Әскер • 25 Қазан, 2023

Үздік әскерилер марапатталды

197 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Республика күніне орай Қорғаныс министрі үздік әскери қызметшілерді марапаттады. Салтанатты жиын елорданың Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында қорғаныс ведомствосы, Қарулы Күштер түрлері, әскер тектері, әскери бөлімдер мен мекемелер, оқу орындары басшылық құрамының, әскери қызметшілердің, азаматтық персонал өкілдерінің және Қарулы Күштер ардагерлерінің қатысуымен өтті.

Үздік әскерилер марапатталды

Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов жиналған қауымды, жеке құрам мен ардагерлерді ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады.

– Осында жиналғандардың көбі – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жо­лын­дағы алғашқы тарихи қадам­дардың қалай басталғанын көргендер. Еліміз БҰҰ-ға мүше болған кезде Мемлекеттік рәміздер бекітілді, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Өз өмірін бостандық үшін күреске арнаған қазақ халқының зия­лы қауымының адал есімдері ақталды. Бұл шаралар мемлекеттің тұрақты да­муының, оның халықаралық беделі өсуінің, елдегі бірлік пен келісімнің нығаюының кепілі болды, – деп атап өтті ол. Қорғаныс ведомствосының басшысы Қарулы Күштердің бейбітшілікті сақтаудағы және елдің қорғаныс қабі­летін нығайтудағы рөлін, сондай-ақ ардагерлердің егемен Қазақстан армия­сының қалыптасуына және әскери-патриоттық тәрбие ісіне қосқан баға жетпес үлесін ерекше атап өтті.

Республика күніне орай бірқатар әскери қызметшіге Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мемлекеттік марапаттар табыс етті. Атап айтқанда, II дәрежелі «Даңқ» ордендері Бас штаб бастығының орынбасары – Жедел жос­парлау департаментінің бастығы генерал-майор Марат Аймашевқа,  «Астана» Өңірлік қолбасшылығы әскер­лерінің қолбасшысы, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевқа берілді. Құрлық әскерлері бас қолбасшысының басқармасы инженерлік әскерлер бас басқармасының басшысы, полковник Бақытбек Тәжібаевқа II дәрежелі «Ай­бын» ордені табыс етілді. Семей қаласы Әуе қорғанысы күштері 54835 әскери бөлімі тәрбие және идеологиялық жұмыс бөлімінің офицері, лейтенант Нәзира Әлбосынова азаматтық және әскери борышын үлгілі орындағаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Астана қаласы Қару-жарақ бастығының басқармасы 83205 әскери бөлімінің техник-жүргізушісі, сержант Ерік Ысқақов еліміздің қорға­ныс қабілетін, әскери қауіпсіздігін нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін «Ел қорғаны» медаліне лайық деп танылды. «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің үздігі» төсбелгілерімен 68665 әскери бөлімінің маманы, мерзім­ді қызметтің қатардағы жауынгері Еркебұлан Сейдахмет, Ақмола өңірлік гар­низоны Әскери полиция басқар­ма­сының аға сарбазы, мерзімді қызметтің ефрейторы Илья Маматов марапатталды. Президент Жарлығымен Қарулы Күш­тердің 31 әскери қызметшісі мем­­ле­кеттік наградаларға ие болды. Ве­дом­стволық марапат – «Ел қор­ғаны» медалін 27 әскери қызметші ие­ленді. «Минасыздандырудағы ерлігі үшін» төсбелгілер минадан тазартуға қатысқан 25 маманға берілді. Алғаш рет «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің үздігі» төсбелгісімен мерзімді қызметтің 70 әскери қызметшісі марапатталды. Сондай-ақ Қорғаныс министрінің бұйрығымен ҚР Қарулы Күштерінің 42 әскери қызметшісіне мерзімінен бұрын кезекті әскери атақ берілді. Марапаттау рәсімі Қарулы Күштер Ұлттық әскери-патриоттық орта­лығының шығармашылық ұжымы да­йындаған мерекелік концертпен жал­ғасты.