен, өзінің ерлігімен ақтайды, оны тарих ақтады, уақыт ақтап, түркі тілдес халықтар оған өз бағасын беріп отыр», «Аруақпен арпалысу, ұлы адамның аруағымен арпалысу жеңіске жеткізбейді», деген сөз­дер­мен аяқталды.

 Алайда деректі кітаптағы одаққа тара­­ған жалған мәліметтер туралы сан рет жазылып, талқыға түссе де, Мұстафа Шоқайды «Түркістан легионын» құруға қатысты, немістермен бірге қызмет етті деген пікір әлі де елес беріп келеді. Мұның бірнеше себебі болып отыр. Бірінші себеп – осы кезге дейін Мұстафа Шоқайдың «Яш Түркістан» журналында жарияланған 224 мақаласы енген 1998-1999 жылдары шыққан екі томдық, 2007 жылы басылған үш томдық жинақтары көптеген кітапханада жоқ. Ал 2012-2014 жылдары жарық көрген, он тілдегі шығармаларының он екі томдық жинағы облыстық кітапханаларға тараған жоқ еді. Биыл бұл еңбектердің электрондық нұсқаларын республикадағы облыстық кітапханаларға түгел таратып, олардың басшыларына бұл әдебиеттерді әрі қарай аудан, қала кітапханаларына жеткізуді өтіндік. Ал орыс, француз, ағылшын, неміс, поляк, түрік тілдеріндегі 600 жүздей еңбегі осы кезге дейін ана тілімізге аударылмай отыр. Тиісті мекемелерге бірнеше рет жазылды. Әзір нәтиже шығатын емес.

 Екінші бір себеп – халық арасында Мұстафа Шоқайдың ежелден көрші болып, оң ықпалы да аз болмай келе жатқан Ресейді сынағанын ұната бермейтіндер бар. Алайда Мұстафа Шоқай Ресейді орыс халқының отаны ретінде емес, шеткері аймақтар үшін озбыр ұлттық саясат ұстанған патшалық, кеңестік биліктің орталығы ретінде сынады.

Енді жоғарыдағыдай түсініктердің салдарына бірнеше мысал келтіре кетейік. 2012 жылы белгілі ақын Қасымхан Бегманов шығысқазақстандық орыстілді журна­листермен бірнеше ай соттасқан болатын. 2014 жылы Астана мәслихатында Мұстафа Шоқайдың атын қаладағы №51 орта мектепке беру туралы ұсыныс қаралғанда, біреуі ғылым докторы, профессор, екіншісі кейін Парламент Сенатына депутат болып сайланған мәсли­­хат депутаттары Мұстафа Шоқайды неміс фашистерімен байланыстырып, ұсы­­нысқа қарсы шықты. Ең өкініштісі қал­­ған жиырмадан астам депутаттың бірде-біреуі Мұстафа Шоқайды қорғай алмады. Саяси сауатсыздыққа дауа бар ма? Ал Қызылордада 2017 жылы Мұстафа Шоқайдың еңселі ескерткіші бой көтергенде жаңылыс емес, тікелей жағымсыз үн қатқандар тағы шықты. Қазір ашық баспасөзде жазылмағанымен әлеуметтік желілерде қайшы көзқарас әлі бар.

Бұлардың барлығына негіз болған Серік Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күй­реуі» атты кітабындағы жалған жала­ның атадан балаға жалғасып келе жат­қанын, осы кітап туралы бұрын да жазыл­ға­нын ескеріп, ертеректе оқыл­ған бұл кітап­ты қайта қарауға мәжбүр болдық.

Бұл кітап «документалды» деп атал­ға­нымен, ондағы мәліметтер ойдан құрас­тырылған, шындықтан тіптен алшақ жат­қаны Мұстафа Шоқайдың мына ойын еске түсірді. «Бір ғылыми өтірікке қарсы» (Қоқан автономиясына 14 жыл толуына орай) атты мақаласында былай жазылып еді: «Тарих жазудың екі жолы бар. Бірінші жолы: зерттеуші өмірде болып өткен оқиғаларды көңіл қойып жинастырады. Оларды хронологиялық тәртібі бойынша заманның жағдайына, ахуалына қарай зерттейді... Шын мәніндегі ғылыми тарих, міне, осындай тәсілмен жазылады. Екінші жол: зерттеуші көздеген мақсаттарын күні бұрын белгілеп алады да, соған жету үшін оқиғаларды ойдан шығарады... Кеңес тепкісіндегі халықтардың ұлттық қозғалыстары туралы жазып жүрген большевик тарихшылар осы екінші түрге жатады».

