Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Түркия, Мажарстан, Чехия, Аустрия, Ресей және отандық ғалымдар мен сарапшылар, сондай-ақ азаматтық сектор өкілдері қатысты. Сарапшылар еліміздегі демографиялық ахуалға, отбасы институтын нығайту, сондай-ақ демографиялық дамудың оң үрдістері мен сын-тегеуріндерге байланысты өзекті мәселелерді талқылады.
Жиында консорциум бұрыннан бар білімді бірыңғай дерекқорға біріктіруге және жаңа тәсілдерді әзірлеуге мүмкіндік беретіні айтылды. Әсіресе қазіргідей демографиялық өсім байқалған тұста халықтың әлеуметтік ахуалын зерделеу де негізге алынады. Мәселен, биыл 142 мың жас жоғары оқу орнынан түлеп ұшса, 350 мың бала бірінші сыныпқа қабылданды. Демек болашақта оларды жұмыспен қамту мәселесі осы бастан сараланып, бір жолға қойылғаны абзал.
«Бүгінде жалдамалы еңбек күшіндегі 58 пайыз азамат – жастар. Ал 2030 жылға қарай 80 пайызы 2000 жылдан кейін туылған балалар еңбек нарығына келеді. Жастардың экономикаға келуі ел әлеуметінің әлеуетін көтеруге үлкен мүмкіндік береді», деді Тамара Дүйсенова.
Осылайша, жаңа бірлестік отбасылық, гендерлік және демографиялық саясатты қарқынды жүргізуде нақты қадамдардың жасалуына сеп болады. Конференцияда Аида Балаева демография мәселелері қазіргі уақытта әлемнің көптеген елі үшін де өзекті екенін айтты.
«Қазақстанның демографиялық ерекшеліктері мемлекеттің жаңа экономикалық, инфрақұрылымдық сын-қатерлерді еңсере алуы мен жаңа ұрпақтың дамуы үшін жағдай жасауда зор маңызға ие. Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан экономикалық саясаттың жаңа моделіне көшу жағдайында әлеуметтік, отбасылық және демографиялық мәселелер де өзекті. Президент мемлекеттің демографиялық өзгерістерді болжау, олардың салдарын анықтау, түсіну және олармен күресу үшін уақтылы шаралар қабылдау қабілетін қамтитын «тұрақты демографиялық дамудың» маңызын атап өтті. Кейінгі он жылдықта еліміздегі отбасы институтында айтарлықтай өзгерістер болды: некелесу жасының ұлғаюы мен алғашқы сәбидің кеш дүниеге келуі, ажырасудың және толық емес отбасы санының өсуі. Одан өзге жаңа демографиялық тенденциялар, соның ішінде кейінгі жылдары тіркелген рекордтық туу көрсеткіштері белгіленді. Жалпы, туу коэффициенті 3,3-ті құрайды, бұл қарапайым халықтың көбею деңгейінен жоғары. Кейінгі 10 жылда халық санының өсуі шамамен 3 млн адамды құрады. 2023 жылдың соңына дейін Қазақстан халқы 20 миллион адамға жетеді деп күтіледі. Осы саланы дамытудың маңыздылығын ескере отырып, конференция саланың және тұтастай алғанда елдің дамуының тұрақтылығын арттыру үшін бірлескен шараларды әзірлеу үшін барлық мүдделі тараптың күш-жігерін біріктіруге бағытталған», деді Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы.
Сондай-ақ ол бұл мәселе барлық қатысушы тарапынан кешенді тәсілді және тиісті саясатты қалыптастыруды талап ететінін айтты. Жиында халыққа мемлекет тарапынан беріліп отырған көмек пен іс-шаралар туралы да сөз болды. Оның ішінде балалары бар отбасыларға мемлекеттен жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу іс-шаралары қарастырылғаны және көпбалалы, жалғызбасты отбасыларға тұрғын үй беру, 5 және одан да көп баласы бар отбасыларға 53 жаста зейнетке шығуға болатыны айтылды. Жиында сөз сөйлеген БҰҰ Дүниежүзі бойынша гендерлік теңдік мәселесі жөніндегі директоры Ракель Лагунас осындай алаңдарды ұйымдастыру жаһандағы демографиялық өзгерістерді талқылауға, олардың жергілікті тұрғындарға әсері не пайдасы сынды мәселелерді жан-жақты талдауға сеп болатынын алға тартты.
«Қазақстандағы демографиялық мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар бағдарламаны зерттеп көрдік. Қазақ әйелдері өмірінің 40 пайыздан астамы бала күтіміне, үйдің бітпейтін тірлігімен өтетіні түсінікті. Салдарынан көпшілігі оқуға, өз-өзін дамытуға, жұмыс істеуге уақыт таппай жатады. Сәйкесінше зейнетақы қорында жиған-тергендері аз, зейнетке шыққанда азғантай қаржы алады. Міне, осындай мәселелер гендерлік теңгерімсіздікке алып келіп отыр. Біз осы мәселелерді оңтайландыру бағытындағы жұмыстарды барынша күшейтуіміз керек», деді Ракель Лагунас.
