«Oxford Insights» – түрлі ұйым мен үкіметке цифрлық трансформациядан туындайтын стратегиялық, мәдени және көшбасшылық мүмкіндіктер туралы кеңес беретін ағылшынның консалтинг компаниясы. Ол аталған индексті алғаш рет 2017 жылы дүниежүзінің 160 мемлекетін қамтып жариялаған еді. Ал 2022 жылғы есепте әлемнің 181 мемлекеті қамтылып, терең зерттеуге негізделген. Индекске 3 негізгі компонентті құрайтын 10 өлшем бойынша 39 көрсеткіш енгізілген. Статистикалық мәліметтер мамандар талдауынан өтіп, жасанды интеллект саласындағы әлем елдерінің көрсеткіштеріне 2022 жылдың қорытындысымен жаңа рейтинг кестесі берілген.
Индексте қарастырылған үш негізгі компонентке жеке тоқталсақ:
- Үкімет қолдауы
Үкімет этикалық мәселелерді (governance & ethics) реттеуге назар аудара отырып, AI-ды қалай дамытатыны және басқаратыны туралы стратегиялық құжаттарда бекітілген мемлекеттік көзқарасы болуы керек. Есепте жасанды интеллект пен жаңа технологиялар шарттарына бейімделуді іске асыратын дағдылар мен тәжірибелерді қоса алғанда, мемлекеттің қуатты ішкі цифрлық әлеуетінің көрсеткіштеріне баға берілген.
- Технологиялық сектордың негізі
Үкімет елдің технологиялық секторына жасанды интеллект құралдарының тиімді енгізілуіне мүдделі болып, оларды жеткізу тетіктерін жасақтауы керек. Елдің технологиялық секторы кәсіпкерлікті қолдайтын іскерлік ортамен, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық шығындардың ағынымен қамтамасыз етілген жоғары инновациялық әлеуетке ие болуға тиіс. Есепте адами капиталдың жоғары деңгейі, атап айтқанда, осы салада жұмыс істейтін мамандардың дағдылары мен білім көрсеткіштері де өте маңызды факторлардың бірі ретінде қарастырылады.
- Деректер және инфрақұрылым компоненті
Жасанды интеллект құралдары жоғары сапалы деректерді (деректердің қол жетімділігі) қажет етеді. Деректер біржақты әрі қате мәліметтерден құралмауға тиіс (деректердің репрезентативтілігі). Сонымен қатар индексте бұл деректердің әлеуетін жасанды интеллект құралдарының пайдалануы және оларды ел азаматтарының қолдануына ұсыну үшін қажетті инфрақұрылым мүмкіндігінің көрсеткіштері қамтылған.
Индекстен көріп отырғанымыздай, әлемнің көшбасшысы – АҚШ. Технологиялық университеттер саны, ғылыми институттардың мүмкіндігі, мамандардың қабілеті сынды көрсеткіштер бұл елді әлемнің көшбасшысына айналдырды. Азиядан үш мемлекет – Сингапур, Оңтүстік Корея мен Жапония алғашқы ондыққа енген. Сингапур жалпы ұпай санымен екінші орында тұрғанымен, екі негізгі көрсеткіш бойынша АҚШ-тан озық тұр. Еуропа елдерінен Ұлыбритания 3-орынға тұрақтаса, Финляндия – 4, Франция 7-орынды иеленген. Атап өту керек, Ұлыбритания 2017 жылғы есепте 1-орыннан көрінген. Индексте Малайзия – 29, Ресей 40-орынға тұрақтаса, Түркия – 49, Қазақстан – 72, Әзербайжан – 74, Өзбекстан 79-орынды иеленген. Кестенің соңында 180-Сирия, 181-орында Ауғанстан орналасқан.
Жасанды интеллект кейінгі 2-3 жылда «ChatGPT» сынды жаңа өнімдердің келуімен қарқынды дамып келеді. Бүгінде медицинадан бастап, қауіпсіздік саласы, қызмет көрсету, өндіріс орындарын автоматтандыру, ғарыш пен роботтехника секілді экономиканың сан саласында жасанды интеллект мүмкіндіктері барынша тиімді қолданылады. Бір ғана мысал, күрделі медициналық операцияларды жасанды интеллект мүмкіндігімен жабдықталған технологияның көмегімен сәтті іске асыру бағытында адамзат баласының жеткен жетістіктері орасан зор. Әлем мемлекеттері жасанды интеллектің бұл мүмкіндіктерін мемлекеттік қызмет көрсету саласында барынша қолданысқа енгізу мүмкіндіктерін қарастырған. Ал технологиясы озық елдер жасанды интеллект өнімдерін, арнайы бағдарламаларын, қосымшаларын өндіруден бәсекеге түсіп келеді.
Құнды статистикалық мәліметтерге толы индекс шешім қабылдаушы азаматтарға, ғалымдар мен осы салаға қызығушы мамандарға көмекші құрал бола алады.
Бауыржан СЕРІКБАЕВ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы