Қоғам • 02 Қараша, 2023

Әкем сияқты теміржолшы болғым келген – Роза Рымбаева

392 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның халық әртісі, әнші Роза Рымбаева бала кезде жолсерік болуды армандағанын айтты. Жуырда «Хабар» телеарнасындағы «Алғашқы» хабары әншінің арманын бір сәтке болса да орындады, деп жазады Egemen.kz «Қазақстан теміржолшысы» сайтына сілтеме жасап. 

Әкем сияқты теміржолшы болғым келген – Роза Рымбаева

Бұл бағдарламада кейіпкермен тек сұхбат құрылып қана қоймай, келген қонақтың армандаған дүниесіне қол жеткізіп, бір сәт сезінуіне мүмкіндік беріледі.

Түсірілім барысында Роза Қуанышқызы Алматы-2 және Алматы-1 станциялары аралығында жолсерік рөлін атқарды. Бұл аз ғана сапар кезінде жолсерік рөліндегі сүйікті әншілерін көрген жолаушылардың қуанышында да шек болмаған. Өзі де теміржолшының қызы болған әншінің бұл мамандықты армандауы тегіннен тегін болмаса керек.  

Айта кетейік, Роза Рымбаева бұрынғы Семей облысы Жарма ауданы Жаңғызтөбе станциясында теміржолшы отбасында дүниеге келген. Күні-түні жолаушылар және жүк пойыздары ерсілі-қарсылы өтетін станцияда тоқтаған вагондарды, аялдаған жолсеріктерді көріп, форма киген теміржол қызметкерлеріне қызығуы заңды да. Оның үстіне үнемі жұмыста болатын әкесін үйге келгенде қуана қарсы алып, темірдей тәртіпке негізделген қызметінің ауырлығы да, жауапкершілігі де зор екенін сезініп өседі. Дегенмен теміржолшы Қуаныш Рымбаевтың 8 баласының көбі өнерге жақын болып, соның ішінде Роза қазақ ән өнерінде жұлдыз болып жарқырады.  

Бағдарламаның сәтті шығуы үшін телеарна ұжымы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-дан пойыздағы түсірілімді ұйымдастыруға көмек сұраған. Осылайша Алматы-Шамалған немесе Алматы-Қапшағай бағытындағы жолаушылар пойызына рұқсат алған түсірілім тобына ҚТЖ, яғни «Жолаушылар тасымалы» АҚ тарапынан әншінің дене өлшеміне сәйкес жолсерік киімі ұсынылған. Сонымен қатар теміржолшылар әншіге жолсеріктің жұмысын түсіндіретін нұсқаулық берген. Осылайша бала күнгі арманы теміржолшылардың қолдауымен бір сәтке орындалып қуанышқа бөленген әнші   болат жолдағы барлық қызметкерлерге алғысын білдірді.