Әңгіме болып отырған кітап авторы соңғы жолды таңдаған. Осы туралы бірер ойымызды ортаға салайық. Алдымен айтарымыз – он сегіз тараудан тұратын кітаптың алғашқы төрт тарауы ойдан құрастырылған мәліметтермен көмкеріліп, Мұстафа Шоқайдың Түркіс­тан легионына қатысты мәселені неміс басшыларының қолдауы, мұның бар­лы­ғына Уәли Қаюмның қызғанышы, күн­шіл­дік отының тұтануы, сүзек ауруына шал­дыққан Мұстафаға у беріп өлтіруімен аяқ­талады. Тіпті құжаттар бойынша 1941 жылдың 27 желтоқсанында қайтыс болған Мұстафа Шоқайды 1942 жылдың нау­рыз айында бақилық болды дегенге не айтуға болады? Бұдан әрі қалған он төрт бөлімде Түркістан легионындағы жұмыс­тар, «Үлкен Түркістанның» президенті бол­ғысы келген Уәли Каюм туралы жа­зыл­ған.

Автор кітаптың бірінші тарауын «ұзын бойлы, толық денелі», «бір жылдан астам гестапоның тұтқынында болған», «тұтқын хатты өзін таныстырудан бас­тады», «Керенскиймен бірге Петербург университетінде оқып, эсерлердің үйір­ме­сіне кіреді» болмаса «тұтқын совет әскерлерінің ішіндегі мұсылмандардан жаңа армия құрғысы келетін» деген ойдан құрастырылған сөздерді оқып, көре отырып не айтуға болады деп толғандық. Біріншіден, Мұстафа Шоқай «ұзын бойлы, толық денелі», «бір жылдан астам гестапоның тұтқынында болған» дегендер қиялдан құрастырылған. Мұстафа немістер Парижді басып алғанда екі-үш аптадай Компиен лагерінде ғана болды. Сонан соң ол Петербург университетіне 1910 жылы түссе, А.Ф.Керенский 1904 жылы бұл оқу орнын бітіріп кетті. Кезінде жүзден астам әртүрлі, әр деңгейдегі қайраткермен, ғалыммен хат жазысқан, үш жүзден астам хат сақталған Мұстафа Шоқайдың эпистолярлық мұрасында қалайша нацистік Германияның мемлекет және саяси қайраткері, Ұлттық социалистік неміс жұмысшы партиясының ең ықпалды мүшелерінің бірі және оның идеологі Розенбергке жазған хаты сақталмаған? Ал алғашқы төрт тараудан «Совет үкіметінің ұлт мәселесі жөніндегі саясатын әшкерелемек болды. Әсіресе Түркістанда қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен ұлт республикаларының құры­луын большевиктердің отаршылдық саясатының нәтижесі деп көрсетті», «Шоқаевтан артық советке қас адам табыла бермес», деген сөздер мен оның лагерьлерді аралауы, олардың ауыр тұрмысы туралы мәліметтерге ғана сенуге болады.

Ал шындық былай болған еді. Немістер Парижге басып кіреді де, Шоқайлардың бейбіт күндері аяқталады. Әуелі Мұстафа тұтқындалып, Компиен лагеріне орыс­тармен бірге қамалады. Онда екі-үш апта болып үйге оралады. Жарына лагерьде интеллектуалды ортада болғанын, екі күнге сұранып келгенін, өзіне түркістандық тұтқындар алдында радиодан сөз сөйлеу ұсынылғанын, бірақ бұл ұсыныстан бас тартқанын айтады. Мұның себебін «1941 жылы Германиядағы М.Шоқайдың қызметі: әскери тұтқындармен – Түркістан тұтқындарымен байланыс» атты жазбасында жазғандай, соңғы екі жылда атамекендегі оқиғаларға зер салып отырудың мүмкін болмағандығы және кеңес мектебінде даярланған кадрларды жете білмеуімен, сондықтан алдымен түркістандық тұтқындармен кездесіп, өлкенің қоғамдық саяси жағдайын тану­дың қажеттігімен түсіндірген болатын. Неміс­тер бұл ұсыныспен келіседі. Содан көп ұзамай Берлинге әскери көлікпен жолға шығады.

Берлинде тұтқындармен кезде­су­ді алты аптадай күткеннен соң Мұстафа Шоқай түркітілдес комиссия қыз­мет­­кер­лерінің басшысы ретінде 27-28 тамыз күндері Германиядағы Ган­но­­­вер маңындағы екі лагерьде, 6-25 қыркүйекте Шығыс Пруссиядағы жеті, 7-30 қазан күндері Польша мен Украи­на­да орналасқан бес лагерьде болады. Нацистердің әсіре нәсілшілдіктен туындаған түркістандық тұтқындардың жантүршігерлік жағдайын алғаш көр­геннен-ақ Мұстафаның көңілі құла­зып сала береді. Қараша айының ішінде бір адам Мария Яковлевнаға хат әкеліп береді. Онда: «Мен бұл бақытсыз адам­дарға көмектесе алмайтыныма қатты ренжідім. Олар көмек сұрайды және менен қатты үміттенеді. Мен оларға көмек­тесетінімді айттым, бірақ мұның бәрі оларды тыныштандыру үшін. Оларға көмектесуге дәрменсіз екенімді біле отырып, мен оларды алдауым керек. Мен бұдан әрі шыдай алмаймын, өлгенім жақсы. Кеше 35 адамды атудан құтқару мүмкін болды, бірақ ол ұзақ уақытқа ма белгісіз», деп жазылған.

