Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында Салық кодексінің проблемаларына ерекше назар аударып, оны толығымен жаңарту керегін атап өткенін еске салды.
«Салық кодексінің ең проблемалы бөлігі – салықтық әкімшілендіру мәселесі. Бұл тарау толығымен жаңартылуы керек. Салықтық әкімшілендіруді сервистік нұсқаға көшіруді қарастыру ұсынылып отыр. Біріншіден, бизнесті салық базасын кеңейтуге ынталандыруға баса назар аудару керек. Салықтық жеңілдіктер нақты мультипликативті әсер алуға бағытталуға тиіс. Екіншіден, салық жүктемесін анағұрлым жоғары кірісті салаларға көшіру және халықтың дәулетті топтарынан түсетін табысты күшейту тетігін пысықтау қажет. Бұл салық жүктемесін әділ бөлуді қамтамасыз етеді», деді О.Перепечина.
Іс-шара барысында халықаралық тәжірибе мен арнайы салық тәртіптері талқыланды. Депутаттар табыстарға салық салудың және салалар бойынша жүктемені бөлудің халықаралық тәжірибесін жүзеге асыру, сондай-ақ арнаулы салық тәртіптерін жаңаша қарастыру, оның ішінде салықтық әкімшілендіру тетіктерін жақсарту және салықтық бақылауды цифрландыруды бар мүмкіндігінше қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
«Тиімсіз салық жеңілдіктерін оңтайландыру және оларды беру жөніндегі мониторинг сапасын арттыру мақсатында салық жеңілдіктерін 20%-ға қысқарту мәселесін қарастыру қажет. Техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы қазбаларды алуға салық салу мәселелерін реттеу керек. Газды технологиялық тұрғыда еріксіз жағу кезінде, сондай-ақ ұңғымаларды сынау кезінде әлемдік бағаларға емес, өндірістік өзіндік құнға сүйене отырып, бюджеттің ысырап болуына жол бермей салық салу тетігін қайта қараған жөн. Осы және басқа да ұсыныстар біз Үкіметке дайындаған ұсынымдар тізіміне енді», деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов, отандық бизнес, «Атамекен» ҰКП, қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің өкілдері баяндама жасады. «KAZENERGY» қауымдастығының бас директоры Кенжебек Ибрашев жаңа салық кодексіне мұнай саласындағы салықты реттеуге арналған үш ұсыныс айтты.
«Біріншіден, қоры сарқылып келе жатқан мұнай кеніш иелерін өндіріс деңгейін сақтап қалуға мүмкіндік беретін технологияларға инвестиция салуға, еңбек ұжымының айлығы мен тұрмыс жағдайын жақсарту үшін инвестиция салуға міндеттейтін жаңа ынталандырушы тетік қарастыру ұсынылады. Оны «жер қойнауын пайдаланушыға салынатын салыққа балама салық» деп атауға болады», деді К.Ибрашев.
Сондай-ақ ол мұнай кенішін барлау және өндірістік тәжірибе кезеңінде жағылатын газға салықты әлемдік бағамен емес, өзіндік құнына қарап салуды ұсынды.
«Өйткені ол газ экспортқа шығарылмайды, кәсіпорынның ішкі қажеттілігіне жаратылады. Үшіншіден, экспортқа кететін мұнайды өндіруге салынатын салықтарды іс жүзіндегі сатылым бағасына қарап, трансферттік баға қалыптасу жағдайын ескере отырып есептеу керек», деді К.Ибрашев.
Бұдан кейін сөз алған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеу жұмыстарына мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың, «Атамекен» ҰКП, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері белсенді қатысқан.
«Бүгінгі таңда 1 000-ға жуық ұсыныс түсті. Барлық мәселе апта сайынғы кестеге сәйкес тұрақты жұмыс тобының қарауына шығарылады. Жыл басынан бері 230-дан аса жұмыс кездесуі өткізілді. Оларға бизнес-қоғамдастықтың 140-тан аса өкілі, салық салу саласындағы сарапшылар, экономистер қатысты. Сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлері тартылды», деді Ә.Қуантыров.
Министрдің айтуынша, түсінікті және болжамды салық саясатын қалыптастыру үшін Салық саясатының тұжырымдамасында 2030 жылға дейінгі барлық жаңа тәсіл мен жоспарланған өзгеріс көрсету ұсынылады. Сондай-ақ даулы мәселелерді бірыңғай түсіндіру үшін министрлік жанындағы Әдістемелік кеңестің рөлін күшейту қажет екенін алға тартты.
