Мәселе • 02 Қараша, 2023

Эмиграция тұжырымдамамен тоқтай ма?

218 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Ашық НҚА» порталында Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжы­рым­дамасының жаңа жобасы жарияланды. Тал­қылауы 6 қарашаға дейін жал­ғасатын құжаттың ав­торы – Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Эмиграция тұжырымдамамен тоқтай ма?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Экономикадағы әртарап­тан­дыру және құрылымдық өз­ге­рістер (өмірдің жоғары дең­­гейі, табысты әділ бөлу, «күр­делі экономикаға» көшу) ая­сында «сапалы жұмыс орындары» жаңа тұжырымдамасын – жұ­мысшыларды лайықты жұ­мыспен қамтамасыз ететін жұмыс орындарын енгізу ұсы­ны­лады. Тұжырымдама жобасы авторларының айтуынша, эко­но­микадағы еңбек өнім­ді­лі­гін арттыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін 1,5 миллион жаңа сапалы жұмыс орнын ашу қажет.

«Еңбек нарығының жаңа идео­логиясының басты жаңа­лы­ғы ел азаматтарын сапалы жұмыс орындарымен қам­та­масыз ету болуы керек. Осы мақсатқа жету үшін сапалы жұмыс орындарына сұра­ныс­ты жүйелі түрде ынталанды­ру шаралары іске асырылады. Олар: адами капиталды және еңбек нарығының инфра­құ­рылымын дамыту. Қа­зақ­станның еңбек нарығын да­мыту тұжырымдамасы – 2028 жылға дейінгі кезеңге ар­налған еңбек нарығын дамы­ту­дың негізгі бағыттарын, іс-ша­ра­ла­рын, көр­сеткіштерін және жауапты орын­даушыларын айқын­дай­тын стратегиялық құжат», де­лінген хабарламада.

Еңбек нарығындағы ахуал сыртқы бәсекелестікке ұшыра­ға­нын бәріміз көріп отырмыз. Мұның салдары білікті маман­дар­дың эмиграциясына жол ашты. Олардың 60 пайызының тех­никалық-кәсіптік білімі бар. «Boston Consulting Group» ком­па­ниясының 2020 жылғы тал­дауына сәйкес, отандас­та­ры­мыздың 64 пайызы шетелге көшу мүмкіндігін қарастырып жүр.

Тұжырымдама жобасы авторлары еңбек нарығындағы де­мографиялық өзгерістер мен ур­банизацияға назар аударып отыр. 2050 жылға қарай Қазақ­стан мегаполистерінің хал­қы 2,2 есеге өседі. Кейінгі 10 жыл­да урбанизацияның орташа жыл­дық өсімі 5 пайызды құрады. Соны­мен қатар мега­по­­листердің инфра­құ­ры­лымдық дамуы жаңа сапалы жұмыс орын­­дарын құру үдерісімен син­хрон­далмаған.

«Еңбек нарығындағы жоға­ры демографиялық қысым, әсіресе жастар арасын­дағы жұмыс­сыз­дықтың өсуіне әкеледі. Урба­ни­зация үдерісі жалғасады және ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне жа­қын­дайды. Білікті кадрлардың шетелге кетуі бизнестің бәсекеге қабілеттілігіне және кәсіби кадр­лар тапшылығына әсер етеді», делінген құжатта.

2000 жылдардағы демогра­фия­лық өсімнің нәтижесінде қазір ішкі нарық жыл сайын 300 мың маманмен толығып жатыр. 2029 жылға қарай эко­но­микалық белсенді топтың қа­тары шамамен 9,6 млн адам бо­лады деген болжам бар. Жұ­мыс күшінің үштен бірінен астамы Оңтүстік макроөңірде (Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қы­зылорда, Түркістан облыс­тары және Шымкент қаласы) шо­ғырланады. Солтүстік және Орталық-Шығыс өңірінің үлесі 2029 жылға қарай 34 пайыздан 27 пайызға дейін төмендеп кетеді деген қауіп бар. Демек, еңбек нарығында жұмыс күшін бөлудегі өңірлік теңгерімсіздік жұмыс күші мол оңтүстік өңір­лердегі халық санының басым болуымен және жұмыс күші тап­шы елдің солтүстік, шығыс және орталық өңірлеріндегі қыс­қа­руымен артады.

Тұжырымдама авторлары,  Қазақстанның ІЖӨ-нің 40 па­йызы квазимемлекеттік сектор құрайтынына, ал мем­ле­кет­тің қатысуымен 25 мыңнан аса кәсіпорын жұмыс істей­ті­ні­не назар аударып отыр.