Мұстафа Шоқай тұтқындар жағдайын өзгертуге, ең болмаса қиындығын жеңіл­­детейін деген оймен немістердің бас­шы­лығынан тұтқындардың тағ­дырына араша түсіп, білімділерін темір тордан босатып, олардың білімін әрі қарай жалғастыруына не мамандықтарына лайықты жұмыс тауып беру үшін тыным таппайды. 1941 жылғы қыркүйекте Сувалки лагеріндегі түркістандық тұт­қындар алдында ғана өте қысқа сөйлейді. Тұтқындардың адам төзгісіз жағдайын көзбен көрген Мұстафа бұлардың алдында жазылып сөйлей де алмайды. Оны мына мәтіннен айқын аңғаруға болады: «Сіздерге қарап жүрегім қан жылайды. Осындай темір тікеннің артында ұстайтындай сіздер не істеп едіңіздер?». Жеке кездесулерде де осындай мазмұнда сөйлеседі. Амалдың жоқтығынан құрғақ уәде берген, тіпті алдауға барған кездері де болмай қалмаған.

Мария Шоқай «Менің Мұстафам» атты естелігінде жарының лагерьлерді аралап болғаннан кейін жазғанынан мынадай үзінді де бар: «Сіздер, неміс­тер, өздеріңізді Еуропадағы ең мәде­ниетті адамдармыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргендерім болса, онда мен сендерге де тұтқындағылардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер ХХ ғасырда өмір сүре отырып, ХIIІ ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асырып жібердіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айту­ға хақыларыңыз жоқ». Бұл хатты қасындағы Уәли Қаюмға аудартып, СС (неміс әскері, «Schutzstaffel» сөзінен қысқартылып алынған) офицерлерінің біріне табыс етеді. Офицер оны оқып шығып, Мұстафаға: «Пікірлеріңді өте тура айтыпсың, мұның артықтау емес пе?», дейді. Ол: «Егер сіздер осыған байланысты маған ату немесе асу жазасын берсеңіздер де разымын. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық. Бұл қорқынышты жағдайлардан соң тіпті де өмір сүргім келмейді», деген жауап алады.

Мұстафа Шоқайдың арқасында бір­­­қатар тұтқын аман қалады. Соғыс аяқ­тал­ғаннан кейін олардың бір бөлігі Гер­ма­нияда қалуды ұйғарды немесе Түркия және басқа да Еуропа елдеріне қоныс аудар­ды, ал екінші бір бөлігі елге оралды. Олар­ға неміс тұтқыны болған­дық­тан әртүрлі жаза жүктелді. Көбі атылды, қалғаны он жылдан жиырма бес жыл­ға дейін түрмеге қамалды. Бұған Ста­лин­нің «Бізде тұтқындар жоқ, тек отанын сат­қан­дар бар», деген бірауыз сөзі себеп болды.

Мұстафа Шоқай екі жарым ай тұт­қын­дар лагерін аралап, енді Парижге қайтуға бет алғанда лагерь басшылығы комиссия мүшелеріне тұтқындар арасында сүзек ауруы қаупі қарқын алып бара жатыр деп екі аптаға карантин жарияланғанын хабарлайды. Бірақ он шақты күн өтіп, карантин уақыты біткенде комиссия мүшелерінің арасында ешқандай ауру жоқ деп тиісті дəрігерлердің қарауынан кейін олардың қайтуларына рұқсат беріледі. Алайда пойызға отырғанда Мұс­тафа ауырып, Берлинге жеткенде ауруы күшейе түсіп, ыстығы 40 градус болады. Шақырылған дəрігер, профессор Руднев науқас диагнозын анықтай алмай, сүзекке күдік келтіріп, ауруханаға жатуға кеңес береді. Бірақ Мұстафа ауру­ханада есін жия алмай, 7 күн жатады. 27 желтоқсан күні кешкі сағат 6.30-да медбике бір ине салыпты, одан не қалай­ тынын сұраған көрінеді. Бұған ол «ұйқы» деп жауап береді де талықсып кетеді. Осы ұйқысынан оянбайды.

