Балалар • 24 Қазан, 2023

Бүлдіршіндердің сөйлеу қабілетін дамытатын арнайы кабинеттер ашылды

270 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодар қаласының балабақшасында сөйлеу қабілетін дамытуға арналған арнайы кабинеттер ашылды. Енді балақайлар замануи интерактивті тақталар мен бизибордтаржы пайдалана алады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүлдіршіндердің сөйлеу қабілетін дамытатын арнайы кабинеттер ашылды

Фото: Сәния Уваисова

Жергілікті БАҚ жазғандай, №14 арнайы балабақшада интерактивті құрылғылармен жабдықталған төрт кабинет ашылды. Олар: монтессори, тұз шахтасы, сөйлеу терапиясы және психолог кабинеті. Кабинеттердегі барлық жабдықтар облыс әкімі бөлген 50 миллион теңгелік грант қаржысына сатып алынды. 

«Жыл сайын облыс бойынша арнайы байқау өткізіліп тұрады. Қалалық №14 арнайы балабақша түзету жұмыстарын ұйымдастыру сапасы жағынан ең үздік деп танылып, грант ұтып алды», деді білім беру бөлімінің әдіскері Бақыт Қырықбесова. 

Айта кетсек, бұл балабақшаға психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның жолдамасы бойынша ауыр тілдік бұзылыстары бар үш жастан алты жасқа дейінгі балалар барады. Олармен бес логопед маман және қосымша психолог, дефектолог мамандар жұмыс істейді. 

Жаңадан ашылған сөйлеу терапиясы кабинетінде мультимедиялық тақта мен екі жұмсақ панно бар. Онда балалар дыбыстарды қайталап, зейін мен жадыны жаттықтырады.

«Бала кабинеттен шыққан соң релаксациялық дәлізден өтеді. Ол жерде жылтыр түрлі-түсті күннің көзі мен оның сәулелерін ұстап көруге болады. Қабырғада жұлдыздар картасы ілулі тұр», деді логопед маман Аида Ахметбекова. 

image_750x_6537b2b8a0589.jpg

Ал психолог кабинетінде балалар құммен ойнай алады. Құмды палитраның қасында монитор тұр, сол арқылы логопед ойынды таңдап, оны құмның бетіне сурет арқылы проекциялайды. 

image_750x_6537b30d3cc6d.jpg

Бұдан бөлек бұл кабинетте басқаратын тақтайшамен жабдықталған компьютер бар. Оған он модуль жүктелген арнайы бағдарлама енгізілген.

«Балалардың білімін тексеру үшін осы арнайы модульмен жұмыс істейміз. Балалар қоршаған әлемді, дене мүшелерін, жануарларды, жаман және жақсыны ажыратып, сандарды, әріптерді еске түсіреді. Қосымша сұрақтар тапсырмалар кезінде дыбысталып, айтылады», деді логопед маман Аида Ахметбекова.

image_750x_6537b34356c8a.jpg

Монтессори кабинетінде балалар шығармашылық қабілеттерін дамытуға үйренеді. 

«Ағаштан жасалған түрлі ойын жабдықтарында балалардың ұсақ моторикасы, сенсорлық сезімі жетілдіріледі. Яғни, сөйлеу қабілетін дамыту үшін ұсақ моторикадан бастау керек. Баланы мәжбүрлемейміз. Өз қалауы бойынша ұнаған жерге жақындап, ойнайды. Біздің міндетіміз - олармен бірге сөйлесіп, сұрақ қойып, әңгімеге тарту», деді Аида Ахметбекова.

Балабақша директоры Гүлнасиф Жаншакимованың сөзінше, балалар қуана кіретін, сүйсініп отыратын жер – тұз шахтасы.

«Ол жерде бала тілімен тұзды жалап шығады. Бұл да бір жағынан гимнастика болып саналады. Тұз шахтасы кабинетінде балалар аурулар мен астмадан сауығып кете алады», деді ол.

image_750x_6537b37fedef2.jpg