Бүгінде елордадағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 18 қалалық кітапхана бар, онда 92 маман қызмет істейді. «Кітапхана қызметін жаңғырту және жетілдіру» атты қанатқақты жобасы аясында №4 балалар кітапханасы мен Зағиптар мен нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхананың материалдық-техникалық базасы толықтай жаңартылып, заманауи эргономикалық жиһаз, дизайнерлік жұмыс жүргізілді. Кітапхананың қасбеттері өзгерді.
Сондай-ақ зағиптар мен нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапханаға «Оқу машинасы» деп аталған сөйлеу синтезі бар компьютерлік тифлокешен орнатылды. Оның көмегімен көзі нашар көретін оқырмандар кітап оқып, материалдарды өңдеп, басып шығара алады.
Қайта жаңғыртудан өткен кітапхананың ашылуына Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысып, жаңаша түрге бөленген оқу залын аралап көрді.
– Қазіргі уақытта халықтың мәдени деңгейін арттырып, оқу белсенділігін дамытуға, жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеуге көңіл бөлу өте маңызды. Бұл жолда кітаптың атқаратын рөлі зор. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп бекер айтпаған. Ертеңгі ел тізгінін ұстайтын жас ұрпақ пен көпшілік оқырманға кітапты насихаттау жолында жасап жүрген еңбектеріңіз орасан, – деп кітапханашыларға ізгі лебізін білдірді ол.