Технология жаңалықтың жаршысына айналған тұста Әділет министрлігі мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді. Бұл бір жағынан жемқорлық тәуекелдерін мейлінше азайтады. Екінші оңтайлы тұсы – азаматтардың уақытын үнемдеуіне сеп болады. Бүгінде «еGov mobile» қосымшасында министрліктің 29 мемлекеттік қызметі қолжетімді. Олар – 14 сервистік қызмет және 5 цифрлық құжат.
– Технологиялық үдерісте мемлекеттік аппаратты цифрландыру қазіргі заманғы басқарудың және азаматтарды сапалы мемлекеттік қызметтермен қамтамасыз етудің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бүгінде министрлік «Digital Justice» – цифрлық Әділет жобаларының портфелін іске асырып жатыр. Таяуда өткен «Digital bridge 2023» форумында Әділет министрлігі Мемлекет басшысы мен Премьер-министрге «Цифрлық нотариат» жобасын таныстырды. Іске қосылған сәттен бастап 20 мыңнан аса сенімхат расталды. Бұған 4 800 нотариус жұмылдырылды. Бұл қызмет тек осы жылдың 25 қыркүйегінен бастап енгізілгенін ескерсек, осы аралықта ерлі-зайыптылардың 609 онлайн келісімі расталды. Бүгінде министрлік Мүлік иелері бірлестігін (МИБ) құру және оның қызметі шеңберінде электрондық дауыс беру бойынша қанатқақты жобаға бастамашылық жасады. Бұған дейін МИБ-ін тіркеу немесе оның төрағасын ауыстыру үшін бізге дауыс беру хаттамалары, тиісті өтініштер мен хабарламалар жіберілетін еді. Дауыс беру үрдісіндегі заң бұзушылық пен жиналыс хаттамаларындағы қолдарды бұрмалауға байланысты даулы жағдайлар жиі туындауына байланысты бұл мәселені электрондық-цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, электрондық дауыс беру рәсіміне ауыстырдық. Үдеріс барысында барлық оқиға тиісінше тіркеледі және хаттама автоматты түрде онлайн жасалады, – деді Б.Молдабеков.
Азаматтар үшін жасалған тағы бір мүмкіндік – «eGov mobile» қосымшасы арқылы онлайн форматта кеңес алу. Яғни платформада отандастарымыз нотариаттық іс-әрекетке байланысты кез келген заңды сұрақтарды қоя алады. Айта кетерлігі, бұл қызмет ақылы. Шамамен құны 1 АЕК мөлшерінде болады. Бұған қоса борыштық жүктемені азайту үшін атқарушылық құжатты автоматты түрде қозғау және борышкерге хабарлама жіберу бойынша арнайы робот әзірленген. Бұл сот орындаушының қызметіне ақы төлеуге және қосымша қаржылық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұған дейін жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді мәжбүрлеп орындаған кезде борышкерлерден негізгі борыш сомасы және өндіріп алу сомасының 3%-дан 25%-ға дейінгі мөлшерде қосымша комиссия алынатын-ды.
– Борышкерлерді олардың табысына тең-пропорционалды алимент төлеуге ынталандыру мақсатында «Smart Data Ukimet» платформасында талдамалық кейс іске асырылды. Талдама арқылы жұмыс берушінің жалақының дұрыс есептелуін тексере отырып, борышкердің табысын ұйымдағы басқа мамандардың орташа жалақысымен салыстыру негізінде жүргізіледі. Бұл тетік алимент төлеу сомасын азайту үшін борышкердің табысын жасыру фактілерін анықтауға жол ашады. Сондай-ақ «Аттестаттау реинжинирингі» бар. Министрлік кәсіптік қызметтің бес саласында (жеке сот орындаушылар, нотариустар, адвокаттар, сот сарапшылары және патенттік сенім білдірілген өкілдер) аттестаттауды жүзеге асырады. Қолданыстағы үрдіс компьютерлік тестілеуден басқа комиссиялық бағалау кезеңін (әңгімелесу), сондай-ақ комиссиядан қайта өту қажет болған жағдайда комиссияның кезекті отырысы 3 айдан кейін өтетін болады. Осы жылдың мамыр айында аттестаттау бойынша қызметтердің реинжинирингі өткізілді. Комиссиялық әңгімелесу кезеңі ситуациялық сұрақтарға ауыстырылды. Бұл аттестаттау рәсімінің ашықтығын арттырды. Адами фактор жойылып, біршама уақыт үнемделді. Қанатқақты жоба іске қосылған сәттен бастап 326 азамат аттестаттаудан сәтті өтті, – деді Әділет вице-министрі.