Аймақтар • 01 Қараша, 2023

Жолдың кеңейгені – мүмкіндік көбейгені

406 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда бір азамат еліміздің батысынан шығып, Алматыға дейінгі сапарында жол сапасын түсіріп, оны әлеуметтік желіге салыпты. Сонда бай­қа­ғанымыз, батыс өңірлерге қарағанда біздің аймақтағы жол жағдайы біршама тәуір екен. Қызылорда облысында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі осы шағын бейнеүзіктен анық байқалады.

Жолдың кеңейгені – мүмкіндік көбейгені

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Облыстың әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуында бұл саланың орны ерекше. Осы жылы жол инфра­құ­ры­лы­мын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 35 882 млн теңге бөлініп 569 шақырым автомобиль жолы, көшелер және көпір өткелдері жөндеуден өткізіліп жатыр. Бұл бағытта, әсіресе «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы мен «Жалпы сипаттағы транс­ферт­­тер» бағдарламасының берері мол.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қар­ма­сы­ның дерегінше, Қызылорда қала­сы­нан 2 көше мен 2 көпірді жөн­деуге «Өңірлерді дамыту» бағдар­ла­масы бойынша 4 695,4 млн теңге бөлінген. «Кіші қалаларды дамыту» бағ­дарламасы шеңберінде 3 099,7 млн теңгеге 13 шақырымдық 9 көше жөн­деліп жатыр. «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламасы бойынша облыс орта­лығы мен аудандарға 5 454,9 млн теңге қаржы қарастырылған. Осы­лай­ша, биыл облыс аумағындағы 3 418,5 шақырым жолдың біраз бөлігі жаңа­ра­ды.

пвр

Жол сапасы туралы сөз болғанда облыс аумағынан 810 шақырымы өте­тін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ха­лықаралық автодәлізінің Қы­зылорда мен Ақтөбе аралығындағы жағ­­да­йын айтпай кете алмаймыз. Жар­ты әлемді жалғастырған күрежол­дың Түркістан мен Қызылорданы байланыстыратын 244 шақырымы төрт, ал Ақтөбе облысына дейінгі II са­наттағы 566 шақырым 2 жолақты болып салынған. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандары күрежолды жобалау барысында Қызылорда мен Ақтөбе облыстары арасындағы көлік қарқындылығы төмен деп есеп­тел­ге­нін айтады. Бірақ осы күні бұл бағыттағы жүк көліктерінің қар­қын­­дылығы жыл сайын орташа есеппен 10 пайызға артып отыр. Бұл екі аралықта тәулігіне орта есеппен 10 мың автокөлік қатынайды деген сөз. Осыған байланысты учаскені ІІ санаттан І санатқа ауыстыру қажеттігі жөніндегі облыс әкімдігі тарапынан тиісті органдарға ұсыныс та беріліп келді.

Жол-көлік қиғалары да күрежол­дың осы бөлігінде көп болады. Об­лыстық полиция департаментінің мәліметінше, күрежолда 2017-2022 жылдар аралығында 402 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Осының 159-ы Қызылорда Түркістан аралығында, 243 оқиға «Қызылорда – Ақтөбе» ба­ғытында болған. Осы жылдар ара­лығында апаттан 228 адам бақи­лық болып, 549 жолаушы жарақат алған. Осы бес жылда жол апатынан «Түркістан – Қызылорда» бағы­тын­да 66, ал Ақтөбеге дейінгі ара­лықта 162 адам қайтыс болған. «Түркістан – Қызылорда» аралығымен са­лыс­тыр­ған­да қарсы бағытқа шығып кету­ден болған апаттар Ақтөбе бағы­тын­да 5 есеге көп жасалғаны көрінеді, одан қайтыс болғандар 7, жарақат алғандар 4 есеге ұлғайған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың облысқа жасаған са­парында бұл мәселе толық шешімін тапты. Президент күрежолдың Қызылорда қаласынан Ақтөбе об­лы­сының шекарасына дейінгі ара­лығындағы 566 шақырымды 4 жо­лақты жолға ауыстыру жөніндегі жер­гілікті билік бастамасын қол­дап, оны кеңейтуді тезірек бастау қажеттігіне назар аударды. Үкі­мет басшысының бірінші орынба­са­ры Роман Склярға облыс халқын толғандырған мәселені бақылауға алуды тапсырды. Бұл жұмыстың жоба­лық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу келесі жылдан басталатын болды. Оның болжамды құны да белгілі – шамамен 1,1 трлн теңге.

Еліміздің оңтүстік аймақтарын орталықпен байланыстырып тұрған ұлы сорап – «Қызылорда – Жезқазған» жолының жағдайы да аз жазылған жоқ. Республикалық маңызы бар трасса деген аты болмаса салынғалы бері жөндеу көрмеген жолдың кейбір үзік­терінде ертеде төселген асфальт­тың жұқанасы ғана қалған еді. Мем­лекет басшысының қолдауымен былтыр жазда бұл жолды да жаңғырту жұмыстары басталып кетті.

Ұзындығы 424 шақырымдық жол­дың жартысы Қызылорда облысы аумағында жатыр. Жалпы құны 108, 5 млрд теңге болатын жоба 6 лот бо­йынша жүзеге асады. Осы күні құ­рылыс жұмыстары 30 пайызға аяқ­та­лып, 57 шақырымға асфальт тө­селді. Жыл соңына дейін 104 ша­қырым жолды аяқтау көзделіп отыр. Мамандар қазір тәулігіне 1 500 көлік жүретін жол толық жөн­дел­генде барыс-келіс кемі 4 есеге артатынын айтады. Жолау­шы­лар саны 3 мың адамнан 17 мыңға дейін, жүк тасымалы ауқымы 700 тоннадан 3 мың тоннаға дейін ұлғаяды.

Аймақтағы жол-көлік инфра­құ­ры­лымын жақсартудың бұл бастамасы көршілес облыстардың де ел орта­лығына барыс-келісін жеңілдетіп, әлеу­меттік-экономикалық дамуына сеп болады.

 

Қызылорда