Тұлға • 23 Қазан, 2023

Намысты суреткер

209 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Әдеби дәстүрсіз әдебиет дамымайды. Қазіргі көркемсөз өнері қаншалықты еркін­дік алды дегенмен, өткеннің бай тәжірибесін бойына сіңірмей өспейді. Бүгін­гі проза жөнінде де осыны айтуға болады. Ж.Аймауытұлын, М.Әуезовті, Б.Майлинді, Ғ.Мүсіреповті игермей, өрелі проза өрге баспас еді. Алыптар тобы­нан соң бұл қатарда соғыс жылдарынан кейін әдебиетке келген өзге қалам­дастармен бірге Тахауи Ахтанов бар. Бүгінде 100 жылдығы аталып отыр­ған­ ол көркемдік әлемін қалыптастырған қарымды прозаик, шебер драматург, өткір ойлы сыншы болды. Алыптар дәстүріне сай әдебиеттің барлық жанрында­ аянбай еңбек етіп, шығармашылықтағы адалдықты ту қылып ұстанды.

Намысты суреткер

Дәуірдің соқтықпалы толқындарының жазу­шы­ның­ қалыптасуында үлкен орны бар. Бәлкім, мұны сурет­керлік дүние­та­ным­ның алғышарттары дерміз. Тахауи да уақыттың ауыртпалығын көріп өсті.

Балалық шағы ХХ ғасырдың 30-жыл­да­рының басындағы алапат аша­р­шы­­лықпен, сталиндік репрессиямен тұспа-тұс келді. Буыны қатая келе жаһан­дық соғысқа аттанды. Мұның бар­лы­ғы бола­­шақ жазушы үшін өмірлік, шығар­машылық толағай жүк болды.

Соғыс жылдарынан кейінгі әдебиетті Т.Ахта­новсыз елестету мүмкін емес. Оның «Қаһар­лы күндер», «Боран», «Шырағың сөн­бесін» атты романдары мен повестері, әңгі­ме­лері қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті. Әр шығармасы уақытында әде­биетке жаңалық болып еніп, кітапсүйер қауы­м­­ның ықыласына бөленді. Ахтанов проза­сы әдебиеттегі М.Жұмабаевтың «Шол­­пан­ның күнәсі» әңгімесінен, Ж.Ай­мауытұлының, М. Әуезовтің туындыларынан бастау алған психологизм арнасын жаңа заман тақырыбымен өрістетті. Оның прозасы қат-қабат астарлы болып келді. Уақыттың қатал шындығынан бастау алғандықтан, қоғамның сол кезде айтыла қоймайтын ірі мәселелеріне бағытталды. Басын тауға да, тасқа да соғып, әділеттік іздеген жанның адамдық мәселелерін қозғады.

«Қаһарлы күндер» романында автор өзі секілді қарапайым тірліктен майданға аттанған адамдардың психологиясын бір взвод көлемінде суреттейді. Бұл жөнінде жазушы: «...Мен ең алдымен бұғанасы қатпай, майданға кірген, от ішінде есейген­ өз қатарым туралы айтқым келді. Мені және бір қызықтырған соғыстың шытырман оқиғасы, қауіп-қатері емес, сол соғыс арқылы, қауіп-қатер арқылы ашылатын адам характерлері болды», деп жазды. Т.Ахтанов осы үдеден шықты.

Әр алуан мінезді Ержан, Кәкібай, Қартбай, Бондаренко, Зеленин, Көжек тәрізді кейіпкерлердің ұрысқа түскендегі характерлері, шынығуы мен ширығуы қызықты да шынайы бейнеленді. Соғыс­тың қаһарлы сәтін арқау еткен шығармада шайқастың реалистік картиналары жасалған. От пен оқтың ортасындағы жауынгерлердің психологиясы ашылды. Романда сюжет шебер өрбітілген. Взвод командирі Ержан мен санитарка қыз Раушан арасындағы махаббат сезімі, Раушанның жылпос Уәлиге алдануы оқиғаны ширықтыра түскен. Адамдық сезім соғыс кезінде де жұтылмайды. Бұл ретте роман Э.Хемингуэйдің «Қош бол, майдан» шығармасындағы Генри мен Кэтрин арасындағы махаббат сезімін, тағдыр талқысын еске салады. Туындыда сондай-ақ соғыс жылдарынан кейінгі кеңестік әдебиетке тән емес ұрыстың шегініс сәттері, жанқиярлық қаһармандық пен қорқақтық, сатқындық психологиясы параллель суреттелген. П.Омилянчук: «Сатқын және қорқақ Уәли Молдабаев образы анық жасалған», дейді. Шығармадан даңқты батыр Бауыржан Момышұлы мен Тахауи Ахтановтың бауырластық сезімі айқын аңғарылады. Батальон командирі Мұрат Арыстановтың прототипі Бауыржан Момышұлы екені білінеді. «Қаһар­лы күндер» романы Б.Момышұлының «Арты­­­мызда Москва» повесімен бірге 50-жылдардағы соғыс тақырыбына жазыл­ған жемісті шығарма саналды.

