Ақорда таратқан мәліметке сүйенсек, сапар аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөнінде келіссөз жүргізеді. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқыламақ.
Жалпы, бұған дейін Франция президенті елімізге үш мәрте келген екен. 1993 жылы Франсуа Миттеран, 2009 жылы Николя Саркози және 2014 жылы Франсуа Олланд ұлы далаға ат басын бұрды. Былтыр қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға ресми сапармен барып, Елисей сарайында Э.Макронмен келіссөз жүргізген еді. Мемлекет басшысы бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтып, қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге зор мүмкіндік беретінін атап өткен-ді.
Өз кезегінде Эмманюэль Макрон Қазақстан Францияның стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Екі ел арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келетініне назар аударды. Энергетика саласында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатқанына да екпін бергені есімізде. Осы кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронды Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Ал биыл Қ.Тоқаев Франция Президентінің Арнаулы өкілі Изабель Дюмонды қабылдады. Кездесу барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға бағытталған екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына жоғары баға берді. Мемлекет басшысы Президент Эмманюэль Макронға жүрекжарды сәлемін жолдады және оны Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Франция – Қазақстанның негізгі сауда серіктесінің бірі. 2005 жылдан бері тоғызыншы территория экономикасына жалпы көлемі 17 миллиард доллар инвестиция құйып, ең ірі бес инвестор елдің қатарына кіреді. Екіжақты тауар айналымы 2,5 миллиард долларға жетті. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6,1 пайызға жоғары. Францияның Орталық Азия елдерімен жасаған сауда-саттығының 90 пайызы Қазақстанға тиесілі. Екі мемлекет энергетика, тау-кен өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, аэроғарыш, машина жасау, денсаулық сақтау және тамақ өнеркәсібі салаларында тиімді жобаларды бірлесіп жүзеге асырып келеді. Қазақстанда 170-тен астам франциялық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың арасында экономикамыздың жетекші инвесторлары саналатын Total Energies, Air Liquide, Airbus, Alstom, Orano, Danone секілді компаниялар бар. Былтыр елдеріміз Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі жол картасын бекітті.
Қазақстан негізінен мұнай, металл, химиялық және ауыл шаруашылығы өнімдері, хром оксидтері мен гидроксидтері, мыс пен мыс катодтарын экспорттайды. Ал Франциядан ұшу аппараттарын, электр, электрондық және механикалық жабдықтарды, дәрі-дәрмектерді, косметиканы, автомобильдерді, азық-түлік өнімдерін импорттайды.
Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс та жолға қойылған. Франциядағы елшіліктің жанында қазақ тілін үйрену, ұлттық аспаптарда ойнауды үйрету, сурет салу бойынша курстар өткізетін «Қорқыт-Абай» орталығы жұмыс істейді. 2016 жылы Алматы мен Ренн қалалары арасындағы бауырластық қарым-қатынастың 25 жылдығына орай Ренн қаласының Алматы бағында Абай бюсті ашылды. 2020 жылы Абайдың 175 жылдығын мерекелеу аясында бірқатар естелік іс-шара өткізілді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстанның Франциядағы елшілігі француз пошта қызметінің естелік маркаларын шығарды. Сонымен қатар елшіліктің кіру тобын безендіретін баннерлер жасалды. 2021 жылы 6 желтоқсанда Париждегі ақындар саябағында Абай бюстінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Келесі жылы Қазақстанда француз тілінде оқытатын жаңа мектептер ашылмақ.