Сала мамандары «өңірдегі білім беру мекемелерінің 82,9 пайызы ауылда орналасқандықтан білім деңгейі төмен болып отыр» деген уәж айтады. Жалпы, өңірде 339 білім беру мекемесі бар. Оның 281-і елді мекендерде орналасқан, тіпті арасында 150 шағын жинақты мектеп те бар. Облыс бойынша білім сапасы 64,6 пайызды құрайды. Ал қала мектептеріндегі білім көрсеткіші – 65,2, ауылда – 63,7 пайыз, айырмашылық бар болғаны 1,5 пайыз. Оның үстіне қалада бар-жоғы 58 білім шаңырағы бар.
Осыған қарап-ақ, қайта ауылдың оқушылары ақылдырақ па деген ойға келесіз. Демек айтылған уәж орынсыз екенін аңдауға болады. Былтырғы оқу жылында ҰБТ тапсырған 242 «Алтын белгі» иегерінің 81-і небәрі 63-100 балл аралығында жинап, өз білімін дәлелдей алмаған. Одан бөлек облыста 26 колледж жұмыс істейді. Оның 21-і – мемлекеттік, 5-еуі – жекеменшік. Аталған оқу орындарында 15 мыңға жуық студент оқиды. Бірақ сол оқу орнын тәмамдап, диплом алып шыққан мамандардың біліктілігі көңіл көншітпейді. Техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы мамандарды даярлау сапасының төмендігі мен заманауи өндірістік талаптардың сәйкес келмеуі жиі айтылады. Оған қоса, сол ұйымдардың материалдық-техникалық базасының әлсіздігін ескерген жөн.
Ал енді кадр мәселесіне келетін болсақ, өңірде педагог қызметкерлердің саны – 15 691. Жоғары санатты ұстаздар саны – 537, бірінші санатты мұғалім – 906, педагог-сарапшы – 3 327, педагог-зерттеуші – 2 309, шебер ұстаз – 63. Педагогтердің жалпы санындағы жоғары, бірінші санатты және педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, шебер-педагог санаттары бар мамандардың үлесі – 45,5 пайыз. Бұл да ойланатын мәселе. Оқу жылының басында 157 педагог қажетілігі айтылған. Әсіресе шалғай аудан-ауылдарда маман тапшылығы үдеп тұр. Математика, орыс тілі, ағылшын, химия, физика секілді қиын пәндерден сапалы білім беретін кадрдың жоқтығы бұрындары да жазылған еді. Осы түйткілді шешу үшін 2017 жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға 552 грант бөлінген. Бірақ мәселе әлі де сиырқұйымышақтанып келеді. Оған себеп, жас мамандардың алыс ауылға баруға ниеті жоқ. Оның үстіне қажетті мамандар сол ауылдың өзінен таңдалмайды.
Енді интернет мәселесіне үңілсек. Жетісуда интернет жылдамдығы 4 Мбит/сек-тен 8 Мбит/сек-ке дейін тартатын білім ошақтары бар. Осы сәтте менің телефонымдағы «Теле2» операторында интернет жылдамдығы 20,7 Мбит/сек-ті көрсетіп тұр. Оның өзі Kundelik.kz-ке сәл бөгеліп кіреді. Демек Жетісу өңіріндегі шалғай ауылдардың жайы тіпті қиын. Бізге хабарласқан мұғалімдер мектептегі Wi-Fi роутерге «Wi-Fi сигналын күшейтуші жабдық» жалғап, тіпті ұялы телефонмен бір-біріне таратып жан бағатынын жеткізді.
– Алакөл ауданына қарасты Қоңыр орта мектебінде интернет желісі әлсіз. Біз мектепте «Репитор» сигнал күшейтуші жабдығын орнаттық. Интернет смартфондар арқылы таратылады. Ауылда интернет антеннасы орнатылған, бірақ жақын маңайда орналасқан үйлерде интернет желісі жақсы, ал алыстап кетсе Н, Н+ ұстап тұрады. Мұғалімдердің жұмысы интернет арқылы істелетіндіктен, оларға өте қиын, – дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Арсен Омаров.
Осы ретте біз біраз мектепке хабарласқан едік. Көп мұғалім жұмысымызға кедергі келеді деп ат-тонын ала қашты. Онысы түсінікті, ашып айтса, білім басқармасы мектеп директорының «құлағын бұрауы» мүмкін.
Облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов жаңа оқу жылы басталмай тұрып өз баяндамасында былай деген еді: «Ауылдық жерлердегі мектеп ғимараттарының материалдық инфрақұрылымы қалалық білім алушылармен салыстырғанда ауылдағы білім алушылардың мүмкіндіктерін айтарлықтай шектейді. Барлық мектеп интернет желісіне 100 пайыз қосылған. 221 мектеп (65 пайыз) 50 Мбит/сек-тен 100 Мбит/сек-ке дейінгі жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. 10 Мбит/сек-тен 40 Мбит/сек-ке дейінгі жылдамдақты интернет 91 мектепте (27 пайыз) қолжетімді және 4 Мбит/сек-тен 8 Мбит/сек-ке дейінгі жылдамдық 27 мектепте (8 пайыз) ұстап тұр. 27 ауылдық мектепте (9 435 оқушы) интернет желісінің жылдамдығы 8 МБит/сек-ке тең. Кең жолақты интернеттің болмауы ауыл мектептеріндегі білім алушылардың цифрлық білім беру ресурстарына қолжетімділігін шектейді», деген еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық педагогтер съезінде «Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. Алты айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін», деген еді. Интернетсіз мектептер тізімінде Жетісу өңірінде жиырмадан астам білім мекемесі бар. Бұл жерде айтылған есептердің көбі тексеруді қажет етеді. Себебі мұндай аз жылдамдықпен интернетке кіріп отырған мектептердің саны одан да көп болуы мүмкін. Себебі Жетісуда аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдар өте көп. Былтыр Көкжар ауылының мұғалімдері көрші ауылға барып интернет торитынын айтқан еді. Ал мектебі баяғы тоқал тамдар секілді.
Білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, мектептегі желіні қамту аймағын жақсарту үшін бүкіл ғимаратта жергілікті желіні жүргізу керек. Оптикалық талшық немесе радиореле технологиясы бойынша интернет желісіне қосу қажет. Алдын ала есептеулер бойынша жергілікті желіні жүргізу құны 278 млн теңгені құрайды. Бұл облыс үшін көп ақша емес. Тек нақты жұмыстардың жүргізілмегенін білдіреді.
Енді білім саласындағы жемқорлық мәселесіне үңілейікші. Кейінгі жылдары өңірлік білім мекемелерінде ақша жымқыру, пара алу, оқушылардың өз-өзіне қол жұмсау фактісі, мұғалімдерді балағаттау секілді оғаш оқиғалар жиі кездеседі. Бұл осы салада рухани жұмыстардың кемшін жүруінің салдарынан болуы мүмкін. Қазір осы бағытта облыста жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Дегенмен жағымсыз жайттар азаяр емес.
Күдікті тұлғалар 2020 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде білім беру саласында шын мәнінде, жұмыс істемейтін тұлғаларға жалақы төлеу және мектеп қызметкерлерінің жалақысын көтеру арқылы 4,6 млрд теңге жымқырған. Қылмыстық іс бойынша 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 9-ы соттың санкциясымен қамауда отыр. Бұған қоса жауапқа тартылған адамдардың 21-і – Талдықорған қаласы білім бөлімінің, ал 14-і – орта мектептің бухгалтерлері.
Бүгінде Жетісу облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі өңір прокуратурасымен бірге Талдықорған қалалық білім бөлімінің бухгалтерлеріне қатысты бюджет қаражатын жүйелі негізде аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр. Залалды өтеу мақсатында соттың санкциясымен 31 жылжымайтын мүлік нысаны, 14 автомашина, зергерлік бұйымдар мен ақшалай қаражат тәркіленген. Сондай-ақ күдікті тұлғалар 3 млрд теңгеден астам соманы өтеп бермек.
«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу аяқталуға жақын. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі», дейді іске жауапты мамандар.
Тағы бір айта кетерлік жайт, мектепте оқушыларды тегін тамақтандыру мәселесі. Жетісуда 60-тан астам мектепте асхана жоқ, 45 мектепте тамақ сырттан тасымалданады. 17 мектепте шағын буфет қана орналасқан. Асханаға жауапты жеке кәсіпкерлер балаларға бөлінген қаржының аздығын айтып жүр. Оқушылар жақсы тамақтану үшін мемлекет әр балаға бөлінген қаржыны нарыққа сай есептеуі шарт.
Жалпы, Жетісуда мектептердің дені заман талабына сай емес, тіпті қаусап тұр десе де болады. Мәселен, Панфилов ауданындағы 45 мектептің 15-іне күрделі жөндеу қажет. Арасында жарты ғасырлық білім шаңырақтары да бар. Аудан әкімі Марат Сағымбектің айтуынша, шекаралық ауылдардағы мектептердің жағдайы нашар. Тіпті Сұптай ауылында балалар бұрынғы балабақшаның ғимаратында оқиды. Мұнда тамақтанатын асхана мен спорт залын қоспағанда, қосымша сабақ беретін сыныптар да жоқ.
– Садыр ауылындағы жағдай да мәз емес. Ауданға әкім болып келгеніме бір жыл төрт ай болды. Осы аралықта үш мектепті пайдалануға бердік. Бұл – мақтануға тұратын көрсеткіш. Біреуі шекаралас аймақта орналасқан Басқыншы ауылындағы мектеп, екіншісі Қоңырөлең ауылдық округіне қатысты Бөрібай би ауылындағы мектеп. Сол ауылдағы білім ордасы Әлихан Бөкейханның атында. 1936 жылы салынған. Бір жылдың ішінде мектеп тұрғызылып, пайдалануға берілді. Үшіншісі – белгілі суретші Әбілхан Қастеев атамыздың кіндік қаны тамған Шежін ауылында салынды. Бұған дейінгісі өткен ғасырдың 50-жылдары пайдалануға берілген. Жағдайы мүлдем нашар болатын. Түгел сүріп тастап, жаңадан салдық, – дейді М.Сағымбек.
Мысалы, Алмалы ауылдық округі Алтыүй ауылындағы Әбілхан Қастеев атындағы мектеп 1971 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал Жамбыл атындағы мектептің сыйымдылығы мың балаға арналған, бірақ онда 2 мың оқушы оқиды. Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің де жағдайы мәз емес. Осындай жағдай Кербұлақ, Ескелді, Ақсу, Сарқан өңірлерінде де кездеседі.
Жетісуда білім саласына үлкен реформа керек екенін көрсетеді. Әрі үнемі қадағалауды талап етеді. Біз алдағы уақытта бұл тақырыпқа тағы да айналып соғамыз.
Жетісу облысы