Іс-шараға Парламент палаталарының депутаттары, Конституциялық соттың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, әскери жоғары оқу орындарының, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қоғамдастық өкілдері, сондай-ақ елімізде аккредиттелген әскери атташелер қатысты.
Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің басшысы, генерал-майор Жұмабек Ахметов Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың құттықтау сөзін жеткізді.
Министрдің ғылыми форумға қатысушыларға жолдауында: «Әлеуметтік үдерісті, экономикалық тұрақтылық пен әділеттілікті қамтамасыз ете отырып, біз халықты қорғау мен бейбіт болашақты қалыптастыру үшін берік негіз қалаймыз. Бүгінгі кездесу пікірлер мен тәжірибелер, әзірлемелер мен сындарлы ұсыныстар алмасу үшін жемісті алаңға айналып қана қоймай, келешектегі жұмысқа оң серпін беруге тиіс», деп атап өтілген.
Конференция үш тақырыптық блок бойынша, оның ішінде «Әскери қатерлер», «Қазақстанның су қауіпсіздігі» және «Өңірдегі тұрақсыздықтың әлеуметтік-экономикалық факторлары» тақырыбында өтті. Іс-шараны ұйымдастырушылардың пікірінше, «қауіпсіздік» термині бүгінде киберкеңістік пен ақпараттық технологиялардан бастап табиғи ресурстар мен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық үшін күреске дейінгі көптеген өмірлік саланы қамтиды.
Еліміздің әскери доктринасында ақпараттық және психологиялық әсер әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі әсер етуі мүмкін факторларға жатқызылғанын атап өту керек. Бүгінгі таңда ақпараттық кеңістік қарсыласудың жаңа саласы ретінде қарастырылуы кездейсоқ емес.
Конференцияда аталған мәселелерге жан-жақты талдау жүргізіліп, ең өзекті сын-қатерлер анықталды және өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған ұсынымдар әзірленді.
Конференцияға қатысушылар қауіпсіздік қатерлеріне қарсы іс-қимылдың тиімді және тұрақты стратегияларын қалыптастыру үшін қауіпсіздік мәселелерін талқылауға өңірдің барлық елдерінің сараптамалық қоғамдастығын, кәсіби және ғылыми әлеуетін белсенді тарту қажеттігін атап өтті.