Отбасының цифрлық картасының дерегі бойынша елімізде 6 миллионнан астам отбасы бар. Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылардың саны 539 мыңнан асады. Әйелдер саны 10,1 млн адамды құрады, оның 4,6 млн-ы жұмыс істейді, соның ішінде 1,5 млн адам – ауыл тұрғыны.
«Балалы отбасыларды қолдау, атап айтқанда тууды ынталандыру, отбасында бала тәрбиелеуге жәрдемдесу, көпбалалы аналардың беделі мен абыройын арттыру, көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көпдеңгейлі жүйесі қарастырылған. Қазіргі уақытта елімізде 2,5 млн балалы отбасы республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақы алады. 2023 жылдың қаңтарынан бастап барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы 8,5 пайызға ұлғайтылды. Осы жылы бұл бағытқа 1,3 трлн теңге бөлінді, бұл өткен жылғыдан 39 пайызға көп. Базалық деңгейде мемлекет республикалық бюджет қаражаты есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін аналарға бала тууға арналған біржолғы жәрдемақыға кепілдік береді. Жұмыс істемейтін аналар үшін 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы көзделген. Осы жәрдемақы түрлерінің мөлшері туған баланың кезектілігіне байланысты сараланған түрде белгіленеді. Бұл мөлшерді анықтау жәрдемақы алушылар құрылымының өзгеруіне әсер етті. Осылайша, 4 және одан да көп бала тууға байланысты жәрдемақы алушылардың үлесі 2010 жылғы 11,5 пайыздан 2022 жылы 29,7 пайызға дейін өсті, яғни әрбір үшінші бала көпбалалы отбасында өмірге келеді», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.
Конференция барысында онлайн байланысқа қосылған Мажарстанның Мәдениет және инновациялар министрлігі отбасы істері жөніндегі мемлекеттік хатшысы Агнес Хорнунг өз елінің тәжірибесімен бөлісті.
«Біздің отбасылық саясаттың басты мақсаты – өмірдің барлық сынағына тойтарыс бере алатын ұрпақ тәрбиелеу. Демографиялық саясаттың үш тірегі: жоспарлы балалы болу, қаржылық қауіпсіздік пен шешім қабылдаудағы еркіндік, жұмыс пен жеке өмірді ұштастыра алу маңыздылығы. Жауапты өкіл ретінде ел азаматтарына балалы болуды жоспарлап отыруға, барлық уақытын бала тәрбиесіне арнау керек болғандықтан жұмыстан кетудің қажеті жоқ екенін түсіндіруге күш саламыз. Мажарстанда балалы болу мен кәсіби мансап – бір-бірімен қайшы ұғым емес. Жалпы, мемлекетімізде бала туу коэффиценті тұрақты. Ел дамуының кез келген бағыты демографиялық ахуалға байланысты. Сондықтан «Отан отбасынан басталады» ұғымын негізге аламыз», деді Агнес Хорнунг.
Елімізде де отбасы саясатын іске асыру үшін қажетті институционалдық база мен инфрақұрылым құрылып, отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында бірқатар шара қабылданып жатыр. Мәселен, өмірлік қиын жағдайға тап болған шаңырақтарға көмек көрсету үшін өңірлерде 68 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. 2013 жылдан бері Ұлттық отбасы күні бекітіліп, 10 жыл бойы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылып келеді. Әке институтын дамыту мақсатында 2012 жылдан бастап «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі қызметін жалғастырып келеді. Ал биылдан бастап мерекелер күнтізбесі Әкелер және Аналар күнімен толықтырылды.
БҰҰ ДБ ресми дерегіне сәйкес БҰҰ 2021-2022 жылдардағы адам дамуы туралы жыл сайынғы баяндамасында гендерлік даму индексі бойынша еліміз жетістіктер теңдігі деңгейі өте жоғары елдердің 1-тобына енгізілді. Ал 2023 жылы гендерлік алшақтық индексі бойынша рейтингте 146 елдің ішінде 62-орынға тұрақтады. Биыл елімізде гендердік тепе-теңдік 72,1 пайызға жетіпті. Қазақстанда білім деңгейі бойынша гендерлік алшақтық іс жүзінде жойылды, бастауыш, орта және жоғары оқу орындарына қабылдауда толық теңдік қамтамасыз етіледі.
Ұлттық конференцияның қорытындысында сарапшылар демографиялық тенденцияларды ескере отырып, еліміздің одан әрі тұрақты дамуы бойынша ғылыми негізделген тәсілдер мен ұсыныстар әзірледі.
Іс-шара Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен БҰҰ Әйелдер және БҰҰ халықтың қоныстануы саласындағы қорының ұйытқы болуымен ұйымдастырылғанын айта кетейік.