Сараптама • 01 Қараша, 2023

Отандық ғылым: деңгей мен әлеует

489 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Талдау қызметі сапалы жүргізілсе, мемлекеттік басқарудың тиім­ділігі арта түсері сөзсіз. Мемлекетке кешенді түрде жүргізілген зерт­теулер мен ұсынымдар өте қажет. Бұл маңызды әлеуметтік мәсе­лелерді шешіп, елдің жан-жақты дамуын қамтамасыз ету үшін айрық­ша маңызды». Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Ұлттық құрыл­тайдың Түркістандағы отырысында айтқан бұл сөзі мемлекеттік шешім­дерді қабылдаудағы талдамалық зерттеулердің маңыздылығы мен өзектілігін нақтылай түсті. Бұл әсіресе ғылыми салаға қатысты болмақ.

Отандық ғылым: деңгей мен әлеует

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Ғылым саласы бойынша елі­міз қай дең­гейде және отандық ғы­лым­­ның нақ­ты әлеуеті қандай? Бұл сұрақ­тар­ға жауапты «Ұлттық мемлекет­тік ғылы­­ми-техникалық сараптама ор­талы­ғы» акционерлік қоғамы ғылы­ми-техни­калық ақпа­рат орталығы дайын­даған 2023 жылғы қыркүйектегі «2020-2022 жыл­дардың қорытындысы бойын­ша Қазақстан Республикасындағы ғы­лым­ның жағдайы мен даму бағыттары туралы» талдамалық есебінен табуға болады.

Экономиканың басты салала­рындағы еліміздің негізгі орнын анықтау, оны басқа елмен са­лыс­тыру қашанда маңыз­ды. Ол үшін ғылыми-техникалық және инновациялық дамудың белгі­лі әрі беделді халықаралық рейтинг­теріне жүгінейік. Яғни әлемдік нарықта баға беретін Адам дамуы­ның индексі, Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі және Жаһандық инновациялар индексі секілді рейтингтер бар.

Адам дамуының индексі әлемдік елдер мен аймақтардағы адам дамуын сипаттайды. Дәл осы рейтинг көрсет­кіші бойынша Қазақстан біршама төмен­дегеніне қарамастан, адами даму деңгейі өте жоғары елдер тобында қалып, 191 елдің ішінде 56-орынды иеленіп отыр.

Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рей­­тингінде бәсекеге қабілетті биз­нес жа­са­латын ортаны құру және оны қол­даудағы ұлттық экономи­каның қа­білеті бағаланады. Бұл индекс ел­дер­дің бәсекеге қабілетті өңдеу өнеркә­сіп­терінде тауарларды өндіру және экс­порт­тау мүм­кіндігін көрсетеді. Өкініш­ке қа­рай, бұл жердегі біздің позиция­­мыз көңіл көншітпейді. Оның үсті­не көрсеткіштердің де тұрақты төмен­деуі байқалады. 2022 жылы Қазақ­стан 63 ел ішінде 43-орынға тұрақтаса, 2019 жылы 34-орыннан 9-ға түсіп қалған.

Жаһандық инновациялар индексі әлемдік экономиканы инновациялық көрсеткіштеріне қарай бағалайды. Бұл – дүние жүзіндегі елдердің ғылы­ми-техникалық және инновациялық даму деңгейін бағалауға арналған ең үлкен көрсеткіш. 2022 жылы әлемдік рейтингте Қазақстан 132 елдің ішінде 82-ші, Орталық және Оңтүстік Азия аймағы бойынша 3-орынды иеленген Өзбекстаннан кейін, тиісінше 83 және 4-орында тұр.

Адам дамуының индексі бойынша 56-орынға тұрақтап, Беларусь (60-орын) және Өзбекстаннан (101-орын) алда келеміз. Бірақ жаһандық бәсекелестік деңгейі және инновация бойынша бұл екі елден қалып қойдық.

Әрине, бүгінгі таңда қабылданған шаралар қайта қарауды және түбе­гей­лі өзгертуді қажет ететіні анық. Бұл жерде мәселе қаржының жетіс­пеу­шілігіне емес, бәсекеге қабілетті биз­несті дамытуға қолайлы жағдай жасай алмай отырғанымызға келіп тіреледі. Сапалы адами капиталымыз бола тұра біз бизнес және инновациялар саласында тиімді стратегияларды, саясатты әзірлеуде кенже қалып отырмыз.

Келешекте оң нәтижеге қол жет­кізу үшін БҰҰ тұрақты даму мақ­сат­тарын анықтап отыр. Атап айтқан­да, ондағы алға қойылған 9-мақсат Үкі­метті ғылыми зерттеу және тәжіри­белік-конструкторлық жұмыстар шығын­дарын ұлғайтып, зерттеушілер санын арттыру арқылы индустрияландыру мен инновацияларды ілгерілету үшін тұрақты инфрақұрылым құруға шақырады. Қазақстан осы ұсыныстарды назарға алып отыр. Ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыстарға мемлекеттік қолдаудың артып келе жатқаны баршаға аян. Бұл бағытқа жұмсалған шығын 2022 жылы 12 млрд теңгеге артқан. Яғни 109,3 млрд тең­геден 121,6 млрд теңгеге дейін өсті.

Отандық ғылымның жаһандық бә­секеге қабілеттілігін және оның ұлт­тық деңгейде қолданбалы мәсе­ле­­­­лер­­ді шешуге қосқан үлесін арт­тыру үшін ғылыми зерттеу және тәжіри­белік-конструкторлық жұ­мыс­тарға жұмсалатын шығынды бар­лық көзден ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл ғы­­лыми зерттеумен айналысатын субъек­­тілердің барлығы­нан тиімді­лік­ті талап ететін үлкен қадам болмақ.

