Білім • 26 Қазан, 2023

Мемлекеттік басқару академиясы халықаралық аккредиттеуден сәтті өтті

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының төрт магистрлік білім беру бағдарламасы EAPAA-ның халықаралық аккредитациясынан сәтті өтті. Бұл туралы академияың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Мемлекеттік басқару академиясы халықаралық аккредиттеуден сәтті өтті

Фото: Мемлекеттік басқару академиясы

 

EAPAA (European Association for Public Administration Accreditation) аккредитациясы – мемлекеттік басқару саласындағы оқыту бағдарламаларына арналған әлемдегі ең беделді аккредиттеу қауымдастықтарының бірі.

 

Ректор Ерлан Әбілдің айтуынша, EAPAA-ның Академия білім беру бағдарламаларын халықаралық деңгейде тануы Академияға аккредиттелген жоғары оқу орындарымен бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді.

«Білім бағдарламаларын іске асыратын Академия сапаны қамтамасыз етудің барлық стандарты бойынша өзін-өзі бағалау туралы есептерді дайындап, оларды растайтын қосымшаларымен бірге техникалық сараптамаға жіберді. 2022 жылғы 20-24 қараша аралығында сараптамалық топ аудит жүргізді. Топтың аудит жүргізу бағдарламасына сәйкес Академияның басшылығымен, профессор-оқытушылар құрамымен және құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлерімен сұхбат жүргізілді. Аккредиттелетін білім беру бағдарламаларының материалдық-техникалық базасы да тексерістен өтті. Ақпаратты толық растау үшін аккредиттелетін білім беру бағдарламалары (жалпы негізгі курстар) бойынша оқитын білім алушылармен және профессор-оқытушылар құрамымен сұхбат жүргізілді», деді Мемлекеттік басқару академиясының ректоры.

Аккредиттеуден «Мемлекеттік басқару» (Public Administration), «Экономика» (Economics), «Мемлекеттік саясат» (Public Policy), «Халықаралық қатынастар» (International Relations) сынды білім бағдарламалары өтті.

Академияның тәуелсіз халықаралық аккредиттеу рәсімінен өтудегі басты мақсаты – іске асырылып жатқан білім беру бағдарламаларының сапа деңгейін растау, профессор-оқытушылар құрамының кәсібилігін бағалау, ESG халықаралық стандарттарына сай болу және түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін растау.