Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
«Сен не көрдің?
Мен не көрдім
Не көрдік?
Біз жасаған жоқ батырлық,
жоқ ерлік!
Ауыл.
Мектеп.
Қала.
Қиял.
Содан соң
мақсат қуып,
жақсы ат қуып жөнелдік!...,
– деп келеді де:
«Өйткені біз өрт ішінде өнгенбіз,
Өмір үшін – өлімге де көнгенбіз!
Соғыс көрген әкелерден – жаралып,
Соғыс көрген аналарды – емгенбіз!...»,
деп аяқтайды.
Шынында соғыстан кейін дүние есігін ашқан ұрпақтың балалық шағы қызыққа толы болды дей алмаймыз. Әйтеуір әкелері соғыстан аман келгенге көңілдері тоқ болып жүргенімен, қанды қырғыннан кейін есін енді жия бастаған елдегі жұпыны тіршілікті, жүдеу тұрмысты олар да көрді. Жоқшылықты, тапшылықты көрген бала ширығып өседі. Сондықтан ба, «соғыстан соң туғандардың» арасынан елдің ауыр жүгін көтерген апталдай азаматтар көп шықты. Әдебиетке де олар буырқанған теңіздей бір толқын болып келіп, зор серпіліс, тың жаңалық әкелді. Осы буынның белді өкілдерінің бірі, – айтулы ақын Бақыткерей Ысқақов.
Бақыткерей ағамыз асыл сөз өнеріне өз қатарынан шамалы кешігіп келсе де, бірақ нық сеніммен келіп, арқалы ақындық үнін танытып, өз буынына бірден сіңісіп кетті. Жыл аралатып жарық көрген жыр жинақтарымен бірге ақындық қуаты да артып, оқырманға танылды. Аузы дуалы ақын ағаларының көзіне түсіп, батасын алды. Өмірден өткенше поэзияға адал еңбек етіп, әдебиеттің бір сарбазына айналды.
Ақынның өлеңдерінде анау айтқандай, жаңашыл сипат болмағанымен, оқырманды көңілдің нәзік қылын шертер сыршылдығымен, бір деммен құйылып түскен кестелі тілімен, бастысы, шынайылығымен баурап алады. Өмірге, қоғамға өзінше үн қатып, азаматтық көзқарасын астарлы оймен көркем жеткізді. Ол қандай тақырыпты қозғаса да ақындық шабытпен, жылы леппен жеріне жеткізіп жазды. Мәселен, ақынның туған жер, табиғат, жастық шақ, махаббат, адамгершілік, достық тақырыбына жазған жырларында ешқандай жаттандылық жоқ. Бұл тақырыптарды талай ақын шиырласа да, Б. Ысқақов олар басқан ізге жоламай, тыңнан жол тауып, өз қолтаңбасын қалдырған.
Туған жер демекші, ақынның «Торғай тасып келеді» атты өлеңін оқысаңыз, біз айтып отырған пікірге анық көзіңіз жетеді.
«Торғай тасып келеді,
Толқын атып,
Қара жерді екпіні солқылдатып.
Жұмарланып,
Дөңгелеп,
Күркірейді,
Мұз кеудесін сәулеге жарқылдатып.
Күмбез асып қарайды нұрын төгіп,
Төбесінен талдардың шырын төгіп,
Толқын сеңді жағаға лақтырады
Күтірлетіп,
Сындырып, бәрін сөгіп!
Торғай тасып келеді
Шамырқанып,
Бұйраланып,
дөңбекшіп, буырқанып!
Кемерінен шүпілдеп атып шықты
Тоқпақ жалды толқындар суын алып.
Кәрі Торғай күш жинап намыстанды,
Белден қысып үйіріп қамыс, талды.
Тал қабығын сыдырып жалаңаштап
Омыраулап төсімен жаныштады.
Берекелі байлығын үлестіріп,
Алпыс екі саласын ілестіріп.
Торғай тасып келеді,
Ұлытаудан
Халқына қоңыраулы үні естіліп.
Толқыған толқындарды алдан бұрып,
Нәр алды,
Бар тіршілік шөл қандырып.
Торғай тасып барады,
Торғай тасып,
Тамам елді,
Қаратып,
Таңқалдырып!..»
Белгілі ғалым Қанипаш Мәдібаева ақын туралы жазған бір мақаласында: «Асыл тас кенішінің қазба байлығының басым бөлігін құрайтын, бағасы бәрбір құнды майда тастар екен. Кеніштің құйылған құмы мен сірескен қара тасының арасынан ара-тұра көз қуантып, жарқ-жұрқ етіп ақтарылып түсетін жақұт тастарындай өмірдің өлеңге түскен таза суретімен жүрек баурап әкететін сәтті оралымдар ақын
Б.Ысқақ поэзиясының өзіндік бір ерекшелігі, дара сипаты» деп жазыпты. Ғалымның бұл пікірі ақынның шығармашылық қуатын тап басқан.
Бүгінде Бақыткерей Ысқақовтың есімі көп айтылмайды. Алайда халқымыз «алмас қылыш қын түбінде жатпайды» дейді ғой, сол секілді нағыз ақынның да аты ешқашан ұмытылмайды. Сыршыл ақынның таңғы шықтай мөлдіреген өлеңдері поэзияны сүйіп оқитын оқырмандарының жүрегінен өшпейді деп сенеміз.