«Боран» романында соғыстан аман-есен оралған солдаттың жан жарасы туралы баяндалды. Қоспанның соғыста тұтқынға түсуі кейінгі бейбіт өмірінде қасіретке айналған. Қайда барса, «сүтке тиген күшіктей» сенімсіздік алдынан шығады. Ал соғыстың қан қасабынан аман-есен құтылып, елім деп, жерім деп оралған адал жанға сенімсіздік ауыр тиеді екен. Осы халді Жаппасбай секілді шолақ белсенді арсыздықпен пайдаланып, қыр соңына түсіп алады. Ауданға бұрынғы командирі Қасболат басшы болып келгенде, іштей қатты қуанған. Әділін айтып, ақтап алады деген. Сөйткен командирі де жалт береді. Қоспан тығырыққа тірелген. Япырау, енді не істеуге болады? Бәрін тастап қойға кетеді. Үш күндік боранға ұшырайды. Шығармада кең көлемді психологиялық параллелизм – іштегі аласапыран арпалыс пен табиғаттың бет қаратпас бораны қатар өріледі. Жазушы – реалист. Уақыт пен кеңістік шынайылықпен бейнеленген. Дала табиғаты, жер реңі, боран, ақ түтекке оранған қойлардың қимыл-қозғалысы мен ашыққан сәттегі адам жаны түшіркенер әрекеттері, астындағы тортөбел аттың аяңы, қойшының серігі екі иттің – Құтпан мен Майлыаяқтың қасқырлармен арпалыс кезіндегі мінездері – жіті білгірлікпен, аса сезімталдықпен суреттелген. Қос­панның қоғамға қояр сұрағы көп. Соғыстағы ержүрек командирі мұның адалдығын біле тұра неге араша түсе алмады? Неге жалт берді? Сатқындықтың үлкен-кішісі бола ма? Жазушының бір сұхбатында: «М.Шолоховтың «Адам тағ­ды­ры» әңгімесінде тұтқынға түскен сол­даттың ауыр жағдайы суреттелетін еді ғой, ал олардың біздің елдегі азабы тұт­қын­дағыдан кем болған жоқ. Мен Қоспан ба­сындағы осы азапты өткелді бейнелеу үшін жаздым ғой», дегені бар.

Қоспанның жан дүниесін қинаған сұрақ дәуірдің, уақыт­т­­ың сұрағы болатын. Қасболат – уақыт сын­дыр­­ған тұлға. Бір кездегі батыл мінезінен айырылып,­ қара­қан басын қорғауға, тіпті көзді бақырайтып қо­йып жала жабуға дейін құлдырайды. «Боран» – пси­хо­логиялық роман. Шығарма композиция­сы­ бастан-аяқ үш қаһарманның – Қоспанның, Қас­бо­латтың, Жаңылдың жан дүниелік иірімдеріне құ­рыл­ған.