Мария Шоқай жарының қайтыс бол­­ғанын естігенде-ақ өз ажалынан емес екеніне сенімді болды. Алғаш көңі­ліне күдік ретінде Мұстафа басқарған тұт­­­қын комиссиясының көмекшісі, лагерь­лерді аралағанда қасында болған Уәли Қаюм түседі. Өйткені арада жүрген сол, Мұстафаның нацистерге деген көз­қа­ра­сын жақсы білетін де сол. Оның үстіне Уәли Қаюмның кейінгі тірліктері де еш ұйқаспай, қамкөңілдіні қайғыға баты­ра­ түседі. Бұл қазаны тек жары ғана емес, Мұстафа Шоқайды ұстаз тұтқан шәкірт­тері де, оған жаны жақындар да, жалпы атына қанықтар да Уәли Қаюмның қолынан болды деп ойлайды.

Лагерьді аралағанда Мұстафамен бірнеше күн бірге жүрген Қарес Қанатбай оның өлтірілгенін, оған у берген Уәли Қаюм екеніне күмән келтірмеген. Ал белгілі ақын Хамза Абдуллин Мұстафаны улау жөнінде бұйрықты доктор Герхард фон Менде бергенін, оны Уәли Қаюм орындағанын айтады. Осы арада бір мәселені айта кеткен артық болмас. Ол кезде оккупацияланған Шығыс территория­лары империялық министрлігінің Кавказ филиалының бастығы лауазымындағы Герхард фон Менде тікелей мұндай тапсырма бере алмайды. Қатаң тәртіпке жүйеленген басшылықта субординация да қатаң сақталады. Ал ондай шешімді кім болса сол емес, тек Розенбург қана бере алатын еді. Мұны кейін сол кездің куәгерлері де айтқан болатын. Ал тапсырманы кімнің орындағаны күні бүгінге дейін белгісіз.

Мұстафа Шоқайдың құпия жағдайда қайтыс болғанына сексен жылдан асты. Осы кезге дейін бұл туралы іргелі еңбектер мен мерзімді баспасөз беттерінде аз айтылып, кем жазылған жоқ. Ажал неден, кімнен болды деген күдік сейілмей, талай болжам айтылды. Дегенмен пікірлер оның ажалына неміс басшылығы кінәлі дегенге ойыса береді. Лагерьлерді аралап шыққаннан кейін 1941 жылғы қазан айында Мұстафа Шоқайдың құпия түрде «Аса сеніммен» деген ескертумен «Мен бұл жолдарды сіз үшін ғана жазып отырмын және мұны аса құпия ұстауыңызды сұраймын», деп басталатын неміс лагерьлеріндегі көрген-білгендерін баяндаған хатты Уәли Қаюм өзі ғана оқып қойды деуге болады ма? Болмаса неміс армиясының группенфюрері С.С.Иоахимге: «Гете, Фейербах, Бах, Бетховен, Шопенгауэр сияқты ұлыларды тәрбиелеген ұлттың тұтқындарға жасап отырған зұлымдығын көре отырып, мен Түркістан легионын басқару туралы ұсыныстан және сіздермен әрі қарай жұмыс істеуден бас тартамын», деген мазмұндағы Мұстафа Шоқайдың хатын оқып, таныса отырып, неміс басшылығы хат иесінің көзін жоюдан басқа не ойлауы мүмкін?

Мұстафа Шоқай туралы шындықты өзінің өте жақсы танысы, Француз социа­листік партиясы жетекшілерінің бірі, журналист Пьер Ренодельдің келесі сөздерімен тиянақтағымыз келеді: «Бәрібір күндердің күнінде кім де болса сенуден қалатын өтірікпен өзіңді алдаусыратқаннан гөрі, өткеннен ой түйіп, сабақ алған әлдеқайда пайдалы емес пе? Осы орайда жаза бас­пайтын, жоққа шығаруға жатпайтын өз мәліметтері мен құжаттарының жиын­ты­ғын­ қолымызға ұстатқан Мұстафа Шоқай біз­ге зор ғибрат көрсетіп отыр. Ол ақиқат алдын­да алғысқа лайық».

Енді аруақты тыныш жатқызып, жалған жалалардан арылтып, оның мол мұрасын насихаттауға, мәңгі өлмес өсиеттері мен аманаттарын тәуелсіз еліміздің бүгінгі ұрпақтарына жеткізуге жүйелі түрде көңіл бөлсек, ұтарымыз әлдеқайда көп болар еді. Берісі Түркістан халықтарына, арысы бүкіл түркі қауымына қарыз болмай, солардың жарқын болашағы үшін күрестің қайталанбас үлгісін көрсеткен ұлы тұлғаға бұдан артық ыстық ықылас, бұдан артық шынайы құрмет бола қоймас.

 

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымдар докторы,

профессор