«ҚҚС базалық мөлшерлемесін 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру ұсынылады. Мөлшерлеменің өсуі – бюджетке 2-2,4 трлн теңге мөлшерінде қосымша түсім әкеледі. Бұл Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттер көлемімен пара-пар. Қосымша кірістер трансферттердің мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтеміз. Бұл – өте маңызды міндет. Біз болашақ ұрпақ үшін Ұлттық қорды сақтауымыз керек.
Сондай-ақ негізгі экономикалық әріптестермен салыстырғанда ҚҚС төмен мөлшерлемесі осы елдерден Қазақстанға тауарлардың экспортын тиімді етеді. ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі, ең алдымен, импорттық тауарларға жүктемені арттырады. Қазақстанда азық-түлік тауарларын өндіру және қайта өңдеу үшін ҚҚС салудың тиімді жағдай жасалған. Бөлшек саудагерлер бөлшек салық режімін қолданады, онда ҚҚС-тан босату да қарастырылған. Бұл жеңілдіктер сақталады», деді Ә.Қуантыров.
Сала басшысы КТС (корпоративті табыс салығы) мөлшерлемесін саралау көзделгенін жеткізді. Шикізат және қаржы секторлары, ойын бизнесіне КТС мөлшерлемесін 25-30 пайызға дейін арттыру қарастырылған. Шығындарды ауыстыру мерзімдерін және талап қою ескіру мерзімін 5 жылға дейін теңестіру мәселесі де ескерілмек.
«Бұдан басқа, ЕАЭО шеңберінде келісімдерді іске асыру үшін темекі өнімдеріне акциздер мөлшерлемелерін кезең-кезеңмен арттыру ұсынылады. Сондай-ақ «сән-салтанат» заттарына қосымша акциздеу мәселесі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Құнының 10 пайыз мөлшерінде қымбат тұратын алкоголь және темекі өнімдеріне акциздер енгізу қарастырылған.
Мүлікке салық салудың келесі тәсілдері ұсынылады. Біріншіден, яхталарға, жеке ұшақтарға салық мөлшерлемесі арттырылмақ. Екіншіден, барлық ЖТ (жеке тұлға) нысанының жиынтық құны 130 мың АЕК шегінен асқан жағдайда салықтың жоғары мөлшерлемесін белгілеу ұсынылады.
Бұдан басқа, қымбат жылжымайтын мүлік нысандары үшін «сән-салтанат коэффициентін» белгілеу бойынша ЖАО (жергілікті атқарушы орган) құзыретін белгілеу көзделген. Арнайы салық режімдерін оңтайландыру үшін талап етілмеген режімдерді жоя отырып, ұқсас шарттары бар режімдерді біріктіреді. Нақты қолдану деректерін ескере отырып, режімдерді қолдану шарттары қайта қаралады», деді Ә.Қуантыров.
Сондай-ақ министр тиімсіз салық жеңілдіктерін оңтайландыру және олардың тиімділігіне мониторинг сапасын арттыру бойынша жұмыс жүріп жатқанын атап өтті. Сала басшысы Кодексте арнайы экономикалық аймақтар мен инвестициялық келісімшарттарға салық тұрақтылығы сақталатынын жеткізді.
«Геологиялық барлауға салықтық жеңілдік жөнінде айтсақ, бұл мәселені талқылаудамыз. Қазір жаңа кен орындарын игеру үшін пайдалы қазбаларды өндіру бойынша салық жеңілдіктері бар. Геологиялық барлауда жиі көтерілетін мәселе – қосылған құн салығын қайтару. Біз қазір қайтару рәсімдерін жеңілдету мәселесін пысықтап жатырмыз.
Техногендік минералдық түзілімдерден (ТМҚ) пайдалы қазбаларды өндіруге салық салу мәселелерін реттеуге қатысты бұл мәселе қазір ішінара шешілгенін атап өткім келеді. Пайдалы қазбаларды өндіру салығы (ПҚТ) бұрын ТМО құрамына кіретін металдар бойынша төленген болса, мұндай пайдалы қазбаларды ТМО-дан кейін өндіру кезінде салық төленбейді. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтардан салық төлемей сирек жер металдарын алу қаупі бар», деді Ә.Қуантыров.