Мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі марқұмның туған күніне орай ұйымдастырылды. Тағылымды іс-шара басталмас бұрын әншінің «Жас қалам», «Таң самалы» әндерін жиылған жұрт терең тебіреніспен тыңдады. Аяулы ұлын сағынған елдің көзіне еріксіз жас іркілді.
Мемориалдық тақтаны облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов, ұлт руханиятының жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова, Сейіл марқұмның досы, дарынды әнші Ерлан Төлеутай, туған бауыры, сазгер Шыңғыс Мұқаев ашты. Әкімнің орынбасары Б.Асанов сөз сөйлеп, халқының аяулы перзенті хақында жылы лебізін жеткізді. «Сейіл Аяған – ғұмырын әнге арнаған шын талант. Оның есімі, дауысы елінің жүрегінде сақталары сөзсіз. Сіздердей тыңдарманы барда Сейіл әнші өлмейді. Осындай асыл туған ұлдарға құрмет көрсету – біздің парызымыз. Қазақ әнінің одан әрі жаңғыруына зор үлес қосты. Аянбай еңбек етті. Соңына дейін әнге берген сертінен таймады», деді Бауыржан Қоңырбайұлы.
Алматыдан арнайы келген Е.Төлеутай әнші бауырының жылы жүзін, сыршыл жүрегін сағынғанын айтып, көзіне жас алды. «Сейіл бауырымның екінші ғұмыры ұзақ болады деп сенеміз. Рухына көрсетілген құрмет мұнымен тоқтамайды деп ойлаймын. Келешекте Сейіл әншіні еске алу кештері өтеді деп күтеміз. Сонымен қатар Сейілге Қарағандыдағы Жұлдыздар аллеясынан орын беру керек деген ұсыныс білдіремін», деді өнер жанашыры.
Дәстүрлі әннің дүлдүлі Жақсыгелді Кемалов та әнші бауырына деген ыстық сағынышымен бөлісті: «Сейіл екеуміздің туған күніміз қатар. Екеуміз бір-бірімізді күн қырдан көтеріле бергенде құттықтап отырушы едік. Биыл бауырым хабарласпады. Телефоным үнсіз. Өзегіме өксік тығылды. Қайран бауырым-ай! Өзгенің бақытына баладай қуанатын таза жүрегі тоқтады. Ән де кімге қонарын біледі ғой, шіркін».
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайрат Асқар әншіге арнаған өлеңін оқып берді. Мәдени іс-шара аяулы әншінің соңында қалған шырақшысы Қымбат Түсіпбекованың осындай игілікті шараға атсалысқан азаматтарға ризашылық білдіруімен түйінделді. Осылайша, Сейіл сері Қарағанды жұртшылығына қара тақтадан қарады. Қара тақтаға мойын бұрып сіз қарасаңыз, әншінің жылы жүзі көз алдыңызға, қоңыр үні құлағыңызға келеді. «Жұлдыздар аллеясында жұлдызы жарқыраса», деген Ерлан Төлеутайдың сөзін біз де қуаттаймыз.
Қарағанды облысы