Біздің елдегі мемлекеттік статис­тика деректері бойынша 2022 жы­лы ғылыми зерттеулермен және тәжіри­белік-конструкторлық жұ­мыс­тармен 414 ұйым айналысқан. Бұл алдыңғы жыл­мен салыстырғанда 24 бірлікке аз. Қызмет секторла­ры бойынша ғы­лы­ми зерттеу және тәжірибелік-конс­трук­торлық жұ­мыс­тармен айналысатын ұйымдар санының өзгеруін қарасты­ратын болсақ, кәсіпкерлік салада едәуір азайғанын аңғаруға болады. 2023 жылы кәсіпкерлік саладағы 23 ұйым бұл нарықтан шығып кеткен. Ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асыратын мемлекеттік ұйымдарда ғана аздаған өсім байқалады.

 

2021 жылға қарағанда 2022 жылғы қызмет секторлары бойынша ұйымдар санының өзгеруі, бірлік

иаи

Бұл көрсеткіш елімізде бизнес­ке, оның ішінде инновациялық және ғылыми зерттеу қызметімен айналысатын кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасалмаған деген тұжырымды растайды.

Ғылыми зерттеу және тәжірибе­лік-конструкторлық жұмыстардың нәтижелеріне деген сұраныс ай­мақ­тар­дағы ғылыми зерттеулерге де­ген қызығушылықпен де ар­тып отыр. Өңір­лер бойынша ғылы­ми зерт­теу және тәжірибелік-конс­труктор­лық жұмыс­тарға бөлінген ішкі шығындар­дың көрсеткіштеріне келсек, 2022 жылы тоғыз облыста ғылыми зерттеулерге жұмсалған шығындар: Ақтөбеде – 7,3 млн теңге, Алматыда – 399,0 теңге, Аты­рауда – 5 944,2 млн теңге, Ба­тыс Қазақстанда – 304,0 млн тең­ге, Жамбылда – 2 307,5 млн теңге­, Қоста­найда – 54,5 млн тең­­г­е, Түркіс­танда – 60,0 млн тең­ге, Шығыс Қазақстанда - 1 140,0 теңге және Шымкентте 5,0 млн теңгеге азайған. Бұл жерде Ал­маты және Шығыс Қазақстан облыс­тарында осы ай­мақтардан ғылы­ми әлеуеті едәуір басым жаңа аймақ­тардың құрылуымен байланысты шығындардың азайғанын ескеру қажет.

Жалпы алғанда, бұл көрсет­кіштер аймақтар бойынша ғылыми зерттеу қызметін жүзеге асыру дайындығының, мамандану және құзыреттілік дең­гейін көрсететін ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс­тар шығын­дарының әркелкі екенін айқындап отыр.

Алматы қаласындағы ұйымдар 2022 жылы ғылыми зерттеу қызме­тін жүзеге асыруға барынша дайын болды. Олардың жалпы көлемдегі шығындарының үлесі 38,5 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға өсті.

Астана қаласында ғылымның жал­пы ғылыми зерттеу және тәжі­рибе­лік-конструкторлық жұмыстар шығын­дарына қосқан үлесі 11,8 пайызға өсіп, елдегі отандық ғылы­ми зерттеу және тәжірибелік-конс­трукторлық жұмыстар шығын­дарының 18,9 пайызын құрады.

Жыл сайын ұлғайып келе жатқан ғылыми зерттеулер көлемі бойын­ша Маңғыстау облысы 3-орында тұр. Осы саладағы ғылыми зерт­теу және тәжірибелік-конструк­торлық жұмыс­тар­дың 96 пайызы ұйымдардың жеке қаражаты есебінен, ал мемлекеттік қаражаттың 4 пайызы бағдарламалық-нысаналы және гранттық қаржыландыру бағ­дар­ламалары мен жобаларын іске асыруға жұмсалғанын атап өткен жөн. Облыстың ғылыми ұйым­дарының мем­ле­кеттік қаржы­ландырудан тәуелсіз болуы ондағы қызметкерлердің айлық жалақысын 687 мың теңгеге дейін көтеруге мүмкіндік берді, бұл – рес­публикалық орташа жалақы деңгейінен үш есе жоғары.

2022 жылы ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс­тарға жұмсалған шығындар бойынша жалпы республикалық көлемнің 7,3 пайызын құраған төртінші аймақ – Солтүстік Қазақ­стан облысы. Бұл өңірде инженерлік әзірлемелер мен технологиялар бойынша тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асыру есебі­нен ғылыми зерттеулерге жұмсала­тын шығындар 22 есе өсті. Бұл өңірлердегі ғылым қалдық қағида­тынан қаржыландырылады деп есептейтін скептиктер үшін жақсы мысал.

Бесінші орында 4,8 пайызбен Шығыс Қазақстан облысы тұр. Дәл осы бес аймақ ғылыми зерт­теу және тәжірибелік-конструктор­лық жұмыс­тар шығындарының шамамен 80 пайызын құрайды. Қалған 15 өңірге шығындардың 20 пайызы тиесілі. Демек, көптеген аймақтың ғылым, өнді­ріс және экономикалық даму жағы­нан бір-бірімен мүлдем байланысы жоқ. Өңір басшылары аймақтарды дамытуда қолда бар ғы­лыми әлеуетті пайдаланбайды және дамытуға тырыспайды деген сөз.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер дамы­ған елдерде экономикалық өсуді анықтай­тын негізгі факторлардың бірі болып саналады. Қазақстан бүгінде соған ұмтылып отыр.

 

Арман ҚАШҚЫНБЕК,

«Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ басқарма төрағасы