Т.Ахтанов прозасының өзіндік қа­сиеті – қай­­талауды жақтырмайды. Май­дан­гер жазушы­ «Шы­ра­ғың сөнбесін» дилогиясында соғыс тақырыбына жа­ңа қырынан келді. Шырт ұйқыда жатқанда соғыс бас­талып, бір бұйрықпен күйеуі Қасымбек шайқас ше­біне аттанғанда, командирлердің әйелдерімен бірге Нәзира жау тылында – ұйтқыған оқ пен от­тың ортасында қала береді. Автор соғыс алапатын­ қа­зақ келіншегінің қабылдауымен суреттейді. Нәзи­ра­ның аяғы ауыр. Жан-жақтан ажал араны ашылып тұрғанда, құрсақта өмірге ұмтылған тіршілік ны­шаны бүлкілдейді. Жазушы осы контрастыны ши­рықтыра дамытып, әйел психология­сын шебер ашқан. Нәзира бейнесі, оның еске алуы­мен суреттелетін Қамқа әжесі – шын мәнінде қазақ әйелдері образын жаңа қырымен байытқан аяулы тұлғалар. Ұлттар арасындағы бауырластықты автор соғыс шындығынан өрбітеді. Орыс келіншегі Света мен Нәзира арасындағы байланыс, Дуня кемпірдің қауіп-қатерге қарамай, үйіне Нәзираны паналатуы уақыт шындығынан туған ситуа­циялар болатын. Нәзира бойындағы қайрат пен тектілік «шырағың сөнбесін» деп үнемі қайталап айтып отыратын Қамқа әжесінен бастау алып жатқандай. Романда соғыстың жеке адам басына төндірген қауіп-қатері мен адамдарды аяусыз қырғынға ұшыратып жатуы, қайғы-қасіреті шытырман оқиғалармен бейнеленген. Шығармадағы жүректі қозғар ең бір әсерлі сәттер – балалардың өлімі. Жазықсыз бейкүнә бала мен соғыс жойқыны шығармада арнайы желі болып тар­тылған. Бас кейіпкер Нәзираның атымен бірінші жақ­та баяндалатын туындыда оның еске алуымен 30-жылдардың басындағы ашаршылық кезеңі, орыс әйелі Светаның еске алуы­мен сталиндік репрессия жыл­дары­ның шырғалаңы ашылады. Жазықсыз балалар Жұмаштың, Боряның, «ән салып берейінші» деп неміс­тердің алдында шырылдап бар даусымен аязды кеште ән салатын Парашканың өлімдері, сатқын әкесі­нің жазалануы сәтіндегі бала Про­шканың күйзе­лісі – тек аяушылықты тудыратын сәттер ғана емес, соғыстың қасіретін барынша тереңдетіп аша түскен эпизодтар. Бұл ситуациялардың қай-қайсы­сын да автор шеберлікпен, адам тағдырымен ұштас­тырып әсерлі суреттеген. Тұтастай алғанда, «Қаһар­лы күндер» романында көрініс беретін психоло­гизм нышаны «Боран», «Шырағың сөнбесін» шығармаларында жазу­шы прозасының басты стильдік даралығына – үлкен арнаға ұласады. Романдардың қаһармандардың ішкі жан дүниесі диалектикасына құрылуы Т.Ахтанов про­за­сының айшықты сипаты дер едік. Үш роман – Ах­танов көркемдік әлемінің биік шыңы. Сондықтан да академик З.Қабдоловтың: «– Тахауи Ахтанов кім? – десе, мен («Ұлы» деп қайтейін), – «Үлкен үшеу: «Қа­һар­лы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін» – дер едім де, одан әрі жұмған аузымды ашпас едім. Неге? Негесі сол, – бұл «Үлкен үшеуді» талдау – өзі­нің Ахтановын таныған қазақ оқушысы үшін мүл­де артық әрекет», деуінде шындық бар. Ахта­нов­тың соғысты мансұқтаған, бейбіт өмірді, халық­тың­­ бақытты тұрмысын, қоғамдағы әділеттілік пен адал­дық­ты аңсаған гуманистік идеясы көркем өрі­ле­ді.

Жазушы шығармашылығындағы «Махаб­бат мұңы» повесінің орны ерекше. Ұлы Әуезовтің: «Мен сенің мақала­ларыңнан, үлкен романыңның да кей бояу­ларынан – осы менімен туыстас-ау деп ойлап жүруші ем... Ал мынада мен өзімнің сезімдерімді, сырларымды саған жаздырып, соған барынша сеніп, еліге еріп, ырза болып отырғандаймын. Әрине, әрбір шыншыл шығарма солай еліктіреді де, ал өз жүрегіңе ұқсап соққан жан тамырды жанбауырдай сезбеске шараң жоқ», деп ыстық ықыласын төгетін туынды.