Бұған дейін Экономика ми­нистрлігі Мемлекеттік актив­терді басқару саясаты депар­та­ментінің директоры Жадыра Темірбаева кейінгі үш жылда ква­зимемлекеттік сектордың әкім­шілік аппаратының 25 па­йызға дейін қысқартылғанын айтқан болатын. Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінің хабарлауынша, мем­­лекеттің экономикадағы үле­сі ҚХР-ға қарағанда жоғары және ЭЫДҰ-ның кез келген елі­не қарағанда жоғары. Кейінгі 11 жыл ішінде ІЖӨ доллармен есеп­тегенде іс жүзінде өзге­ріс­сіз. Бұл көрсеткіш 2022 жылы – 11,22 мың, 2011 жылы 11,63 мың доллар болатын.

Министрлік жеке сектордың экономикадағы үлесі туралы да айтып өтіпті. Кейінгі бес жылда жеке сектордағы кәсіпорындарда жұ­мыс істейтіндердің саны 6 па­йызға ғана өскен. Жұмыс орын­­дарының үштен бірінен ас­тамы мемлекеттік кәсіп­орын­­­дарда. Басым бөлігі білім және ден­саулық сақтау сала­ла­­рын­дағы шағын бюджеттік кәсіп­орындарда жұмыс істейді. Салыстырсақ, Канадада жеке сектор 2019 жылы жаңа жұмыс орындарының 90 пайызын, ал АҚШ-та 2020 жылы 84 пайызын құраған.

Тұжырымдама бәсекеге қа­бі­лет­ті, болжамды және бейім­­делген еңбек нарығын құруды, сондай-ақ оның өнер­кәсіптік кәсіпорындарды автоматтандыру және цифрландыру жөніндегі шараларды қолдаумен, шағын және орта бизнеске әділ қолдау көрсету және еңбек заңнамасын қай­та қараумен қатар сапалы жұмыспен қамтуға бағыттауды ұсынады. Министрлік өкілдері бұл құжат ішкі нарықтағы жұ­мыспен қамту қабілетінің жақ­са­руына септігін тигізеді деп үміт­теніп отыр. Өңірлік даму­да­ғы диспропорцияны тудыратын ішкі көші-қон күшейгені осыған дейін талай рет айтыл­ған. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметі бо­йынша, экономикалық бел­сенді топ, оның ішінде жас­тар сегментінің іскерлік бел­сен­ділігі төмендеуіне назар ауда­рудың қажеттігін ескерткен. Орталықтың ортамерзімді бол­жамы бойынша 15-30 жас аралығындағы жұмыс күшінің саны 2020 жылмен салыс­тыр­ған­да 2025 жылға қарай 324 мың адамға немесе 14 па­йызға дейін азаяды. Елден кеткендердің арасында 30-34 жас санатындағы азаматтардың үлесі басым.

Сая­сат­танушы Досым Сәт­паевтың айтуынша, ішкі на­рыққа аты да, заты да ұмы­ты­лып кететін құжаттар емес, жас­тардың әлеуметтік-эконо­ми­калық жағдайын жақсартуға назар аудару керек. Еңбек ресурстары, өңірлік дамудағы диспропорция және жастардың жұ­мыссыздығы мәселелерін шешу үшін үкімет аймақтарда эко­номикалық өсуді ынталан­ды­ру және жаңа жұмыс орындарын құру саясатын жүргізудің тетіктерін қайта қарау қажет. Себебі эмиграцияның беталысы экономиканың әл-ауқа­ты­ның деңгейіне тәуелді. ІЖӨ өсім берген кезде көші-қон саль­до­сы­ның қабағы оң болатынын, ал дағдарыс байқала салысымен көші-қон сальдосы теріс ай­маққа көшіп кететіні осыған дейін талай рет байқалған. Дағ­да­рыстың ұзақ жылға созылуы эмиграцияның беталысына жанама түрде әсер етіп отырады.

Саясаттанушының пайымда­уын­ша, еліміздің оңтүстік өңір­­лерінің инфрақұрылымы миг­ра­ция­лық толқынға төтеп бере алмайды. Бұл жастардың жұ­мыс­пен қамту мәселесін қиындатып отыр. Сарапшы ЖОО түлекте­рінің жартысынан көбі өз маман­ды­ғы бойынша жұмыс істеу былай тұрсын, жұмысқа орналасу мүмкіндігінен де шектеліп отыр­ғанын айтып өтті. Себебі еңбек нарығына мониторинг жасалмайды.

Білім эмиграциясы да біз үшін күрделі мәселе. Түрлі де­рек­көзде шетел универ­си­­тет­терінде 70-тен 85 мыңға дейін қазақстандық студент оқи­ты­ны айтылады. Бұл сан жыл сайын артып келеді. ЖОО-дан кейін елге оралу мәселесі ашық күйінде қалып отыр.

«AIESEC» жастар ұйымының мәліметі бойынша, 2018-2020 жылы түлектердің 42 пайызы студенттік виза мәртебесін жұ­мыс визасы мәртебесіне ауыстырған. Фокус-топтық зерттеулерге сәйкес, шетелге оқуға барғысы келетіндердің арасында жастар да, олардың ата-аналары да мүмкіндік болса сонда қалып, жұмыс табуға басымдық беретін көрінеді. Қазақстандық «BRIF Research Group» зерттеу ұйымы жүргізген сауалдамаға сәйкес 15 пен 29 жас аралығындағы отандастарымыздың шамамен 42 пайызы шетелге оқуға немесе тұрақты тұруға баруды жоспарлап отыр.

Ал келесі сарапшы Тоғжан Қожалиева еңбек нарығын бір тұ­жырымдама немесе бағдар­ла­ма­мен түзету кеңестік жүйенің сарқыншағы екенін айтады. Басқаша айтқанда, мұндай құ­жаттар осындай жұмыс атқа­рылады деген көл-көсір уәденің леп белгісі. Заң түзу, бәсеке әділ болса, нарықтың да, эконо­ми­ка­ның да тынысы ашылады. Мысал ретінде сарапшы Нобель сыйлығының лауреаттары саны бойынша АҚШ-тың көш бастап тұрғанына назар аударды. 1908-2023 жылдар аралығындағы ке­зең­де 911 Нобель сыйлығының шамамен 370-і АҚШ азаматына беріліпті. Бұл жекеле­ген азаматтарға берілген сый­­лық. Франкфурттегі Гете уни­­­вер­си­тетінің Теориялық фи­зика инс­титутының неміс физигі Клав­­диус Грос 1960 жыл­­дардан бастап амери­ка­лықтардың ғы­лымда үс­тем­дік­ке көшкенін, бұған эмиг­рант­тардың көптеп келуі әсер еткенін айтқан. Барлық салада, оның ішінде Нобель сый­лы­ғы сегментінде моно­по­лия­­лық үстемдік мемле­кеттік стра­тегия мен идеологияның нә­­ти­­жесі, АҚШ элитасы өз күш­терінің әлемдік үстемдігі әлемдік ғылыми-техникалық үде­рістің көшбасшысы болуы­мен айқындалады. Т.Қожа­лие­­­ваның айтуынша, дамыған ел­­­дердің миграциялық нүкте­сінің тартымдылық сипаты заң әділдігімен, бәсекеге басымдық беруімен ерекшеленеді. Ал біз­дің елде экономика монополия мен олигархтардың қыспа­ғы­нан құтылмайынша ішкі на­рық­тың тынысы ашылмайды.

«Миграция әлемдік деңгейде жүріп жатыр. Дамушы емес, да­мыған елдердегі адам капи­талы экономикалық елдерге қарап көш түзеп жатыр. Еу­ро­палық тұрғындардың қар­таю үдерісі байқала бастады. Қазір экономикалық емес, демо­гра­фиялық дағдарыс бас­талды. Кейбір болжамдар бо­йынша, 2025 жылға қарай әлем тұрғындарының 47 пайызы зейнеткер болуы мүмкін екенін айтады. Еуропалық мемлекеттер зейнеткерлер үшін жақсы өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алмайды. Сол себепті олар бұл мәселені шешу үшін Азия, Орталық Азияға назар аударып жатыр», дейді сарапшы.

Сондай-ақ ол: «Миграциялық көшті тоқтатудың қатып қалған әдісі жоқ. Әркім өз мүмкін­ді­гіне иек артып отыр. Біраз елдер, оның ішінде ЕО елдері миг­рациялық тартылыс нүкте­сіне айналып отырған жастарды қолдау орталықтарын ашып, қаржылай көмек беруді қолға алды», дейді.

«Бізге де сондай тетікті қол­да­натын кез келді. Бұл олар­дың тарихи отанынан қол үзіп қалмауына себеп болады. Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақ­стан­да ІТ хаб туралы орынды ұсыныс айтты. Біз жастар эмиграциясын заң әділдігі және еңбек на­ры­ғын­да­ғы әділ бәсекелестік ар­қылы тоқтата аламыз. Дәл қа­зір ішкі нарықты осы екі фак­тор­дың көмегімен са­уық­­тыруға болады», дейді Т.Қожалиева.

 

Алматы