Білім • 23 Қазан, 2023

Оқушылар ойлап тапқан жүйе

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары Ерболат Сембаев пен Ілияс Бәйішев интерактивті зияткерлік ойын өткізуге арналған онлайн жүйе жасап шығарды. Олардың ойлап тапқан жүйесі қатысушыларға қойылған ашық сауалдардың жауабын автоматты түрде тексеріп, дұрыс-бұрысын бағалап отырады.

Оқушылар ойлап тапқан жүйе

Өткен жылы «QSOIL – Quest System of Interactive Learning – Интерактивті оқытудың квест жүйесі» жобасына авторлық құқық алған жас талап Ерболат Сембаевтың айтуынша, теория мен тәжірибені ұштастыру арқылы ғана мектепте сапалы білім беруге қол жеткізуге болады. Ол үшін түрлі оқу әдістерінің көмегіне сүйене отырып, білім алуға құлықсыз оқушыларды да ынталандырып отыру маңызды. Ілияс екеуі жасап шығарған онлайн жүйе ұстаздарға оқушылар орындаған бақылау жұмыстарын тексеруге, қорытынды баға шы­ғаруға көмектеседі.

– Ғылыми жетекшіміз Борис Зеленовтің оффлайн режімде өткізіп жүрген «Эрудит» ойынына тәнті болатынбыз. Қызыққанымыз сонша, ұстазымыздың келесі зияткерлік ойынды өткізгенін асыға күтетінбіз. Ойын барысында оқушылар мәжіліс залына жиналып, топтарға бөлініп, қағазға жазылған сұрақтарға жауап беріп, қызықты викториналық жарысқа қатысатын. Ал біз жасап шығарған жоба – сол «Erudit Plus» – «Эрудит» ойынының электронды нұсқасы. Ойынның электронды нұсқасы ыңғайлырақ әрі оған бірден бірнеше сыныптың оқушылары қатыса алады, – дейді Ерболат Сембаев.

«Go» деп аталатын бағдар­ламалау тілінде әзірленген жобаны іске асыру барысында оқушы­лар «Web sockets» технологиясы мен «Postgres» және «Docker» мәлі­меттер қорын пайдаланған. Жас өнертапқыштардың ғылыми жетекшісі Борис Зеленовтің айтуына қарағанда, аталған техно­логияның күрделі тақы­рыптарды оңай игеруге, оқушылардың білім сапасын арттыруға көмегі зор.

– Шәкірттерім ойлап тапқан жаңа жүйені қараша айында тәжірибеден өткізіп, тұңғыш рет ресми білім жарысын өткізуді жоспарлап отырмыз. Одан кейін облыс, республика көлеміне шығуға талпынып көреміз, – дейді ақпараттық технология пәнінің мұғалімі Борис Зеленов.

 

Қостанай облысы