«Махаббат мұңы» бір деммен оқылады. Ләззаттың жан дүниесін өртеген мөлдір сезімі, Нияздың алаяқтығы өмірдің қатал сындары мен сырларын алдыңа тартады. Автор повестің тынысын махаббат мұңымен тұйықтап тастамай, талант пен әдебиеттегі халтура мәселесімен шебер өрістетіп жібер­ген. Шындығында, әдеби сын мақалаларында өткір айтылатын халтура жайы туындыда Нияз обра­зымен көрініс тапқан. Аярлық пен талант қабыс­пай­ды. Шығарма соңындағы Ләззат өмірдің ащы сабақ­та­ры­нан өтіп қалыптасады. Танымал ақынға айналған ол енді әдебиеттегі адалдық үшін күресіп, «Майданда қор­қақ жауынгер жексұрын болса, әдебиетте жалған жазу­шы жексұрын» деп Ниязға үкімді ойын білдіреді. Туын­дыдағы Ләззат монологі, табиғаттың көркем сурет­тері, өлеңнің дүниеге келу үдерісі шымыр өріл­ген. Бұл ретте сыншы М.Қаратаев «Т.Ахтанов – жалпы­ живописші суреткер» деп бағалайды.

Жазушының «Алғашқы ән», «Қыз­­ға­ныш», «Күй аңызы», «Жоғалған дос»,­ «Көкқұтан», «Алыстан жеткен са­рын»­ әңгімелері – шымыр сюжетімен, кесек-кесек образдарымен қазақ әңгіме жан­ры­на үлкен олжа болып қосылған туындылар. «Күй аңызы» әңгімесінде автор аңыздық сюжет желісінде қалып қоймай, қарт күйші Естемес образын барынша тереңдетіп, оның жан дүниесіндегі айтылмай жатқан мұңын әсерлі бейнелейді. «Өнердің жасампаздығы оның гуманистік болмысына тікелей тәуелді. Ескі жаңамен белдесіп береке таппайды. Ахтанов суреткер көп қазбалап жатпай-ақ, осы бір шындықты тап басып көрсете білген. Өміршең «Нар идірген» астарлап айтқан асқар ойымен құнды», дейді жазушы Б.Мұқай. Үлкенді-кішілі прозасында идеяны ашық жарнамалап бермей, образ тағдыры, болмысы арқылы астарлап, ишаралап жеткізу шын мәнінде кәсіби прозаның тағылымы болса керек.

Т.Ахтановтың драматургиясы мен әдеби сын­ мұрасы – өз алдына тұтас сала. Ақ өлеңмен жазыл­ған­ «Ант» трагедиясы, «Күшік күйеу» комедия­сы,­ «Сәуле», «Боран», «Күтпеген кездесу», «Әке мен­ бала», «Махаббат мұңы» драмалары кезінде рес­пуб­ли­калық, облыстық театр­ларда үлкен құлшыныспен қо­йыл­ды.

«Бордай тозған қазақтың,

Босағасын бекітіп,

Еңсесін қайта көтерер

Көрдің бе үміт сәулесін?» – деп келет­­ін монолог Төле бидің толғанысына ұла­сып:

«Бір-біріңе қотыр тушаңды

Қиыспаған ағайын,

Жауда қалды ырғын дәулетің.

«Жаның шықса да, жақыныңа берме,

Жиған-тергенің жатқа бұйырсын, –

деп қарғап па еді

Құдай тағала қазақты», – деп келе­тін сахнадан ескен адуынды үн талай көрер­меннің рухын оятып, күш-қай­ратын жанығаны сөзсіз. Ұлттық бірлік пен ел намысы – бүгінгі уақыттың да өткір мәселесі.

Т.Ахтановтың ішкі әлеуеті – тоқ­­­тау­сыз­ ізденіс болатын. Соғыстан кейін­гі­­ жылдары Ә.Нұрпейісовтің ал­ғаш­қы­ «Кур­ляндия» романын оқи отырып, өзі­нің­ жаза бастаған «Қаһарлы күн­дер» шы­ғар­ма­­сы­ның олқылығын сезін­ген ол романды кілт доғарып тас­тап, әдеби сынмен бел­сен­ді айналысады. Ғ.Мүсірепов туралы моно­гра­фиялық сипат­тағы терең танымды ең­бек­ жазды. Оның, әсіресе М.Әуезовтің, Б.Май­линнің әдеби дәстүрі, театр өнері қай­рат­керлері тура­лы жазған толымды мақа­лалары, Жазу­­ш­ылар ода­ғының пленум­да­рында жаса­­ған құнды баяндамалары ұлт­тық әде­би үдерісті тануда маңызын жой­ған жоқ.

Тарлан талант иесі бүкіл саналы ғұмы­рында бар күш-қайратын, дарын қуатын ұлттық әдебиеттің кемел­денуіне арнады. Оның туындыларының бүгінгі ұрпақ­қа да айтары мол. Ахтанов жаққан алау қазақ хал­қы барда, әдебиетті сүйер қауым барда өшпейді деп білеміз.

 

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы