Селен – әлемдік металл нарығында жоғары сұранысқа ие және сирек кездесетін материал. Білуімізше, оны өндіру, тазарту қиын. Ал Қ.Сәтбаев университеті Металлургия және байыту институтының ғалымдары әзірлеген технология бір кезеңде құрамында 99,5 пайыздан асатын негізгі компоненті бар таза селенді арзан, реагентсіз тәсілмен алуға мүмкіндік береді. Яғни елімізде өндірілетін таза селеннің құны шетелдікінен төмен болады. Селен электроника, күн батареялары, медицина және басқа салаларда қолданылады.
– Осы уақытқа дейін елімізде негізгі құрамдас бөлігі аз мөлшердегі шикі селен ғана өндірілді. Қазір жаңа технология дамығаннан кейін Қазақстан жоғары технологиялық өнім шығаратын елдердің қатарына енді, – дейді Сәтбаев университеті Металлургия және өңдеу институтының директоры Бағдәулет Кенжалиев.
Жоба Ғылым комитетінің қолдауымен жүзеге асырылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде жылдар бойы ғылымға тиісті көңіл бөлінбегенін жиі айтады. Сол себепті де осындай жетістіктерге қаншама жыл бойы жете алмадық. Сәтбаев университетінің ғалымдары ойлап тапқан осы әдіс негізінде Балқашта «Kazakhmys Progress» компаниясының таза селен өндіретін цехы да ашылған. Заманауи өндірістің ашылуы ғылым мен өндірістің бірігуіне септігін тигізіп, ел ғылымын жаңаша жолға бастайды.